Жаңа Конституцияның жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдануы – азаматтардың ел болашағына бейжай қарамай, мемлекеттің даму бағытын айқындауға белсенді қатысқанын көрсетеді. Бұл қоғамдағы құқықтық мәдениеттің және азаматтық жауапкершіліктің артып келе жатқанының айқын көрінісі.

Білім беру саласы үшін жаңа Конституцияда айқындалған қағидаттардың маңызы зор. Өйткені құқықтық мемлекет құру ең алдымен заңды құрметтейтін, сыни ойлайтын, қоғамдық жауапкершілігі жоғары жастарды тәрбиелеуден басталады. Сондықтан білім беру ұйымдарының негізгі міндеттерінің бірі – жас ұрпақтың бойында патриотизмді, құқықтық сауаттылықты және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру.

Президент атап өткендей, халықтың таңдауы Қазақстанның алдағы ондаған жылдарға арналған даму бағдарының негізін қалады. Бұл – тұрақты даму, қоғамдық келісім, заң үстемдігі және ұлттық бірлік қағидаттарына сүйенген маңызды тарихи шешім. Ендігі міндет – осы конституциялық құндылықтарды күнделікті өмірде тиімді жүзеге асырып, білімді, бәсекеге қабілетті және жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің дамуына үлес қосу.
Ә.Жантаева – Зеренді ауданы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы