Page 36 of 260

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтай сайлауы қарсаңындағы үндеуі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтай сайлауы қарсаңындағы үндеуі

Құрметті отандастар!

Алдағы жексенбі күні елімізде жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтеді. Бұл – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға.

Еліміз соңғы жылдары ауқымды реформаларды жүзеге асырып, жарқын болашаққа батыл қадам басып келеді. Біз бірлік пен келісімнің және ынтымақтың арқасында Әділетті Қазақстанды құру ісінде зор жетістікке жеттік. Халық Конституциясы күшіне енді, еліміздің даму бағдары өзгерді. Дегенмен атқаратын жұмыс әлі де көп.

Бұл сайлау халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, қазіргі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады.

Мен партиялардың барлығы дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуі үшін Құрылтай сайлауы өтетін уақытты ертерек хабарладым.

Сондықтан Құрылтайдың алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өтті. Ел азаматтарының сайлау туралы пікірі осындай болды.

Бұл сайлау ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық. Партиялар сайлаушылармен кездесу кезінде, сондай-ақ ақпараттағы үгіт-насихат, жалпыұлттық теледебаттар, әлеуметтік желідегі пікірталастар барысында өз бағдарламаларын кеңінен әрі дәйекті түрде таныстырды.

Бір сөзбен, азаматтарымыз партиялардың ел болашағына қатысты ұстанымын мұқият зерделеуге мүмкіндік алды. Саяси ұйымдардың экономикадан бастап мәдениет саласына дейін қамтыған бастамаларын бағалап-бағамдады.

Сайлауалды науқан еліміздегі қоғамдық күн тәртібі өзгергенін, жасампаздық пен өркендеу идеясы мемлекет саясатының арқауына айналғанын айқын көрсетті. Жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды ұсыныстар айтыла бастады. Бұл – түбегейлі саяси жаңғырумен қатар, ұлтымыздың қайта жанданған пассионарлық қуатын танытатын маңызды нышан.

Қоғамдық пікірталасқа жастарымыз, кәсіби қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлер де белсенді қатысты. Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін.

Жалпы, халқымыздың саяси мәдениеті артып, жұртымыз мемлекеттік басқару ісіне атсалыса бастады. Бұл біз бір ел болып жүргізген реформалардың тікелей нәтижесі екені сөзсіз.

Азаматтарымыз қастерлі Отанымыздың тағдырына шынайы жанашырлық танытып, еліміздің келешегіне жауапты екенін терең сезінуге тиіс. Сонда ғана Қазақстан одан әрі қарыштап дамиды.

Сайлау науқаны отандық және халықаралық байқаушылардың жіті назарында болды. Олар дауыс беру күні де учаскелерде болады.

Біз «Заң мен Тәртіп» қағидаты үстемдік құратын, халық үніне құлақ асатын, саяси және қоғамдық институттары тиімді жұмыс істейтін мемлекет құрып жатырмыз.

Жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланады деп кәміл сенемін.

Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ.

Біз геосаяси шиеленіс ширығып, жаһандық сын-қатерлер күшейе түскен кезеңде бет алған бағытымыздан таймай, тек алға қарай жүруіміз қажет. Қазақстанды әлемдегі нағыз озық мемлекеттердің қатарына қосу үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, яғни ұлттық стратегиямызды табысты жүзеге асыруымыз қажет.

Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады.

Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз.

Құрметті отандастар, еліміздің келешегі әр азаматтың саналы таңдауына байланысты болмақ. Сайлауға қатысу дегеніміз – халықтың өз ықтиярын білдіру, ел тағдырына бей-жай қарамай, азаматтық жауапкершілік таныту, ел игілігі үшін өнегелі іс жасау деген сөз. Дүние жүзінде миллиондаған адам өз сайлау құқы үшін күресуде.

Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген мақал бар. Азаматтарды, әсіресе, жастарды сайлауға келіп, өз таңдауын жасауға, яғни Қазақстанның табысты дамуына үлес қосуға шақырамын.

