Әкімшілік әділет: азамат пен мемлекеттің арасындағы сенімді нығайтатын жүйе
Мемлекеттік органның шешімімен келіспеген жағдайда азамат қайда жүгінеді? Өз құқығын қалай қорғай алады? Осы сұрақтарға жауап беретін маңызды жүйенің бірі – әкімшілік әділет. Қазақстанда бұл бағыттағы жаңа кезең 2021 жылы басталып, мамандандырылған әкімшілік соттар өз жұмысын қолға алды. Әкімшілік әділеттің бес жылдығы, жетістіктері мен даму перспективалары туралы брифинг барысында Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Бауыржан Әлжанов мәлімдеді.
Әкімшілік әділет жүйесінің басты мақсаты – азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды әділ шешу, тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Бұл бағыттағы өзгерістер мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және халықтың сот жүйесіне деген сенімін күшейтуге бағытталған.
Әкімшілік соттардың ерекшелігі – азамат пен мемлекеттік орган арасындағы дауда заң талаптарының сақталуына басымдық берілуінде. Егер мемлекеттік органның шешімі азаматтың құқығына әсер етсе, ол өз ұстанымын сот арқылы қорғауға мүмкіндік алады.
«Әкімшілік әділеттің негізгі мақсаты – азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынаста әділ тепе-теңдік қалыптастыру. Бұл жүйе тұрғындардың құқықтарын қорғап қана қоймай, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді», – деді Бауыржан Әлжанов.
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жұмыс істей бастағаннан бері мыңдаған талап арыз қаралған. Олардың арасында сот орындаушыларының әрекеттеріне қатысты мәселелер, жер даулары, тұрғын үй, салық және мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар жиі кездеседі.
Сот тәжірибесі көрсеткендей, азаматтардың бірқатар талаптары қанағаттандырылып, бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік берілген. Сонымен қатар кейбір жағдайларда мемлекеттік органдар сот шешімі шықпай тұрып-ақ заң талаптарына қайшы әрекеттерін түзетіп, мәселелерді шешкен.
Әкімшілік соттардың тағы бір маңызды бағыты – дауларды келісім арқылы реттеу. Татуластыру рәсімдері тараптарға ортақ шешім табуға көмектесіп, азамат пен мемлекеттік орган арасындағы түсіністікті арттырады.
Бұл жүйенің тиімділігі тек сот шешімдерімен ғана емес, мемлекеттік органдардың жұмыс сапасын жақсартуға ықпалымен де көрінеді. Сот барысында заң бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданып, жауапты органдарға кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар беріледі.
«Әкімшілік әділет – тек дауды шешу механизмі емес. Бұл мемлекеттік басқару мәдениетін жетілдіретін құрал. Азаматтардың өтініштеріне ашық әрі заңға сай жауап беру – мемлекеттік органдар жұмысының маңызды көрсеткіші», – деп атап өтті сот төрағасы.
Алдағы уақытта әкімшілік әділет жүйесін одан әрі дамыту, сот тәжірибесін жетілдіру және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Сонымен бірге мемлекеттік органдардың құқықтық сауаттылығын арттыру, шешім қабылдау кезінде азаматтардың мүддесін ескеру мәселелеріне басымдық берілмек.
Бүгінде әкімшілік соттар азамат пен мемлекет арасындағы байланысты нығайтатын маңызды институтқа айналды. Оның басты нәтижесі – заң үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру және әділетті қоғам қалыптастыруға үлес қосу.

