Page 16 of 309

Republic Day және Bereke Fest акциялары аясында қанша үнемдеуге болады?

Republic Day және Bereke Fest акциялары аясында қанша үнемдеуге болады?

Қазақстанда Республика күніне орай ұйымдастырылған Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары жалғасуда. Еліміздің барлық өңіріндегі сауда орталықтары, сауда үйлері мен сауда желілерінде азық-түлік, киім-кешек, аяқкиім, тұрмыстық химия, техника және басқа да тауарларға арнайы баға ұсынылуда. Жекелеген тауарларға жеңілдіктер 50%-ға дейін жетеді.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі акция аясындағы бағаларға талдау жасап, тұтынушылардың түрлі санаттағы тауарларды сатып алу кезінде қанша қаражат үнемдей алатынын есептеді. Талдау өңірлер ұсынған ақпарат негізінде дайындалды.

Азық-түлік тауарлары

Астанада Bereke Fest акциясы аясында күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларына жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, күнбағыс майы – 1 349 теңгенің орнына 889 теңгеге, макарон өнімдерін (400 г) – 499 теңгенің орнына 329 теңгеге, ал 30 данадан тұратын жұмыртқа қаптамасын 2 134 теңгенің орнына 1 619 теңгеге сатып алуға болады.

Осылайша, аталған үш тауардан құралған азық-түлік қоржынының жеңілдіксіз құны 3 982 теңге болса, акция кезінде 2 837 теңгені құрайды. Сатып алушы 1 145 теңге немесе шамамен 29% үнемдей алады.

Тұрмыстық тауарлар

Арнайы жеңілдіктер тұрмыстық химияға да қарастырылған. Астанадағы сауда желілерінде кір жуғыш ұнтақ (5,5 кг) 10 239 теңгенің орнына 5 599 теңгеге, кір жууға арналған гель (2,145 л) 10 865 теңгенің орнына 7 389 теңгеге, ыдыс жууға арналған құрал (900 мл) 1 977 теңгенің орнына 1 679 теңгеге, ал сабын 669 теңгенің орнына 469 теңгеге ұсынылуда.

Аталған төрт тауардың жалпы құны 23 750 теңгеден 15 136 теңгеге дейін төмендейді. Осылайша, сатып алушы 8 614 теңге немесе шамамен 36% үнемдей алады.

Маусымдық киімдер

Алматыда Republic Day акциясы аясында күзгі киімдерге жеңілдіктер ұсынылған. Маусымаралық күртешелер 39 990 теңгенің орнына 25 990 теңгеге, джинсы шалбарлар 19 990 теңгенің орнына 13 990 теңгеге, әйелдер жемпірлері 16 990 теңгенің орнына 10 190 теңгеге, худилер 17 990 теңгенің орнына 10 790 теңгеге, ал балаларға арналған спорттық костюмдер 24 990 теңгенің орнына 13 740 теңгеге сатылуда.

Аталған бес тауардың жеңілдіксіз жалпы құны 119 950 теңге болса, акция аясында 74 700 теңгені құрайды. Осылайша, сатып алушы 45 250 теңге немесе шамамен 38% үнемдей алады.

Ұсынылған есептеулер жекелеген сауда нысандары берген бағалар негізінде жасалған және ықтимал үнемдеу мөлшерін көрсетеді. Жеңілдіктер көлемі, тауар түрлері мен арнайы ұсыныстардың шарттары дүкенге және өңірге байланысты өзгеруі мүмкін.

Акциялар Қазақстанның барлық өңірін қамтиды

Арнайы жеңілдіктер еліміздің өзге өңірлерінде де қарастырылған. Шымкентте тұрғындарға киім-кешек, аяқкиім, балалар тауарлары мен тұрмыстық техника жеңілдетілген бағамен ұсынылуда. Атырау облысындағы жекелеген сауда нысандарында жеңілдіктер 50%-ға дейін жетеді.

Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында құрылыс, жөндеу жұмыстары материалдарына және үйді жабдықтауға арналған тауарларға арнайы бағалар белгіленген. Ұлытау, Батыс Қазақстан, Павлодар және басқа да облыстарда азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауарларға жеңілдіктер жасалуда.