Халқымыздың дауысы қастерлі Отанымыздың тұғырын бекемдеуге, нағыз озық ел болуымызға тікелей ықпал етері анық.

Баршаңызға амандық және табыс тілеймін!

Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасасын!

«Кітап оқитын ұлт» республикалық челленджі аясында ауданымызда ерекше рухани әрі тағылымы мол мәдени іс-шара өтті.

«Кітап оқитын ұлт» республикалық челленджі аясында ауданымызда ерекше рухани әрі тағылымы мол мәдени іс-шара өтті. Бұл маңызды акцияға аудандық кітапхана ұжымы белсене қатысып, ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз кітап мерекесін сыйлады.Іс-шараның ең көрнекті бөлігі — «Кітап — рухани қазына» атты кең көлемді кітап көрмесі болды. Көрмеге ұлттық әдебиетіміздің классикалық туындылары, заманауи танымал кітаптар және балаларға арналған түрлі-түсті басылымдар қойылды. Кітапханашылар әрбір туындының маңыздылығына тоқталып, оқырмандарға қызықты шолу жасады.Сонымен қатар “Буккросинг” кітап алмасу, кітапты сыйға тарту рәсімі өткізілді!

Зеренді ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті

Зеренді ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті

22 тамыз күні Зеренді ауданында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында “Игі істер күні” тақырыбымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы ұйымдастырылды.
Акция аясындағы тазалық жұмыстары ауданның барлық елді мекенінде өткізілді. Игі бастамаға ауыл тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және белсенді азаматтардан құралған 300-ге жуық адам қатысты.
Тазалық жұмыстарын жүргізуге 10 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, елді мекендердің аумақтарынан жалпы көлемі 15 тонна қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Атап айтқанда, көшелер, қоғамдық орындар, аулалар және елді мекендерге бекітілген учаскелер тазартылды.
Зеренді ауылында экологиялық акцияға 90 адам қатысып, ауылішілік көшелер мен бекітілген аумақтарда абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1 тонна қоқыс жиналып, арнайы техника арқылы шығарылды.
«Таза Қазақстан» акциясы – табиғатты аялауға, туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қарауға және қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Осындай ортақ іске тұрғындардың белсенді қатысуы елді мекендердің көркейіп, қоршаған ортаның таза болуына оң ықпал етеді.

Әрбір тұрғынның туған жерінің тазалығына үлес қосуы – қоршаған ортаға деген құрметтің және азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.
Таза аумақ – жайлы орта, таза табиғат – жарқын болашақ!

Қазақстанның энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесі алты жылда 4 есеге өсті

🔹Қазақстанның энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесі алты жылда 4 есеге өсті

▪️Қазақстанда жаңартылатын энергетика секторын жүйелі дамыту жұмыстары жалғасуда. Соңғы алты жылда елдің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) объектілері өндіретін электр энергиясының үлесі төрт есеге – 2%-дан 8%-ға дейін өсті.

▪️Көрсеткіштің өсуі мемлекеттік саясаттың жүйелі шараларын іске асыру, ЖЭК жобаларын іріктеу бойынша аукциондар өткізу, инвестициялар тарту және жаңа генерациялау қуаттарын іске қосу нәтижесінде қамтамасыз етілді.

▪️Бүгінде елімізде жалпы белгіленген қуаты 3,8 ГВт-тан асатын 172 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 71 жел электр станциясы және 54 күн электр станциясы бар. Сонымен қатар 44 гидроэлектр станциясы және үш биогаз станциясы жұмыс істеп тұр.

▪️2025 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК нысандары 8,6 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндірді. Бір жыл ішінде жалпы қуаты 500 МВт-тан асатын тоғыз жаңа нысан пайдалануға берілді.

