Page 17 of 309

🇰🇿 25 қазан – Қазақстан Республикасының күні!

🇰🇿 25 қазан – Қазақстан Республикасының күні!

Республика күні – еліміздің егемендігін, халқымыздың бірлігін және жарқын болашаққа деген ұмтылысын айшықтайтын маңызды ұлттық мерекелердің бірі.

📜 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл тарихи оқиға еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы маңызды қадам болып, қазіргі Қазақстан мемлекетінің қалыптасуына негіз қалады.

🇰🇿 Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан дамудың маңызды кезеңдерінен өтіп, халықаралық аренадағы беделін нығайтты және түрлі салада елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Бұл табыстар халқымыздың бірлігі, қажырлы еңбегі мен жасампаздық әлеуетінің арқасында мүмкін болды.

Бүгінде Республика күні – ұлтына, жасына және кәсібіне қарамастан, барша қазақстандықтарды біріктіретін мереке. Бұл – ортақ тарихымызды ұлықтап, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын, ел болашағына деген жауапкершілікті сезіндіретін ерекше күн.

✨ Біздің басты құндылығымыз – бейбітшілік, татулық пен бірлік. Дәл осы құндылықтар еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің, халықтың әл-ауқатын арттырудың берік негізі болып табылады.

Әрбір азамат өз еңбегімен, білімімен және игі істерімен туған елінің дамуына үлес қосады. Тарихи мұрамызды сақтап, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеп, өзара қолдау көрсете отырып, біз қуатты, әділетті және өркендеген Қазақстанды бірге қалыптастырамыз.

💙 Еліміздің аспаны әрдайым ашық, халқымыздың бірлігі бекем болсын! Әр шаңыраққа бақыт, береке мен молшылық тілейміз. Қазақстанымыз жаңа жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындыра берсін!

🇰🇿 Республика күні құтты болсын, құрметті отандастар! Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, болашағы жарқын болсын!

#РеспубликаКүні #25Қазан #Қазақстан #ТәуелсізҚазақстан #МеніңҚазақстаным #АқмолаОблысы

Республика күні – күллі халқымыздың басын қосатын жалпыұлттық сипаты бар бірегей мереке.

⚡️Президент:
 
«Республика күні – күллі халқымыздың басын қосатын, жалпыұлттық сипаты бар бірегей мереке.
 
Егемендік пен Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қазынамыз, ең асыл құндылығымыз! Сондықтан мемлекеттігімізді күшейтіп, еліміздің іргесін бекіте түсу – баршамыздың қасиетті борышымыз.
 
Біз егемендікке ата-бабаларымыздың бойындағы мықты ерік-жігер мен өшпес рухтың арқасында қол жеткіздік.
 
Халқымыз Тәуелсіздік жолында құрбан болған ерлердің, бостандық үшін жанқиярлықпен күрескен тұлғалардың есімін әрқашан жадында сақтайды.
 
Аға буын тар жол, тайғақ кешуден өтсе де, барлық сын-қатерді еңсеріп, ел үшін қажырлы қызмет етті.
 
Халқымыз, әсіресе жастарымыз төл шежіремізді терең танып, оған құрметпен қарай бастады. Бұл – өте жақсы үрдіс.
 
Шын мәнінде, тарихқа тек біржақты көзқараспен қарауға болмайды. Біздің тарихымыз – ұлы жеңістердің, мәңгілік мұралар мен теңдессіз дәстүрлердің шежіресі.
 
Біздің тарихи деректерге толы даңқты жолымызды жігерлі, табанды, жасампаз тұлғалар жазды. Олардың өмірі мен ұстанымы – жас ұрпаққа үлгі-өнеге.
 
Түптеп келгенде, елдігіміздің тұғырын мемлекетшіл, отаншыл, парасатты, адал, еңбекқор адамдар нығайтады».

 Өздеріңіз білесіздер қазір әлем аса жоғары қарқынмен өзгеруде. Өркениет көшінен қалып қоймау үшін заман талабына сай әрекет ету ұдайы маңызды.

⚡️Мемлекет басшысы:
 
«Өздеріңіз білесіздер, қазір әлем аса жоғары қарқынмен өзгеруде. Өркениет көшінен қалып қоймау үшін заман талабына сай әрекет ету ұдайы маңызды.
 
Адам капиталын дамыту – еліміздің конституциялық міндеті.
 
Біз саналы, жауапкершілігі мол, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті, отаншыл және адал азаматтарды тәрбиелеуіміз керек. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуінің кепілі.
 
Отаншылдық, еңбекқорлық, жасампаздық, өзара сыйластық, жанашырлық құндылықтарын кең ауқымда дәріптеп, қоғамымызда жаңарған этика қалыптастыруымыз қажет.
 