Өңірлердің мәліметінше, сатып алушылар арасында маусымдық киімдер мен аяқкиім, азық-түлік, тұрмыстық химия, үйге қажетті тауарлар мен электроника өнімдері сұранысқа ие.

Еске сала кетейік, Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары 17–27 қазан аралығында (қоса алғанда) өткізіледі.

🏛 @saudagovkz

Президент шет мемлекеттер басшыларының Ұлттық мерекемізге орай жолдаған құттықтауларына ризашылығын білдірді

Президент шет мемлекеттер басшыларының Ұлттық мерекемізге орай жолдаған құттықтауларына ризашылығын білдірді

– Республика күніне орай жолдаған риясыз құттықтаулары мен жылы лебіздері үшін барлық мемлекеттер және үкіметтер басшыларына, сондай-ақ ірі халықаралық ұйымдардың жетекшілеріне алғыс айтамын.
Егемен елімізге арнаған ізгі тілектеріңізді халқымыз ризашылықпен қабылдады, – деп жазды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

t.me/aqorda_resmi

Көкшетауда Республика күніне орайМемлекеттік Ту көтерілді

Көкшетауда Республика күніне орай
Мемлекеттік Ту көтерілді

Көкшетауда Республика күніне орай Мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтеру рәсімі өтті. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалған сәтте көк байрақ көкке көтерілді. Әнұранды «Жастар» вокалдық студиясының солистері мен «Көкшетау» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымдарының біріккен хоры орындады. Мемлекеттік Туды Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанттарынан құралған ту ұстаушылар тобы алып шықты.
Жерлестерін ұлттық мерекемен құттықтаған өңір басшысы Республика күнінің ел тарихындағы айрықша маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік егемендік туралы Декларация Қазақстанның Тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды тарихи қадам болды.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күнін халқымыздың тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына жол ашқан қасиетті күн деп атап өтті. Бүгінде Қазақстан ауқымды жаңғыру кезеңінен өтуде. Оның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру. Ақмола облысы да ел дамуына өз үлесін қосып келеді: экономикалық әлеуетін арттырып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытып, инвестиция тартуда және жаңа жұмыс орындарын ашуда. Білім беру мен медициналық қызмет сапасын арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау – негізгі басымдықтарымыз. Әділетті Қазақстанды құру – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Біздің Отанымыз бір, мемлекетіміз бір, халқымыз бір», – деді Марат Ахметжанов.
Салтанатты шара аясында өңірдің дамуына, қоғамдық қызметке, әлеуметтік-экономикалық және мәдени салалардың өркендеуіне, сондай-ақ достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан ақмолалықтарға алғыс хаттар табысталды.

Republic Day және Bereke Fest: қазақстандықтар жеңілдікпен тауарларды қайдан сатып ала алады?

Republic Day және Bereke Fest: қазақстандықтар жеңілдікпен тауарларды қайдан сатып ала алады?

Қазақстанның барлық 20 өңірінде Республика күніне орай ұйымдастырылған Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары жалғасуда. Мерекелік науқанға еліміз бойынша 649 сауда нысаны қосылды. Сатып алушыларға азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар арнайы бағамен ұсынылып, жекелеген тауарларға 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған.

Мерекелік ұсыныстар сауда орындарында да, онлайн платформаларда да қолжетімді. Акциялар сауда-ойын-сауық орталықтарын, сауда үйлерін, бөлшек сауда желілерін және қазақстандық маркетплейстерді қамтиды.

Republic Day акциясына 232 сауда-ойын-сауық орталығы, сауда орталығы мен сауда үйі қатысуда. Ал Bereke Fest акциясына 417 сауда желісінің дүкені қосылды.

Сатып алушыларға ыңғайлы болу үшін акцияға қатысатын сауда нысандары мен олардың мекенжайлары туралы ақпарат әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында жарияланған. Өз өңіріңіздегі дүкендердің тізімімен төмендегі сілтемелер арқылы танысуға болады.

