Қоғам қайраткері, тарихшы, профессор Еркін Әбілдің айтуынша, жасампаз қоғам қалыптастыру үшін жастарға ең алдымен адал еңбек құндылығын сіңіру қажет. Байлыққа ұмтылу қалыпты құбылыс, бірақ ол тек адал еңбекпен келуі тиіс.
«Балаларға адал еңбектің мағынасын қайта түсіндіруіміз керек. Байлық – жақсы нәрсе, бірақ ол тек адал еңбекпен табылған байлық болуы тиіс. Мен үшін бірінші орында – адал еңбек, екінші орында – білім. Қай салада жүрсең де, кәсіби білімді болу маңызды», – деді ол.
Бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді – Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас туралы айтты
Қазақстан Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға дайын – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкек, 1 қыркүйек, Синьхуа Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қазіргі таңда бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Астана Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен толықтырып, ынтымақтастыққа жаңа жол ашуға әзір. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне берген жазбаша сұхбатында осылай деді. Президент Қытай мен Қазақстанды ортақ шекара мен сан ғасырлық тату көршілік тарихы байланыстыратынын атап өтті. «Қазақ халқы «Жолы бірдің – жүгі бір» дейді. Екі ел арасындағы дәл осындай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сай келеді әрі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады», – деді ол. «Стратегиялық серіктестігіміздің шын мәнінде жан-жақты сипат алғанын ерекше атап өткім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтып отыр», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты сауда жаңа рекордтық көрсеткішке жеткеніне тоқталды. Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр. Тағы бір стратегиялық бағыт – көлік және логистика. Қазақстан – Шығыс пен Батысты тоғыстырып жатқан өңір. «Қытайлық серіктестерімізбен бірге осы географиялық артықшылықты Еуразия ауқымындағы заманауи көлік-логистика инфрақұрылымына айналдырып келеміз», – деді ол. – «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын ілгерілету, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының мүлде жаңа жүйесін қалыптастырып келеді». Қазақстан басшысының айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни, бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы көлік қатынасының аса маңызды буынына айналып келе жатқан Орта дәлізді дамыту – ынтымақтастық аясындағы басымдықтардың бірі. «Ортақ міндетіміз – осы бағыттың бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыру. Сондықтан «ақылды кеден» жүйесін енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіру мен шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға айрықша мән береміз», – деді Мемлекет басшысы. «Қазақстан мен Қытай арасында ықпалдастықтың жаңа белесі басталды. Бүгінде ынтымақтастық нақты сектордағы дәстүрлі бағыттардан бастап, цифрлық экономика саласындағы серіктестікке дейінгі кең ауқымды қамтиды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. «Жуырда Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға қатысу үшін Шанхайға барған сапарымда Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім. Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та мүдделі. Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін», – деді ол. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет етуге тиіс екенін атап өтті. Мемлекет заманауи технологияларға, білім мен есептеу ресурстарына әділ қол жеткізуі қажет. «Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз Қытайдың көзқарасымен үндеседі. Биыл шілде айында Шанхайда Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаған 29 мемлекеттің қатарына қосылды. Бұл – жасанды интеллект саласында мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіретін ашық әрі тиімді халықаралық жүйе қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», – деді ол. Қазақстан мен Қытай халықаралық аренада да белсенді әрі қарқынды ықпалдастық орнатып отыр. «Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көпжақтылықты ілгерілету, сондай-ақ қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды басшылыққа аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Қазақстанның «Біртұтас Қытай» саясатын берік ұстанатынын және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатының бұзылуына қарсы екенін атап өтті. Қазақстан БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында Қытаймен өзара үйлесімді жұмысты жалғастырады. Сондай-ақ «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ынтымақтастықты толық қолдайды. Президент биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толғанына назар аударды. Оның пайымдауынша, Ұйым ең басты құндылығы – өзара сенімге, тең құқық пен диалогқа, мәдени әралуандықты құрметтеуге және бірлескен дамуға ұмтылатын «Шанхай рухын» сақтап қалды. Қазақстан Президенті бұл қағидаттарды халықаралық ынтымақтастықтың өзіндік «стандарты» ретінде бағалайтынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынына тоқталды. Бұл ретте саяси және экономикалық байланыстармен қатар, екі ел азаматтары арасындағы тікелей қарым-қатынастар да белсенді дамып келеді. 2026 жылы Қазақстан мен Қытайдың «Мәдениет жылын» өткізуі осы үрдістің жарқын дәлелі болды. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қытайда ондаған мың қазақстандық студент білім алып жатыр. Сонымен қатар Қазақстан университеттерін таңдайтын Қытай азаматтарының саны да артып келеді. Қазақстанда Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары, «Лу Бань шеберханалары» табысты жұмыс істеп жатыр. Академиялық ұтқырлық, сондай-ақ, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық бағдарламалары да кеңейе түсуде. Өзара визасыз режимнің енгізілуі туризм саласының дамуына айтарлықтай серпін берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2025 жылы Қазақстанға келген қытайлық туристер саны 962 мың адамға жетті. Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 47 пайызға көп. «Қытайлық достарымызға Қазақстанда етене танысатын дүние жеткілікті. Заманауи елордамыз бен көне Түркістанды, Алматының асқарлары мен Маңғыстаудың бірегей бедерін, Ұлы дала мен Ұлы Жібек жолының мұрасын, музыкамызды, ұлттық дәм мен аспаптарымызды, қонақжай қалпымызды көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар Қазақстан да ежелгі өркениет елі әрі бүгінде даму жолында таңғаларлық үлгі көрсетіп отырған Қытайды зор қызығушылықпен танып-біліп келеді», – деп сөзін түйіндеді Президент.
Су қауіпсіздігі әлемнің күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі ретінде аталды
– Азық-түлік, энергетика және әлеуметтік салалардағы тұрақтылық, сондай-ақ экономикалық даму суға тікелей тәуелді. Дегенмен су ресурстарын жаһандық басқару жүйесі әлі толық қалыптаспаған. Су проблематикасымен БҰҰ-ның ондаған құрылымы айналысады. Алайда кең өкілеттікке ие біртұтас үкіметаралық әмбебап ұйым құрылған жоқ. Дәл осы себепті Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымының негізін қалауды ұсынды. Оның міндеті – қолданыстағы тетіктерді қайталамай, керісінше, ортақ істі үйлестіру, үкіметтер арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз ету, ресурстарды жұмылдырып, өзара келісімді шешімдер әзірлеу. ШЫҰ Су мәселелерін талдау орталығы осы жаһандық бастаманы өңірлік деңгейде толықтыра алар еді. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымы мен ШЫҰ Су мәселесін талдау орталығын құру туралы ұсынысыма мүше мемлекеттер қолдау көрсетеді деп сенемін, – деді Президент.
✔️Мемлекет басшысы сөз соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Еуразия кеңістігіндегі елдердің ұзақмерзімді әрі табысты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндігі жеткілікті екенін айтты.
– Жалпыға ортақ әрі біртұтас қауіпсіздік, терезесі тең егемендік пен өзара құрмет қағидаттарын халықаралық қатынастардың ажырамас бөлшегі ретінде бекіту – ортақ жауапкершілігіміз. Шанхай ұйымы қауіпсіз және орнықты әлемдік тәртіпті құруға лайықты үлес қосатынына сенімдімін. Қазақстан Ұйым аясындағы барлық серіктес мемлекеттермен дәл осы бағытта конструктивті жұмыс атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақстанда соңғы жылдары ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізілді
– 1 шілде күні күшіне енген жаңа Конституция еліміздің орнықты дамуына берік негіз қалады. Ата заң ережелері жаңа мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырды. Бұл өзгерістер әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ Әділетті, Озық Қазақстанды құруға бағытталған. Жаңа заң шығарушы орган – бір палаталы Құрылтай қызметіне кірісті, – деді ол.