Халықаралық ахуалды, соның ішінде дамыған елдерде болып жатқан соңғы оқиғаларды көріп-біліп отырсыздар.

Расында Заң мен Тәртіп сақталмаса, татулық пен ынтымақ болмаса, ешқандай даму, қысқасы, төрт құбыламыз түгел болмайтыны айдан анық.
 
Біз ауызбіршілігімізді сақтап, ортақ мүдде жолында біртұтас қоғам болып еңбек етсек, кез келген белесті бағындырамыз, барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін!».

Тағы бір маңызды міндет – білім беру саласын жан-жақты дамыту.

⚡️Қасым-Жомарт Тоқаев:
 
«Тағы бір маңызды міндет – білім беру саласын жан-жақты дамыту.
 
Бұл, ең алдымен, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін қажет. Осы уақыт аралығында еліміз бойынша 1483 балабақша ашылды. 1342 заманауи мектеп бой көтерді.
 
Кейінгі жеті жыл ішінде жастардың жоғары білім алуы үшін жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 655 мыңнан астам оқу гранты бөлінді. Бұл шаралар жас буынның қалаған кәсіпті меңгеруіне, қабілетін ұштауына мүмкіндік береді.
 
«Егемен елдің еңсесі – биік» деген сөз бар. Біз қасиетті Тәуелсіздігіміздің арқасында түрлі салада толайым табысқа жетіп келеміз. Сондықтан бейбіт күннің қадірін біліп, мемлекеттігімізді күшейте түсу үшін табанды еңбек етуіміз керек.
 
Мен бүгін еліміздің бірқатар жетістігіне тоқталып өттім.
 
Бірақ қазіргідей құбылмалы әрі бәсекеге толы заманда бей-жай, бейқам отыруға мүлдем болмайды. Әлі көп жұмыс істеуіміз қажет, кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін мойындаймыз, оларды жою және түзету үшін Үкімет пен депутаттар және барлық мемлекеттік қызметшілер күш салуы керек.
 
Мемлекетіміздің алдында тұрған нақты міндеттер мен жоспарлар жөнінде келесі аптада Қазақстан халқына Жолдауымда толығырақ айтамын».

Қазақстан орта держава ретінде әлемдік тәртіптің нығаюына елеулі қосып келе жатқан дамыған тұрақты әрі зайырлы мемлекет болып танылды.

⚡️Қасым-Жомарт Тоқаев:
 
«Жеті жыл ішінде он мыңдаған шақырым автокөлік жолы мен теміржолдар салынып, жөнделді. Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған көлік, энергетика және цифрлық тораптар Қазақстан арқылы өтіп жатыр.
 
Қазақстан орта держава ретінде әлемдік тәртіптің нығаюына елеулі қосып келе жатқан, дамыған, тұрақты әрі зайырлы мемлекет болып танылды.
 
Сындарлы және жауапты сыртқы саясаттың арқасында еліміздің әлемдік абырой-беделі артуда. Қазақстан төлқұжатының мәртебесі жоғары. Еліміздің азаматтары мен бизнес өкілдері үшін барлық елдің есігі ашық.
 
Сонымен қатар Қазақстан дүние жүзінде болып жатқан түбегейлі цифрлық өзгерістерге белсене қатысуда.
 
Елордамызда Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мен заманауи Astana Hub технопаркі жұмыс істейді. ІТ қызметтердің экспорты 1 миллиард доллардан асты.
 
Екі суперкомпьютер іске қосылды. Оның игілігін отандық компаниялар мен ғалымдар көріп жатыр. Жақында аса қуатты тағы бір суперкомпьютер пайдалануға беріледі.
 
Жаңадан салынып жатқан дата орталықтар кластері – Деректерді өңдеу орталығының алқабы цифрлық экономиканың берік негізін қалайды. Біз Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыруды қолға алдық, жасанды интеллект технологиясы қоғамның барлық саласына енгізіледі.
 
Мұның бәрі – цифрлық, басқаша айтқанда, халқымыздың игілігіне қызмет ететін өркендеген мемлекет құруға бағытталған қадам».

«Сондай-ақ біз озық технологияға негізделген өндірісті дамытуға жол аштық.

⚡️Президент
 
«Сондай-ақ біз озық технологияға негізделген өндірісті дамытуға жол аштық.
 
Соңғы бес жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі 45 пайыздан асты. Осылайша, Қазақстан индустриясы дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріліп жатыр.
 
Кейінгі жылдары теміржол саласын дамытуда соны серпіліс жасадық. Рельстер мен шпалдардан бастап вагондар мен электровоздарға дейінгі қажеттінің бәрін өзіміз өндіре бастадық.
 