1.Абай облысыhttps://www.gov.kz/org/abay/press/news/details/1312766?lang=kk
2. Ақмола облысыhttps://www.gov.kz/org/aqmola/press/news/details/1312769?lang=kk
3. Ақтөбе облысыhttps://www.gov.kz/org/aktobe/press/news/details/1312760?lang=kk
4. Алматы облысыhttps://www.gov.kz/org/almobl/press/news/details/1312753?lang=kk
5. Атырау облысыhttps://www.gov.kz/org/atyrau/documents/details/1084795?lang=kk
6. Батыс Қазақстан облысыhttps://www.gov.kz/org/bko/press/news/details/1312772?lang=kk
7. Жамбыл облысыhttps://www.gov.kz/org/zhambyl/press/news/details/1312755?lang=kk
8. Жетісу облысы https://www.gov.kz/org/zhetysu-oblysy/press/events/details/49369?lang=kk
9. Қарағанды облысыhttps://www.gov.kz/org/karaganda/press/news/details/1312763?lang=kk
10. Қостанай облысыhttps://www.gov.kz/org/kostanay/press/news/details/1312765?lang=kk
11. Қызылорда облысыhttps://www.gov.kz/org/kyzylorda/press/news/details/1312761?lang=kk
12. Маңғыстау облысыhttps://www.gov.kz/org/mangystau/press/news/details/1312773?lang=kk
13. Павлодар облысыhttps://www.gov.kz/org/pavlodar/press/news/details/1312768?lang=kk
14. Солтүстік Қазақстан облысыhttps://www.gov.kz/org/sko/press/news/details/1312764?lang=kk
15. Түркістан облысыhttps://www.gov.kz/org/ontustik/press/news/details/1312767?lang=kk
16. Ұлытау облысыhttps://www.gov.kz/org/ulytau/press/news/details/1312754?lang=kk
17. Шығыс Қазақстан облысыhttps://www.gov.kz/org/akimvko/press/news/details/1312759?lang=kk
18. Астана қаласы https://www.gov.kz/org/astana/press/news/details/1312778?lang=kk
19. Алматы қаласы https://www.gov.kz/org/almaty/press/events/details/49370?lang=ru
20. Шымкент қаласы https://www.gov.kz/org/shymkent/press/news/details/1312770?lang=kk

Еске салайық, Republic Day және Bereke Fest акциялары 2026 жылғы 27 қазанды қоса алғанда жалғасады.

🇰🇿 Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күнімен құттықтауы

🇰🇿 Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күнімен құттықтауы

 Қымбатты отандастар!
 
Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен құттықтаймын!

Бұл – мыңжылдықтардан тамыр тартатын қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын айшықтайтын қастерлі мереке.

Біз егемендік жылдарында талай сын-қатерді еңсеріп, биік белестерді бағындырдық. Осылайша, еліміздің іргесін бекемдеп, елдігіміздің тұғырын нығайта түстік.

Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдық межесіне экономикасы қуатты, қоғамы жасампаз, күллі әлем қауымдастығы құрметпен қарайтын, беделі зор әрі ықпалды орта держава, өркениетті мемлекет ретінде жетіп отыр.

Биыл біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып, тарихи өрлеу дәуіріне бетбұрыс жасадық.

Алдымызда тұрған мақсат – баршаға айқын. Біз мықты мемлекеттік институттары мен сапалы адам капиталы бар, жаһандық бәсекеге қабілетті, озық, дамыған, жасампаз, зайырлы ел болуымыз керек.

Осы орайда, Конституциямыздың заңды күшіне енуі халықаралық қоғамдастықтың назарын аударған, тарихи мән-мағынасы аса ерекше оқиға болды.

Конституция мемлекеттік басқару жүйесінің толығымен жаңаруына, еліміздің саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік салаларында түбегейлі өзгерістер жасауға үлкен серпін берді.

Біз Конституцияда айқындалған құндылықтарға сүйене отырып, стратегиялық бағдарымыздан айнымай, міндетті түрде алға қадам басамыз, алдымызға қойған барлық міндеттерді жүзеге асырамыз.