✔️Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың табысты жүзеге асуына және Құрылтай сайлауына орай жылы лебізін жолдаған мемлекеттер басшыларына алғыс айтты.
✔️Сондай-ақ Қазақстан теңгерімді, сындарлы әрі бейбіт сыртқы саясаттан ешқашан айнымайтынын растады.
✔️Бұдан кейін Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты пікір білдірді.
– БҰҰ атына жиі сын айтылады. Кейбір сын орынды болса да, бәрібір бұл Ұйымның баламасы жоқ. Оны нығайту, тиімділігін арттыру – ортақ міндетіміз. БҰҰ-ның аймақтық құрылымдармен, соның ішінде ШЫҰ-мен тығыз ықпалдастығы осы мақсатқа сай келеді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық жүйенің өзегі, ал оның Жарғысы халықаралық құқықтың әмбебап негізі болып қалуға тиіс деп санайды, – деді Президент.
Ақмола облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған 10 жаңа кабинет ашылды
Жаңа оқу жылының басталуына орай Ақмола облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған 10 кабинет өз жұмысын бастады. Жаңа кабинеттер Көкшетау және Степногорск қалаларында, сондай-ақ Шортанды, Целиноград және Атбасар аудандарында ашылды. Атап айтқанда, Көкшетау қаласында екі кабинет, Степногорск қаласында төрт кабинет, Шортанды және Целиноград аудандарының әрқайсысында бір-бір кабинеттен, ал Атбасар ауданында екі кабинет ашылды. Көкшетау қаласындағы №6 мектепте инклюзивті білім беруді қолдау кабинетінің ашылуына Инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің төрағасы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Марат Ибраев қатысты. Марат Ибраев ұстаздарды, оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, баршаға жемісті оқу жылын, білім алуда табыс пен жаңа жетістіктер тіледі. Инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерінің негізгі міндеттерінің бірі – әрбір оқушыға жеке және сараланған тәсілді қолдануды қамтамасыз ету. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға білім берумен қатар, олардың әлеуметтік бейімделуі мен қажетті дағдыларын дамытуға бағытталған кешенді қолдау қажет. Әр кабинет үш функционалдық аймаққа бөлінген.Сенсорлық жеңілдету аймағы баланың тынышталуына, эмоционалдық тепе-теңдігін қалпына келтіруіне және сенсорлық жүктемені азайтуына мүмкіндік береді. Бұл аймақта жұмсақ диван, пуфтар немесе кресло-қаптар, шуды азайтуға арналған құлаққаптар, тактильді панельдер және басқа да қажетті құралдар қарастырылған. Оқу-дамытушы аймақ жеке және шағын топтармен сабақ өткізуге арналған. Мұнда үстелдер мен орындықтар, магнитті немесе интерактивті тақта, дамытушы ойындар, карточкалар, көрнекі және басқа да оқу материалдары орналастырылған. Қимыл-қозғалыс белсенділігі аймағы балалардың қозғалуына және дене белсенділігіне жағдай жасауға бағытталған. Аймақ жұмсақ модульдермен, массаждық және сенсорлық жолақтармен, доптармен және шағын гимнастикалық құралдармен жабдықталған. Жаңа кабинеттердің ашылуы өңірде қолжетімді әрі инклюзивті білім беру ортасын дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда Ақмола облысында инклюзияны қолдауға арналған 138 кабинет жұмыс істейді. Олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуына, дамуына және қоғамға бейімделуіне қосымша мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік аясын кеңейтудің стратегиялық мәні зор
🟦Мемлекет басшысы күш-жігер жұмылдыру нәтижесінде ШЫҰ елдерінің өзара тауар айналымы бір триллион долларға таяп қалғанына назар аударды.