▪️Саланы дамыту жұмыстары 2026 жылы да жалғасуда. Биыл жалпы қуаты 245 МВт болатын тағы 10 ЖЭК нысанын іске қосу жоспарланған. Оның ішінде төрт жел электр станциясы, бес күн электр станциясы және бір гидроэлектр станциясы бар. Жыл қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемі 8,8 млрд кВт·сағ-қа жетеді деп күтілуде.

▪️Жақын перспективада жалпы қуаты 3,6 ГВт болатын шамамен 100 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, жалпы қуаты тағы 4 ГВт болатын ірі ЖЭК жобалары пысықталуда.

▪️Салаға TotalEnergies, China Power, Masdar және China Energy сияқты ірі халықаралық инвесторлар тартылды. Олардың қатысуы заманауи технологиялар мен инвестицияларды тартуға, сондай-ақ жаңа генерациялау қуаттарын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

▪️Алдағы уақытта бұл шаралар елдің энергия теңгеріміндегі таза энергетиканың үлесін арттыруға, энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.

Ивановка ауылында 60 жылға жуық тарихы бар мектеп жаңарды

Ивановка ауылында 60 жылға жуық тарихы бар мектеп жаңарды

Зеренді ауданындағы Ивановка ауылында 60 жылға жуық тарихы бар бастауыш мектеп күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Жаңарған білім ордасы оқушылар мен ұстаздарға жайлы әрі қолайлы жағдай ұсынады.

Мектеп ғимараты 1968 жылы салынған, 1973 жылдан бері білім беру нысаны ретінде жұмыс істеп келеді. Қазір мұнда 0–4 сыныптарда 21 оқушы білім алып, 3 мұғалім еңбек етеді.

Күрделі жөндеу жұмыстары кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүргізілді. Бұл іске «Намыс Групп» ЖШС басшысы, аудандық мәслихат депутаты Ерден Елеулов пен «Кемид» ЖШС басшысы Андрей Шарипов қолдау көрсетті.

Салтанатты шарада аудан әкімі Асет Құрманғожин кәсіпкерлерге алғысын білдіріп, олардың қолдауын туған өлкенің болашағына жасалған маңызды инвестиция екенін атап өтті.

Ерден Елеуловке «Зеренді ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен алғыс хат, ал Андрей Шариповке алғыс хат табысталды.

Жаңарған мектеп – ауыл балалары үшін сапалы білім алуға, дамуға және үлкен армандарға қадам басуға жаңа мүмкіндік.

«Жасыл Ел» — жастардың еңбегі мен белсенділігін біріктірген жоба

«Жасыл Ел» — жастардың еңбегі мен белсенділігін біріктірген жоба 🌿

Биыл жазда Ақмола облысының барлық аудандары мен қалаларынан 1 мыңға жуық жас «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының құрамында жұмыс істеді.

Жастар елді мекендерді абаттандыруға, қоғамдық аумақтарды күтіп ұстауға және басқа да қоғамдық пайдалы жұмыстарға атсалысты. Барлық қатысушымен еңбек шарты жасалып, бұл көптеген мектеп оқушылары мен студенттер үшін алғашқы ресми жұмыс тәжірибесіне айналды.

📍 Жобаға облыстың барлық аумағы қамтылды. Ең ірі еңбек жасақтары Көкшетау, Степногорск қалаларында, Бурабай және Целиноград аудандарында жұмыс істеді.

«Жасыл Ел» — бұл тек еңбекпен қамту емес. Бұл — жауапкершілікке, еңбек тәртібіне және командалық жұмысқа баулитын, туған өлкені көркейтуге үлес қосуға мүмкіндік беретін маңызды жастар жобасы.

🌱 Еңбек еткен жас — ел болашағына үлес қосқан жас!

Ақмола облысында білім берудің цифрлық мүмкіндіктері кеңейіп келеді

Ақмола облысында білім берудің цифрлық мүмкіндіктері кеңейіп келеді

Ақмола облысында білім беру жүйесін цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Басты мақсат – білім сапасын арттырып, оқушылар мен педагогтер үшін заманауи цифрлық орта қалыптастыру.