Қазір біз озық технологиялар мен инновацияларды жүйелі дамытып, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін ел игілігіне жарата бастадық.

Заманауи өндіріс орындарын ашып, инфрақұрылымды жаңғыртып, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды салып жатырмыз. Халқымыздың игілігі үшін көптеген жобаны іске асыру жоспарымызда бар.

Ең бастысы, біз алысқа көз тігетін ұлт ретінде жасампаз мақсаттар мен ұлы мұраттар жолында ұйысып, жарқын болашаққа зор сеніммен ұмтыламыз.

Бүгінде білімпаздық, адал еңбек, жоғары жауапкершілік және шынайы отаншылдық қасиеттері халқымыздың болмысына сіңіп, өмірлік дағдысына айналуда.

Біз Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Қоршаған ортаға қамқорлық, Бірлік пен Келісім құндылықтарын кең ауқымда дәріптеп, қоғамда жаңа этика қалыптастыру ісін қолға алдық.

Осылайша, егемендігіміздің тұғырын күшейтіп, Әділетті, Қауіпсіз, Озық әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.

Еліміздің шаңырағы биік, ұлтымыздың рухы асқақ болсын!

Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін!

Республика күні құтты болсын!

t.me/aqorda_resmi

Республика күні – елдігіміздің айғағы, тәуелсіздігіміздің бастауы!

Республика күні – елдігіміздің айғағы, тәуелсіздігіміздің бастауы!

25 қазан – күнтізбедегі жай ғана дата емес. Бұл – қазақ елінің өз болашағын өзі айқындауға жасаған тарихи қадамын, мемлекеттілік жолындағы саналы таңдауын және азаттыққа деген ұмтылысын айшықтайтын ерекше күн.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашқан, ұлттық мемлекеттілігіміздің негізін бекіткен тарихи белес болды. Тәуелсіздікке бастар жол дәл осындай батыл шешімдер мен тағдырлы қадамдардан басталды.
Арада жылдар өтті. 2009 жылы Республика күні мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталса, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен оның мәртебесі қайта қалпына келтірілді. Сол жылдың маусым айында Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында бұл бастама көтеріліп, қыркүйек айында заңнамалық өзгерістер қабылданды. Осылайша, 25 қазан ұлттық мереке мәртебесіне қайта ие болды.

Менің ойымша, бұл шешімнің мәні күнтізбедегі бір күнді қайтарумен ғана шектелмейді. Бұл – тарихи жадымызды жаңғырту, мемлекеттілігіміздің бастауларын терең түсіну, ұрпақ санасына елдік пен жауапкершілік ұғымдарын сіңіру.
Республика күні – өткенімізге тағзым етіп, бүгінімізді бағалап, болашағымызды бағамдайтын күн. Өйткені ел болу – тек тәуелсіздікке ие болу емес, сол тәуелсіздіктің қадірін білу, оны нығайту және келер ұрпаққа аманат ету.

2022 жылы бұл мерекенің қайта жаңғыруы қоғамға да үлкен міндет жүктейді. Патриотизм құр сөзбен емес, нақты іспен өлшенуі керек. Еліңе адал қызмет ету, туған жеріңді көркейту, қоғамға пайдаңды тигізу, мұқтаж жандарға қол ұшын созу, жастарға өнеге болу – Отанға деген сүйіспеншіліктің шынайы көрінісі. Мерекенің мазмұны да осындай игі істермен толыға түскені маңызды.
Республика күні – Қазақстанның жалғыз ұлттық мерекесі. Бұл мәртебе оның ел тарихындағы айрықша орнын, мемлекетіміздің қалыптасу жолындағы тарихи салмағын айқындайды.
Бүгінгі бейбіт өміріміз, елдігіміз бен бірлігіміз – бағалай білуді қажет ететін асыл құндылықтар. Ал мемлекетіміздің ертеңі әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымызға, адал еңбегімізге және ортақ болашағымызға деген жауапкершілігімізге байланысты.

