Page 38 of 260

♻️ Тазалық – күнделікті өмір салты.

♻️ Тазалық – күнделікті өмір салты.

Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, қоқысты арнайы орындарға тастау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз.

#ТазаҚазақстан

Қазақстанда Құрылтай есімді 10 адам бар

Қазақстанда Құрылтай есімді 10 адам бар

Құрылтай есімі және оның нұсқалары бүгінде Қазақстанда өте сирек кездеседі.

2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша «Құрылтай», «Курылтай», «Курултай» және «Курлтай» есімдерімен 10 азамат тіркелген. Олардың 6-ы ер адам, 4-і әйел.

Құрылтай есімі және оның нұсқаларын иеленген азаматтардың ең көп саны Шығыс Қазақстан облысында тіркелген – 4 адам. Алматы қаласында 2 адам тұрады. Абай, Жамбыл, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының әрқайсысында бір адамнан тіркелген.

10 адамның бесеуі 65 жастан асқан. Олардың ішіндегі ең үлкені – 80 жаста. Қалған төрт адам 30-34, 50-54, 55-59 және 60-64 жас аралығындағы топтарға жатады.

🔎 2026 жылғы 10–20 тамыз аралығындағы ресми теріске шығарулардың қысқаша жиынтығы

🔎 2026 жылғы 10–20 тамыз аралығындағы ресми теріске шығарулардың қысқаша жиынтығы

➡️ Фейк: 2026 жылғы қарашадан 2027 жылғы ақпанға дейін күштік құрылымдарда кадрлық ауыс-түйістерге мораторий енгізіледі.
Факт: 2026 жылғы 3 маусымдағы №295-VIII Заңда әскери қызметшілер мен күштік құрылым қызметкерлерін қызметтен босатуға, ауыстыруға немесе тағайындауға мораторий енгізу туралы норма жоқ.

➡️ Фейк: eGov бұзылып, 15 млн қазақстандықтың деректері тарап кетті.
Факт: Техникалық тексеру eGov жүйелерінің бұзылмағанын көрсетті. Даркнетте жарияланған материалдар eGov деректер базасынан алынбаған және мемлекеттік жүйелердің құрылымына сәйкес келмейді.

➡️ Фейк: Қазақстанның энергетикалық жүйесіндегі апат Өзбекстандағы электрмен жабдықтау іркілісіне себеп болды.
Факт: ҚР Энергетика министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

➡️ Фейк: Автомектептерді есепке алу және жүргізуші куәлігіне емтихан қабылдау жеке ұйымдарға беріледі.
Факт: Емтихан қабылдау функциясын жеке ұйымдарға беру қарастырылып отырған жоқ. Автомектептерді есепке алу мен оқу топтарын тіркеу мемлекеттік функция болып қала береді.

➡️ Фейк: Мемлекеттік органдар БАҚ, журналистер, блогерлер мен белсенділердің аккаунттарын жаппай бұғаттап жатыр.
Факт: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұғаттамайды.

➡️ Фейк: BI Group 1 000 пәтер ойнатып жатыр.
Факт: Компания мұндай ұтыс жариялаған жоқ. Таралып жатқан шарттар, күндер мен орындар шындыққа сәйкес келмейді.

📎 Қосымша: Петропавлдағы жол-көлік оқиғасының салдары туралы жалған ақпарат таратқан TikTok пайдаланушысына сот 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл тағайындады.

⚠️ Ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріп, расталмаған хабарламаларды таратпаңыз.

Sarap сарапшылары сайлау науқанының аралық қорытындыларын талқылады

Sarap сарапшылары сайлау науқанының аралық қорытындыларын талқылады

2026 жылғы 20 тамызда Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты «Сайлау – 2026: сайлау науқанының аралық қорытындылары және дауыс беру алдындағы жұмылдыру» тақырыбында «SARAP» сарапшылар клубының көшпелі отырысын өткізді.

