Ақпараттық кеңістікте азаматтарды адастыруы мүмкін жалған мәліметтер таралуын жалғастыруда. 2026 жылғы 11-20 маусым аралығында мемлекеттік органдар бірқатар резонансты фейктерді ресми түрде жоққа шығарды.
❌ Курьер болып қосымша жұмыс істейтін аналарды әлеуметтік төлемдерден айыру туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер заңнамаға сәйкес төленеді және жұмысқа орналасқан жағдайда автоматты түрде тоқтатылмайды.
❌ Сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштерінде 1940-жылдардағы ескі қару-жарақ қолданылып жатыр деген ақпарат та расталмады. Әскер қатарында заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың озық үлгілері пайдаланылады.
❌ Азаматтарды сексуалдық бағдары немесе діни көзқарасына байланысты мерзімді әскери қызметтен босату туралы мәлімет те жалған. Қазақстан заңнамасында мұндай негіздер қарастырылмаған.
❌ 1 шілдеден бастап жеке тұрғын үйлердің маңына автокөлік қоюға тыйым салынады деген ақпарат та шындыққа жанаспайды. Жаңа талаптар тек ортақ пайдаланылатын аумақтарда жарамсыз немесе бөлшектенген көліктерді заңсыз сақтауға қатысты.
‼️ Сонымен қатар құқық қорғау органдары алаяқтық фактілерінің көбейгенін ескертеді. Алаяқтар шетелдік оқу орындарына түсіруге көмектесуді, виза рәсімдеуді, жұмысқа орналастыруды немесе туристік сапар ұйымдастыруды ұсынып, азаматтарды алдап жатады. Көп жағдайда мұндай ұсыныстардың артында алаяқтық әрекеттер тұрады.
Ақша аудармас бұрын ұйымның ресми тіркелуін, лицензиясының болуын міндетті түрде тексеріп, ақпаратты тек ресми сайттар мен байланыс арналары арқылы нақтылаңыз. «Жүз пайыздық нәтиже», шұғыл төлем талап ету немесе бейресми келісімдерге сілтеме жасау – алаяқтықтың негізгі белгілері.
📌 Есіңізде болсын: сенімді ақпаратты тек ресми дереккөздерден алып, күмән туған жағдайда құзыретті мемлекеттік органдарға жүгініңіз.