Егемендігіміз еңселі, бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіреп, Қазақстанымыздың абыройы асқақтай берсін!
Ұлттық мереке – ұлт рухын көтеретін, елдік сананы бекемдейтін қасиетті күн.
Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! 🇰🇿

#RepublicDayKazakhstan #РеспубликаКүні

Конституция және отбасы құндылықтары: Зеренді ауданындағы аналар кеңесінің қоғам дамуындағы рөлі

Конституция және отбасы құндылықтары: Зеренді ауданындағы аналар кеңесінің қоғам дамуындағы рөлі

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің құқықтық негізі ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы тұрақтылықтың, бірліктің және әрбір азаматтың лайықты өмір сүруінің кепілі. Конституцияда айқындалған адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, отбасыны, ана мен баланы қорғау қағидаттары ұрпақ тәрбиесі мен қоғамның рухани дамуы үшін ерекше маңызға ие.

Қоғамның берік іргетасы отбасынан басталады. Бала бойындағы адамгершілік қасиеттер, үлкенге құрмет, кішіге ізет, Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімі ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан отбасы құндылықтарын сақтау, ұлттық тәрбиені дәріптеу және жас ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді сіңіру – баршамызға ортақ міндет.

Осы бағытта Зеренді аудандық Аналар кеңесінің атқарып отырған жұмысы ерекше маңызға ие. Аналар кеңесі – ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдағы адамгершілік қағидаттарды орнықтыруға үлес қосатын маңызды қоғамдық институт. Аналарымыздың өмірлік тәжірибесі мен өнегесі, ақыл-парасаты мен парасатты сөзі жас ұрпақтың дұрыс бағытта қалыптасуына ықпал етеді.

Конституцияда бекітілген отбасы, ана мен баланы қорғау қағидаттары күнделікті өмірде нақты істер арқылы жүзеге асуы тиіс. Бұл – әр баланың қауіпсіз ортада өсуіне жағдай жасау, отбасындағы сыйластықты сақтау, ата-ананың жауапкершілігін арттыру және жастардың саналы азамат болып қалыптасуына қолдау көрсету деген сөз.

Зеренді ауданында да отбасы институтын нығайту, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстардың маңызы зор. Аналар кеңесінің кездесулері, тәрбиелік әңгімелері мен қоғамдық бастамалары өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп, қоғамда өзара құрмет пен түсіністікті қалыптастыруға бағытталған.

Бүгінгі таңда жастар тәрбиесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Ақпараттық кеңістіктің кеңеюі мен қоғамдағы өзгерістер жас буынның дүниетанымына әсер етуде. Осындай кезеңде ұлттық құндылықтарды сақтау, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру және оларды отансүйгіштікке, адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеу – маңызды міндеттердің бірі.

Балаға айтылған ақылдан гөрі, көрсетілген үлгі көбірек әсер етеді. Үлкенге құрмет таныту, ата-ананы қадірлеу, туған жерді аялау, айналаға жанашырлықпен қарау сияқты қасиеттер күнделікті өмірдегі іс-әрекет арқылы қалыптасады. Сондықтан отбасы мен қоғамның, мектеп пен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы ұрпақ тәрбиесінде шешуші рөл атқарады.

Ұлттық дәстүрлерді дәріптеу де – Аналар кеңесі қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Қазақ халқы ежелден ананы құрметтеуді, үлкенді сыйлауды, татулық пен бірлікті сақтауды басты құндылық санаған. Осы асыл мұраларды жас ұрпақтың бойына сіңіру арқылы біз халқымыздың рухани байлығын сақтап қана қоймай, болашақтың берік негізін қалыптастырамыз.

Ауданның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен немесе инфрақұрылымдық жетістіктермен өлшенбейді. Оның шынайы байлығы – тәрбиелі ұрпақ, берекелі отбасы, өзара сыйластық пен қоғамдық келісім. Отбасында тыныштық пен түсіністік орнаса, қоғамда да тұрақтылық пен сенім нығаяды.