Отырыс барысында сарапшылар ағымдағы сайлау науқанының аралық қорытындыларын, қоғамдық-саяси үдерістердің динамикасын және халықтың электоралдық белсенділік деңгейін талқылады. Дауыс беру қарсаңындағы азаматтардың көңіл күйіне, олардың сайлау үдерісіне қатысуына, сондай-ақ саяси партиялардың үгіт-насихат жұмысының негізгі бағыттарына ерекше назар аударылды.

Сараптамалық талқылауға Астана қаласының, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының қоғамдық-саяси, академиялық және ғылыми-зерттеу орталарының өкілдері, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес сектор мен азаматтық қоғамның өзге де институттарының өкілдері қатысты.

Отырысты Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Боқанова ашып, сайлау науқанының қазіргі кезеңінің ерекшеліктеріне тоқталды. Спикер қазіргі сайлау науқанының маңызды ерекшеліктерінің бірі ретінде партиялардың бағдарламалары мен саяси ұстанымдарын ашық талқылауға мүмкіндік беретін, сайлаушылардың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтіп, саяси бәсекенің мазмұнды дамуына ықпал ететін теледебаттардың өткізілуін атап өтті. «Сонымен қатар, сайлау – қоғамдық-саяси үдерістің соңғы нүктесі емес. Дауыс беру аяқталғаннан кейін қоғам алдындағы жауапкершілік одан әрі арта түседі. Сайлауалды кезеңде айтылған бастамалар мен азаматтардың сұраныстары нақты шешімдерде жалғасын табуы маңызды. Сондықтан сайлаудан кейін де мемлекет, саяси партиялар, азаматтық қоғам және сарапшылар арасындағы диалогты сақтау қажет», – деп атап өтті.

ҚҚДИ Институционалдық талдау және реформалар орталығының басшысы Риззат Тасым сайлау науқанының қазіргі кезеңіне шолу жасап, оның негізгі үрдістері мен өңірлердегі электоралдық үдерістердің ерекшеліктеріне тоқталды: «Азаматтар ел дамуының негізгі саяси бағдарларын кеңінен қолдайды. Стратегиялық мақсаттарға қатысты қоғамдық ұстанымдардың ұқсастығы ерекше мәнге ие. Бұл Қазақстан дамуының негізгі бағыттары бойынша орнықты қоғамдық консенсустың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай ортақ түсінік елдің ұзақ мерзімді мақсаттарын дәйекті әрі жүйелі жүзеге асыру үшін берік қоғамдық негіз қалыптастырады».

«Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ президенті Арман Елдесов қоғамдық сұраныстармен мазмұнды жұмыс істеп, салмақты шешімдер қабылдай алатын кәсіби Құрылтай қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. «Бүгінде азаматтар анағұрлым ақпараттанған, қоғамда болып жатқан қоғамдық-саяси үдерістерді жақсы түсінеді және саяси институттардың қызметіне саналы түрде баға береді. Сонымен бірге саяси өкілдіктің сапасына қойылатын талаптар да артып келеді. Бұл тұрғыда Ақтөбе азаматтық белсенділіктің жоғары деңгейін және тұрғындардың қоғамдық-саяси күн тәртібіне қызығушылығын көрсетіп отыр», – деді сарапшы.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нарқазы Қартжан жастардың қоғамдық-саяси белсенділігінің жоғары екеніне назар аударып, студенттермен тұрақты жұмыс олардың нақты сұраныстарын, қызығушылықтарын және елде болып жатқан үдерістерге көзқарасын түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті. «Жастармен тікелей жұмыс істей отырып, біз олардың сұраныстарын, қызығушылықтары мен үміттерін жақсы білеміз. Бүгінде жастар қоғамдық-саяси үдерістерді жіті қадағалап, өз ұстанымдарын ашық білдіреді және ел үшін маңызды мәселелерді талқылауға дайын. Біз жастардың саяси белсенділік деңгейінің айтарлықтай жоғары екенін көріп отырмыз. Сондықтан олардың үнін естіп қана қоймай, жастардың елдің қоғамдық және саяси өміріне мазмұнды қатысуына жағдай жасау маңызды», – деп мәлімдеді.

Маңғыстау облысының басқарушы, сервистік компаниялар және мүлік иелері бірлестіктері қауымдастығының төрағасы, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Қайырғали Қалмұқанов азаматтардың заң шығару үдерісіне қатысуын кеңейту қажеттігіне назар аударып, адамдардың практикалық тәжірибесі мен сұраныстары қабылданатын шешімдерде көрініс табуы тиіс екенін атап өтті. Ол мысал ретінде төрт заңды талқылау мен әзірлеуге қатысқан өз тәжірибесін келтірді: «Заң шығару үдерісіне кәсіби саясаткерлер мен сарапшылар ғана емес, қарапайым азаматтар да белсендірек қатысуы маңызды. Кейіннен заңнамалық шешімді талап ететін мәселелермен жергілікті жердегі адамдар тікелей бетпе-бет келеді. Бізде мұндай тәжірибе бар – төрт заң бойынша жұмысқа қатысып, өз ұсыныстарымызды енгіздік және азаматтардың пікірі шынымен де маңызды екенін көрдік. Сондықтан қоғамның заңнаманы жетілдіруге тікелей қатысуына көбірек мүмкіндік жасау қажет».

М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің шұғыл және жедел медициналық көмек кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Айнұр Донаева денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер мен әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерге қатысты азаматтардың сұраныстарына тоқталды: «Электоралдық көңіл күй мен сайлаушылардың мінез-құлқы айқын өңірлік ерекшелікке ие. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы жалпы қоғамдық күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып табылады».

Атырау қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Арман Баженов азаматтардың сайлау үдерісіне қатысу белсенділігі мен өңір тұрғындарының негізгі қоғамдық сұраныстары жөнінде пікір білдірді: «Жақын арада еліміздің тарихындағы тұңғыш Құрылтайдың құрамы айқындалады. Өңірлік Қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде Халық Кеңесінің Құрылтаймен өзара іс-қимылының басталуын үлкен қызығушылықпен күтемін. Жаңа институционалдық модель азаматтық қоғамның заң шығару үдерісіне қатысуын кеңейтудің, қоғамдық бастамаларды ілгерілетудің және азаматтардың мүдделерін заңнамалық деңгейде білдірудің нақты тетігін қалыптастырады. Бұл қоғам мен мемлекет арасындағы мазмұнды диалог үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, халық билігі қағидаттарын нығайтады».

Батыс Қазақстан облысы Жазушылар одағының мүшесі Әділет Орынбасаров өңірдегі қоғамдық көңіл күй, азаматтардың сайлау үдерісіне көзқарасы және қоғамдық-саяси белсенділігі туралы пікір білдірді. «Батыс Қазақстан облысының шығармашылық зиялы қауым өкілдері түрлі партиялардың өкілдерімен кездесулерге белсенді қатысып, олардың бағдарламаларына қызығушылық танытты және қоғам үшін аса маңызды мәселелерді көтерді. Науқан барысында «Таза Қазақстан» қағидаттары, әділдік пен өзара құрмет мәселелері ерекше өзектілікке ие болды. Партияаралық диалогтың мазмұнды әрі әдепті сипатта өтуі бұл құндылықтардың бүкіл электоралдық кезең бойы сақталғанын көрсетті. Бұл жоғары саяси мәдениет пен ел болашағына деген ортақ жауапкершіліктің көрінісіне айналды».