Автокөлік шығару ісі де қарқын алды. Жыл сайын конвейерден 150 мыңнан аса жеңіл және жүк көлігі шығады. Экономикадағы барлық стратегиялық салаға қан жүгірді деп айтуға болады.
 
Еліміздің өркендеуіне ауқымды шетелдік инвестиция септігін тигізіп отыр. Соңғы жеті жылдың ішінде тартылған қаражат көлемі 155 миллиард долларға жетті.
 
Түрлі елдерге барып, жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шараларға қатысу Қазақстанның саяси беделін нығайтып қана қоймай, зор пайдасын да тигізуде.
 
Жыл басынан бері жалпы сомасы 60 миллиард доллар болатын 355 коммерциялық келісімге қол қойылды. Осының өзі көп нәрсені аңғартады.
 
Еліміз Еуразияның жетекші көлік-логистика хабы ретінде позициясын нығайта түсті. Әуежайлар, вокзалдар, көпірлер, теңіз айлақтары салынып, жөндеуден өтті. Шекара маңындағы инфрақұрылым жаңғыртылуда.
 
Бұл маңызды жұмыс ары қарай жалғасады».

 Қоғамның барлық саласын қамтыған реформалар еліміздің дамуына тың серпін берді.

⚡️Мемлекет басшысы:
 
«Қоғамның барлық саласын қамтыған реформалар еліміздің дамуына тың серпін берді.
 
2019 жылдан бері экономикамыз 30 пайызға жуық өсті. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың доллардан асты.
 
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 7 миллион баланың есепшотына 2,5 миллиард доллар қаржы аударылды.
 
Былтыр 20 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
 
Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша біздің аймақта көш бастап тұр.
 
Біз ұлттық экономиканың әлеуетін күшейтуге басымдық беріп, баса назар аударып отырмыз. Әлемдегі ең ықпалды елдердің қатарына қосылып, 34-орында тұрмыз.
 
Еліміздің жалпы ішкі өнім көлемі 350 миллиард долларға жетіп келе жатыр. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі екінші орын деген сөз.
 
Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі айтарлықтай артты, яғни 40 пайызға жетті. Кәсіпкерлеріміз отандық тауар өндірісін ұлғайтып, жаңа іскерлік мәдениеті қалыптасуда.
 
Бүгінде осы салада еліміздегі еңбекке жарамды азаматтардың жартысына жуығы жұмыс істеп жүр».

Ел Конституциясы түбегейлі өзгерістердің жаңа кезеңіне жол ашты.

⚡️Президент:
 
«Ел Конституциясы түбегейлі өзгерістердің жаңа кезеңіне жол ашты.
 
Соның нәтижесінде мемлекеттік билік жүйесі толығымен жаңғырды. Бір палаталы Құрылтай пайда болды. Осылайша, біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент, яғни Құрылтай – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын нақты іске асырдық.
 
Вице-Президент институты құрылды. Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымына қажетті өзгерістер енгізілді. Еліміздің жоғары консультативтік мекемесі – Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады.
 
Еліміз дүние жүзінде еріктілер, яғни волонтерлер қозғалысына конституциялық мәртебе берген санаулы мемлекеттің бірі атанды.
 
Баршаңызға белгілі, қазіргі дүние жүзінде, осындай күрделі, тұрақсыз, болжамсыз, бұлыңғыр заманда билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс мүлде жоқ. Бұл – мемлекетіміз үшін алға қарай үлкен саяси қадам».

Тұғырға қонған Конституция көпұлтты жұртымыздың жаңа Жарғысына айналды.

⚡️ Мемлекет басшысы:

«Қазақта «Ынтымақ – мызғымас қорған» деген сөз бар. Біз – болашаққа үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтын ұлтпыз. Шын мәнінде, біз татулық пен тұрақтылықтың арқасында сан түрлі сынақтан сүрінбей өттік.
 
Ел игілігін еселеп, өркениетіміздің өрісін кеңейттік. Біртұтас ұлт ретінде түбегейлі өзгерістерді табысты жүзеге асырдық.
 
Ең бастысы, халқымызға айнымас бағдар болатын қастерлі құжат – Конституциямызды біртұтас ел болып қабылдадық.
 
Тұғырға қонған Конституция көпұлтты жұртымыздың жаңа Жарғысына айналды.
 
Конституцияның әр қағидаты, әр тармағы ел мүддесіне қызмет етуге бағытталған. Еліміздің егемендігі, жеріміздің тұтастығы, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтары Конституциямызға сәйкес басты құндылықтар деп танылды.
 
Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті бекемдеу мызғымас қағидат ретінде бекітілді. Білім мен ғылымды, инновацияны, жоғары технологияларды дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті деп көрсетілді.
 
Конституцияда Қазақстанның өткені мен бүгіні, сондай-ақ болашақтағы бейнесі айқындалды».

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