– Алайда, біздің пікірімізше, экономикалық байланыс мүмкіндіктерін әлі толық пайдалана алмай отырмыз. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ресурстық, өндірістік және технологиялық әлеуетін барынша пайдаланып, жаңа өсім бағыттары мен орнықты іскерлік байланыстарды түзу маңызды. Қазақстан ШЫҰ-ның кең ауқымды сауда-инвестициялық кеңістігі қалыптасқанын қалайды. Кедергілері мейлінше аз, цифрлық процедуралар мен көлік-логистикалық байланыстары дамыған орта құрып, уағдаластықтардан нақты бастамаларға көшу керек деп санаймыз. Пилоттық жоба ретінде индустриялық консорциумдар тетігін енгізуді ұсынамыз. Бұл мемлекеттерге басқа қатысушыларды күтпей-ақ, пісіп-жетілген жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Кейін табысты бастамаларды тұтас Ұйым аумағында жаппай таратуға болады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қырғызстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық еткенін айрықша атап өтті
– Қазақстан қырғыз ағайындарымыз бен серіктестеріміздің Ұйым бірлігін нығайту және оның сан қырлы әлеуетін ашу жолында атқарған мәнді де мазмұнды жұмысын жоғары бағалайды. Бүгінгі отырыстың қорытындысы ШЫҰ-ның халықаралық беделін одан әрі көтеріп, қызмет тиімділігінің артуына және жаһанның құбылмалы жағдайында нақты стратегиялық мүдделердің қалыптасуына септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
🟦Мемлекет басшысы қол жеткен жетістіктерді алға тартып, «Шанхай ондығына» кіретін елдердің бәрі үшін айрықша маңызға ие басты бағыттарға тоқталды.
– Қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту. ШЫҰ құрамында Еуразияның ірі мемлекеттері бар. Жаңадан сұлбаланып келе жатқан әлемдік тәртіптің тұрпаты қандай болмағы көбіне осы елдердің ұстанымына байланысты. Бұл ретте Ұйымға ерекше жауапкершілік жүктеледі. Еуразия құрлығындағы стратегиялық тұрақтылық және сенім шаралары бойынша министрлер деңгейіндегі ШЫҰ конференциясын өткізу қажет деп санаймыз. Аталған іс-шараның күн тәртібінде әскери тәуекелдерді азайту, қарулану жарысын тежеу және қауіпті оқиғалардың алдын алу мәселесін талқылауға болады. Әсіресе, қарулы қақтығыстардың салдары көбіне әскери іс-қимыл аймақтарынан тысқары жерді шарпып, халықаралық нарықтарға, коммерциялық кеме қатынасына, орнықты энергетикалық және көлік байланыстарына нұқсан келтіріп жатқаны алаңдатады. Сонымен қатар дағдарыстың трансшекаралық сипатта белең алу қаупі күшейіп келеді. Бұрыннан келе жатқан сын-қатерлер де өзектілігін жойған жоқ. «Үш зұлым күшпен» – терроризммен, экстремизммен және сепаратизммен күрес өзара ықпалдастығымыздың басым бағыты болып қала береді. Олар трансұлттық қылмыспен, есірткі тасымалымен, заңсыз қару айналымымен және киберқауіппен астасып жатыр. Қазақстан Сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталықтың, сондай-ақ ШЫҰ Есірткіге қарсы орталығының мақсаттары мен міндеттерін қолдайды. Бұл құрылымдардың қызметі мемлекеттеріміздің құзырлы органдары арасындағы іс-әрекетті үйлестіруді жаңа деңгейге көтеріп, осы бағыттағы бірлескен жұмыстың нәтижесін жақсартатынына сенімдімін, – деді Президент.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты
🟦Мемлекет басшысы қонақжайлық танытып, жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа және барша қырғыз халқына ризашылығын білдірді.