Ақтөбе облысының Азаматтық орталығының төрағасы Әлішер Мәжит өңірдегі азаматтық қоғамның қазіргі жағдайына және қоғамдық ұйымдардың сайлау үдерісіне қатысуына тоқталды: «Электоралдық үдерістің қарқынды әрі мазмұнды өткен кезеңінде азаматтар барлық партиялардың саяси платформаларымен танысып, олардың бастамаларын салыстыруға және өз ұстанымдарын айқындауға мүмкіндік алды. Ендігі кезекте бақылаушы позициядан жауапты таңдау жасауға көшу ерекше маңызды. Дауыс беруге қатысу – берік азаматтық ұстанымның көрінісі әрі елдің болашағына нақты ықпал ету мүмкіндігі. Бүгінде әрқайсымыз үшін белсенді азаматтық ұстаным танытып, саяси үдерістің жауапты қатысушысы болу маңызды», – деді спикер.

Сарапшылар дауыс беру алдындағы азаматтарды жұмылдыру мәселесіне ерекше назар аударды. Маңызды факторлар ретінде азаматтардың сайлау туралы хабардар болуы, саяси партиялар мен сайлаушылар арасындағы коммуникация, қоғамдық ұйымдардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысуы, сондай-ақ жастардың электоралдық белсенділігін арттыру атап өтілді.

Қатысушылар қазіргі сайлау науқанында дәстүрлі үгіт-насихат тәсілдерімен қатар әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар мен теледебаттардың белсенді қолданылып отырғанын атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, бұл азаматтардың саяси ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтіп қана қоймай, партиялардың сайлаушылар алдындағы бағдарламалық және коммуникациялық жауапкершілігін де арттырады.

🔹Астанадағы Достық үйінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті

🔹Астанадағы Достық үйінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті

📍Астана қаласының Достық үйінде жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға қолдау көрсетуге бағытталған республикалық «Мектепке жол» жобасы аясында қайырымдылық акциясы өтті.

Іс-шара барысында 50-ден астам балаға мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құралдары табысталды. Сондай-ақ аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.

Аталмыш бастама еліміздің өңірлерінде де жалғасып жатыр. Жамбыл облысында 36 балаға қолдау көрсетілсе, Тараз қаласында 75 оқушыға мектеп формасы мен оқу құралдары табысталды.

Көкшетауда акцияға бірнеше этномәдени бірлестіктің өкілдері қосылды. Ал Абай облысында мектептерге қажетті оқу және кеңсе құралдары берілді.

Айта кетейік, «Мектепке жол» республикалық акциясы жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Игі бастама мемлекеттік органдарды, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктерді ортақ қайырымдылық шараларына жұмылдырады. Жобаның басты мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету.

Құрылтай сайлауы күні 16 сағаттық жалпыұлттық online-марафон өтеді

📺Құрылтай сайлауы күні 16 сағаттық жалпыұлттық online-марафон өтеді
 
2026 жылдың 23 тамызына белгіленген Құрылтай сайлауы күні «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының ұйытқы болуымен ауқымды медиажоба – жалпыұлттық online-марафон өтеді. Марафон тікелей эфирде сағат 09:00-ден түнгі 00:30-ға дейін жалғасады.

Ел тарихында тұңғыш рет өтетін Құрылтай сайлауына арналған медиажоба барысында қоғамдағы өзекті тақырыптар талқыланып, сайлау барысынан үздіксіз ақпарат беріледі. Оған қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар, өз саласында жетістікке жеткен мамандар, БАҚ өкілдері, сарапшылар, блогерлер, спортшылар мен өнер жұлдыздары қатысады.

Іс-шара аясында бірнеше алаң жұмыс істейді. Басты сахнада түрлі тақырып бойынша спикерлер ой бөліседі. Touch Screen арқылы негізгі статистикалық мәліметтер мен Қазақстанның әр сала бойынша халықаралық көрсеткіштері ұсынылады. Әр 2 сағат сайын меншікті тілшілер шетелдегі дауыс беру нәтижелерін баяндайды.