🔹 Өңірдегі мектептердің 100%-ы интернет желісіне қосылған.
🔹 161 мектепке Starlink спутниктік жабдығы орнатылып, 150–230 Мбит/с жылдамдықтағы интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілді.
🔹 Мектептерде 46 мыңнан астам компьютерлік техника пайдаланылуда.
🔹 2025–2026 оқу жылында 134 мектеп талшықты-оптикалық байланыс желісіне қайта қосылды.

Бүгінде цифрлық технологиялар, онлайн платформалар, интерактивті құралдар және жасанды интеллект білім беру процесінің маңызды бөлігіне айналып келеді.

💡 Цифрландыру – тек техникалық жаңғырту емес. Бұл – оқушылардың цифрлық сауаттылығын, сыни ойлауын және жаңа технологияларды тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану дағдыларын дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция.

Заманауи мектеп – заманауи білім, ал цифрлық мүмкіндіктер – болашаққа жасалған қадам!

S&P Global Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне дейін көтерді, болжам «Тұрақты»

S&P Global Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне дейін көтерді, болжам «Тұрақты»
 
S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне дейін көтерді. Агенттіктің шәкілі бойынша рейтингтің осы деңгейіне 2016 жылдан бері алғаш рет қол жеткізіліп отыр.

Тәуелсіз кредиттік рейтингтің көтерілуі елдің экономикалық дамуының орнықты перспективаларын, экономиканың әртараптандырылуы жалғасып жатқанын әрі сыртқы және фискалдық буферлердің айтарлықтай жинақталғанын көрсетеді.

Агенттіктің бағалауы бойынша, Қазақстанның экономикасы сыртқы  сын-қатерлерге және әлемдік тауар нарықтарындағы бағаның құбылмалылығына қарамастан, орнықты болып қалады және орта мерзімді перспективада өсуді жалғастырады.

Сарапшылардың болжамынша, 2026 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,1%-ды құрайды, болашақта Қазақстанның экономикасы мұнай экспорттаушы елдер арасында салыстырмалы түрде жоғары қарқынмен өсетін болады.

S&P экономиканы әртараптандыруға бағытталып, іске асырылып жатқан ауқымды инвестициялық бағдарламаның рөлін атап өтеді. Шикізат өңдеуді және инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ арқылы дамыту жөніндегі жобалардың қаржыландырылуы келешекте инвестициялар деңгейін ЖІӨ-нің 30%-на дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

S&P пікірінше, бюджет шығыстарының қалыпты қарқынмен өсуі және салықтық базаны кеңейту жөніндегі шаралар бюджет тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді.

Қазақстан валюталық активтерінің мөлшері сыртқы борышының қалыпты көлемінен асатындай едәуір мөлшерде болғанда, сыртқы кредитор ретінде мықты позициясын сақтайды.

Сондай-ақ, агенттік банк секторының макроэкономикалық күйзелістерге орнықтылығын атап өтті. Реттеу және қадағалау жөніндегі саясаттың біртіндеп жетілдірілуі банк секторының орнықтылығының артуына және активтер сапасына байланысты жүйелік тәуекелдердің төмендеуіне ықпал етті.

Бұның алдында елдің тәуелсіз кредиттік рейтингі «BBB-» деңгейінде болған.

https://t.me/presseconomy

Жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланады деп кәміл сенемін.

Жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланады деп кәміл сенемін.

Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ.

Біз геосаяси шиеленіс ширығып, жаһандық сын-қатерлер күшейе түскен кезеңде бет алған бағытымыздан таймай, тек алға қарай жүруіміз қажет. Қазақстанды әлемдегі нағыз озық мемлекеттердің қатарына қосу үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, яғни ұлттық стратегиямызды табысты жүзеге асыруымыз қажет.

Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады.

Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз.

t.me/aqorda_resmi

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