– Кездесуіміз бізге туыс елдер – Қырғызстан мен Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелеу күндерімен тұспа-тұс өтіп жатыр. Мұның символдық мәні зор. Орайлы сәтті пайдаланып, әріптестерім – құрметті Садыр Нургожоевич Жапаров пен қадірлі Шавкат Миромонович Мирзиёевті осы маңызды әрі тарихи күнмен құттықтаймын. Бауырлас халықтарға бақ-береке тілеймін! – деді Қазақстан Президенті.
🟦Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ширек ғасырда Шанхай ынтымақтастық ұйымы «Шанхай бестігінен» бастап Еуразияның үлкен бөлігін қамтитын және адамзаттың жартысына жуығын біріктіретін ірі халықаралық ұйымға айналды.
– ШЫҰ – әртүрлі, бірақ рухы бір елдердің бірегей бірлестігі ретінде ішкі мәселеге араласпау, егемендікті құрметтеу, өзара сенім, ашықтық пен ынтымақтастық қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырып келеді. Бүгінде ол шын мәнінде табысты, ықпалды әрі сұранысқа ие халықаралық құрылымға айналды. Әйтсе де біздің Ұйым құрылған сәттен бері әлем айтарлықтай өзгерді. Көз алдымызда халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасып жатыр. Бірігуден гөрі жікке бөліну, ынтымақтастық ниетінен гөрі геосаяси бақталастық басым түсіп, мүдделер теңгерімін іздеудің орнына араздық өршіп барады. Өзара сенімге селкеу түсті. Онсыз ең мықты халықаралық институттардың өзі бірте-бірте сын-қатерлерге төтеп беру қабілетінен айырылады. Осы орайда, біздің Ұйымның маңызы арта түседі. ШЫҰ әскери-саяси блок логикасынан тыс әрекет етеді әрі оның қызметі қандай да бір мемлекетке қарсы бағытталмаған. Ұйым мүлдем басқа саяси философияға, яғни түпкі өзегінде прогресс жолындағы ортақ бастамалар идеясы жатқан «Шанхай рухына» сүйенеді. Біздің басты мақсатымыз – қуатты әрі өркендеген ШЫҰ қоғамдастығын құру, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысына және «ШЫҰ+» форматындағы кездесуге қатысу үшін Бішкектегі «Ырыс Ордо» конгресс-холына барды
🇰🇿🇰🇬Мемлекет басшысын Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров күтіп алды.
«Бизнеске 100 игі іс»: Ақмола облысында әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылуда
Ақмола облысының барлық қалалары мен аудандарында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында прокуратура органдарының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының және бизнес өкілдерінің қатысуымен «Бизнеске 100 игі іс» акциясы өткізілді. Акция кәсіпкерлерді қоғамдық маңызы бар игі істерге тартуға, әлеуметтік бастамаларды іске асыруға, халықтың әлеуметтік осал санаттарына көмек көрсетуге, әлеуметтік нысандарды қолдауға, елді мекендерді абаттандыруға, сондай-ақ мемлекеттік органдар, Кәсіпкерлер палатасы және бизнес-қоғамдастық арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған. Акция аясында аудан кәсіпкерлерінің қатысуымен бірқатар әлеуметтік маңызы бар игі бастамалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Aina Resources» ЖШС ауданның спорттық инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып, «Жастар» сауықтыру орталығының аумағына дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға арналған спорттық жаттығу құрылғылары мен жабдықтарын орнатты. Өз кезегінде, «Беркут» АШК ЖШС балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне және дене шынықтыруына қолайлы жағдай жасау мақсатында елді мекен аумағында заманауи балалар ойын алаңының құрылысын жүзеге асырды. Сонымен қатар, акция шеңберінде кәсіпкерлердің қатысуымен халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету, әлеуметтік нысандарға көмек көрсету, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылуда. Аталған акция аудан кәсіпкерлерінің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесін кеңейтуге, мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестікті нығайтуға, сондай-ақ қоғамда өзара қолдау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. «Бизнеске 100 игі іс» акциясы аясындағы әлеуметтік маңызы бар игі бастамаларды іске асыру алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Ақмола облысының прокуратурасы