Биыл Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні еліміздің барлық өңірінде кең көлемде аталып өтуде. Саланың ардагерлері мен танымал журналистерге ерекше құрмет көрсетіліп, олардың көпшілігі жоғары мемлекеттік наградалармен, беделді сыйлықтармен және гранттармен марапатталды.

Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, бірқатар отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан пәтер кілттері табысталды.

Мерекеге орай Ақордада өткен салтанатты кездесуде Президент:

«Ақпарат саласында аянбай еңбек етіп жүрген өңірлік тілшілердің еңбегі де лайықты бағалануға тиіс деп есептеймін. Сондықтан менің тапсырмам бойынша биыл алғаш рет облыстарда қызмет ететін журналистерге де пәтер кілттері табысталатын болады», – деп атап өтті.

Осы бастамаға сәйкес, биыл «Dara» Президенттік бастамалар қоры арқылы БАҚ қызметкерлеріне 66 пәтер берілді. Оның ішінде 15 пәтер – Астана қаласында, 15 пәтер – Алматы қаласында, ал қалған 18 өңірдің әрқайсысына екі пәтерден бөлінді.

Пәтерлер тек республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне ғана емес, сондай-ақ жергілікті басылымдардың, телеарналардың және ақпараттық порталдардың қызметкерлеріне де табысталды. Олардың қатарында еліміздің ең шалғай өңірлерінде еңбек етіп жүрген журналистер де бар. Атап айтқанда, Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Түркістан облысының Созақ ауданындағы журналистер де қоныс тойын атап өтуде.

Бұл игі бастама өңірлердегі ақпарат саласы мамандарының тұрақтап еңбек етуіне ықпал етіп, уақыт талабына сай жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының одан әрі дамуына серпін беретіні сөзсіз.