Конституция қағидаттарын құрметтеу – әрбір азаматтың құқықтарын білуімен қатар, өз міндеттерін жауапкершілікпен орындауынан, өзгенің қадір-қасиетін сыйлауынан және қоғам игілігіне үлес қосуынан көрінеді. Осындай құндылықтарды бала кезден бойға сіңіру арқылы біз құқықтық мәдениеті жоғары, саналы әрі жауапты ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Зеренді ауданының Аналар кеңесі атынан айтарым: отбасы құндылықтарын сақтау, ана мен балаға құрмет көрсету, жастар тәрбиесіне бейжай қарамау – баршамыздың ортақ парызымыз. Әрбір шаңырақта сыйластық пен мейірім салтанат құрса, әрбір бала қамқорлық пен қолдауды сезінсе, еліміздің болашағы да берік болады.

Өйткені мықты мемлекет – мықты отбасынан, ал саналы ұрпақ – өнегелі тәрбиеден басталады. Конституцияда айқындалған құндылықтарды күнделікті өмірімізде ұстану арқылы біз бірлігі жарасқан, рухани бай әрі жауапты қоғам құруға өз үлесімізді қосамыз.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жасанды интеллектінің дамуына үлес қосқаны үшін Дженсен Хуангты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жасанды интеллектінің дамуына үлес қосқаны үшін Дженсен Хуангты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

NVIDIA жетекшісі Президенттің жаңа өнеркәсіптік революцияның бастапқы кезеңінде Қазақстанды жасанды интеллект елі ретінде өркендету жөніндегі стратегиялық мақсатын жоғары бағалады

NVIDIA жетекшісі Президенттің жаңа өнеркәсіптік революцияның бастапқы кезеңінде Қазақстанды жасанды интеллект елі ретінде өркендету жөніндегі стратегиялық мақсатын жоғары бағалады

✔️Бұл бастама жасанды интеллектіні дамытуға және оны кеңінен енгізуге бағытталған.

✔️Бұдан бөлек, компания басшысы Қазақстанды Physical AI әлемдік хабына айналдыруды ұсынды.

– Жасанды интеллектіні дамыту үшін, ең алдымен, мол қуат көзі, сондай-ақ ғылым, математика мен технология салаларында білім-білігі жоғары мамандар керек. Осы бағыттардың әрқайсысын дамытуға Қазақстанның әлеуеті жеткілікті, – деді Дженсен Хуанг.

✔️Сондай-ақ ол NVIDIA компаниясының елімізбен ықпалдастығы аясында кейінгі жылдары елеулі табысқа қол жеткізілгеніне, технологиялық компаниялармен байланыстар нығая түскеніне назар аударды.

– Соңғы жылы өзара қарым-қатынасымыз өте нәтижелі болды. Біз қазақстандық, соның ішінде Firebird AI KZ Ltd және «Қазақтелеком» компанияларымен серіктестік байланыстарды дамыта бастадық. Сонымен бірге Қазақстанның алғашқы технологиялық сыңармүйізі саналатын Higgsfield компаниясына қолдау көрсетеміз. Бұл жоба жаһандық технологиялық экожүйеде ойып тұрып орын алды. Бірге атқарған жұмыстарымызға дән ризамын. Бұл біз еңсеретін жолдың басы ғана. Еліңіздің компаниямызбен ынтымақтастық орнатқанына қуанамын, – деді компания жетекшісі.

Мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуангты қабылдады

Мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуангты қабылдады

📌 Ақордада өткен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA басшысы сапарының екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын атап өтіп, оның отандық жасанды интеллект экожүйесін дамытуға қосқан үлесіне ризашылық білдірді.

– NVIDIA компаниясымен ықпалдастыққа соны серпін беру тұрғысынан сапарыңыздың мәні зор. Серіктестігімізді нығайту жолындағы және Қазақстанның игілігі үшін атқарып жатқан еңбегіңізге алғыс айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы.

✔️Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды ұлттық басымдық ретінде атады, сондай-ақ биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланғанын еске салды.

✔️Мемлекет басшысы NVIDIA мен Higgsfield компаниялары арасындағы әріптестікті қуаттайды. Оның айтуынша, халқымыз аталған компанияның отандық технологиялық жобаларға атсалысқанын құп көреді.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