Брифинг алаңында Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен шетелдік бақылаушылар және ҚР ОСК науқанға қатысты ресми ақпараттарды жариялайды. Өз саласында жетістікке жеткен тұлғалар мен қоғам белсенділері 5-7 минуттық мотивациялық және танымдық дәрістер оқиды. Дискуссия алаңында қоғамдық-саяси, әлеуметтік және экономикалық, тарихи-мәдени тақырыптар бойынша пікірталастар ұйымдастырылады. Экспресс-камерада жедел пікірлер мен қысқа сұхбаттар беріледі. Сонымен қатар викторина және әртүрлі ойын-сауықтық шаралар қарастырылған.

«Қарқынды құрылыс» жобасы аясында ел аумағында жүріп жатқан ауқымды нысандардың алаңдарынан тілшілер арнайы хабар таратады.

📎Марафонның басты ерекшелігі – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылады. Эфир барысында үш мегаполистің тыныс-тіршілігі көрсетіліп, қалалардың көрікті жерлерінен репортаждар, тұрғындармен және түрлі сала өкілдерімен сұхбаттар ұсынылады. 

📌Жалпыұлттық online-марафон республикалық және аймақтық медиа ресурстрдың ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінде тікелей көрсетіледі. Марафонға қатысты жедел жаңалықтар, маңызды ақпараттар «Онлайн марафон – 2026» Telegram (http://t.me/onlinemarathon2026) арнасында жарияланып отырады.

Саяси күштердің көшбасшылары «Басты дебат – 2026» алаңында кездесті

  • Саяси күштердің көшбасшылары «Басты дебат – 2026» алаңында кездесті

Құрылтай сайлауына санаулы күн қалды. 19 тамызда партиялар сайлауалды науқанның мазмұнды өткен соңғы күндерінің бірін өткізді. Кандидаттар мен партия өкілдері өңірлерде тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және кәсіби қауымдастықтармен кездессе, кешке жеті партияның көшбасшысы басты теледебатта бас қосты. Экономика, халықтың табысы, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік саясат және экология мәселелері дауыс беру алдындағы соңғы ірі саяси эфирдің негізгі тақырыптарына айналды.
«Әділет» партиясы Астанада Мүлік иелері бірлестіктері, ПИК, басқарушы компаниялар мен сала сарапшыларының қатысуымен тұрғын үй қорын басқару мәселелері жөніндегі республикалық диалог алаңын өткізді. Онда инженерлік желілерді жаңғырту және тұрғын үй қорын есепке алуды цифрландыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ партия өкілдері ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушыларымен кездесті және Павлодар облысына сапарын «Богатырь Көмір», Екібастұз ГРЭС-1, Павлодар мұнай-химия зауыты және «Қазақстан алюминийі» өнеркәсіп кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесулер арқылы аяқтады.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия еңбек құқықтары мәселелері бойынша кездесу, сондай-ақ Көкпекті ауылының тұрғындарымен және облыстық «Руханият» орталығында жастармен іс-шаралар өткізді. Талқылаулар барысында агроөнеркәсіптік кешен, экология, зейнетақымен қамсыздандыру және білімнің қолжетімділігі мәселелері қозғалды. Теледебаттардың бірінде болған жағдай да қоғамдық кеңістікте ерекше назар аударды. Кәсіпкер Әсем Болатжан ЖСДП төрағасының теледебат барысында Қазақстан Халық партиясынан ұсынылған әйел кандидаттарға қатысты «сәндидат» сөзін қолданғанына назар аударды.
«Байтақ» партиясы Алматы облысының Долан ауылында педагогтермен және Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының медицина қызметкерлерімен кездесіп, экология мен денсаулық сақтау мәселелерін талқылады. Аумағының бір бөлігі бұрынғы Семей ядролық полигонының аймағына жататын Павлодар облысының Май және Аққулы аудандарында топыраққа, су мен азық-түлік өнімдеріне радиациялық мониторинг жүргізу мәселелері талқыланды. Партия сондай-ақ Ұлытау облысында және Алматыдағы «Алатау Жарық Компаниясы» энергетикалық компаниясының ұжымымен кездесулер өткізді.
Қазақстан Халық партиясы ардагерлермен, «Үміт» дағдарыс орталығының қызметкерлерімен, сондай-ақ тәуелділігі бар адамдарға көмек көрсету орталығының мамандары және пациенттерімен кездесті. Кездесулер барысында рецептімен берілетін дәрі-дәрмектердің босатылуын бақылау, емделгеннен кейін қоғамға бейімделу және мектептердің психологтермен қамтамасыз етілуі мәселелері талқыланды.
«Ауыл» партиясы Павлодар облысында ғылым және білім саласының өкілдерімен, сондай-ақ Набережное ауылындағы «AndasAgro» шаруашылығының еңбек ұжымымен кездесті. Онда өсімдік және мал шаруашылығы мәселелері талқыланды.
«Ақ жол» демократиялық партиясы Ұлытау, Қостанай, Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Павлодар және Жамбыл облыстарындағы сайлауалды кездесулерін жалғастырды. Батыс Қазақстан облысында облыстық штаб өкілдері Бөрілі ауданы Жарсуат ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.
«Respublica» партиясы Ақмола облысында концерттік бағдарлама мен көрме ұйымдастырылған жақтастар форумын, сондай-ақ кандидаттардың «Re Jastary» жастар қозғалысымен кездесуін өткізді.
«Басты дебат – 2026»
19 тамызда 24KZ телеарнасында («Хабар» агенттігі) «Экономикалық өсімнен азаматтардың әл-ауқатына дейін» тақырыбында «Басты дебат – 2026» өтті. Эфирге жеті партияның төрағасы қатысты: Айбек Дәдебай («Әділет»), Дания Еспаева («Ақ жол»), Нұрсұлтан Шоқанов (Қазақстан Халық партиясы), Қайрат Айтуғанов («Ауыл»), Асхат Рахимжанов (ЖСДП), Айдарбек Қожаназаров (Respublica) және Азаматхан Әміртаев («Байтақ»).
Сөз сөйлеу тәртібі бір күн бұрын, 18 тамызда өткен ашық жеребе арқылы анықталды. Дебат форматы төрт раундтан тұрды: бағдарламаларды таныстыру, қарсыластар мен көрермендердің сұрақтарына жауап беру, партиялар арасындағы тікелей пікірталас және қорытынды сөз сөйлеу. Эфир барысында барлық партияның штабынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылып, АҚШ, Қытай және БАӘ-дегі қазақстандықтармен телекөпір өтті. Көрермендер QR-код пен байланыс орталығы арқылы шамамен 59 мың сұрақ жолдады. Олардың арасында шетелден қойылған сұрақтар да болды.
Жеребе қорытындысы бойынша бірінші болып Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров сөз сөйледі. Ол партияның соңғы үш жарым жылда атқарған жұмысы туралы айтып, азаматтар жиі көтеретін мәселелердің қатарында табыс пен бағаның өсуі бар екенін атап өтті. Сұрақтарға жауап беру барысында Қожаназаров цифрландырудың еңбек нарығына ықпалы, кадрларды қайта даярлау қажеттілігі және білім беру жүйесінің жұмыс берушілермен өзара іс-қимылы мәселелеріне де тоқталды. Қорытынды сөзінде партияның Мәжілістің қазіргі шақырылымындағы жұмысының нәтижелеріне баға беріп, вейптерді реттеу, әскери қызметшілердің жоғары оқу орындарына түсуі, фермерлерді қолдау және мемлекеттік сатып алу мәселелерін қозғады.
«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев дебат барысында экологиялық туризмді дамыту, қоршаған ортаны қорғау және бюджет қаражатын пайдалану мәселелеріне тоқталды. Партия бағдарламасы туралы сұраққа жауап бере отырып, ол қаржылық заң бұзушылықтар туралы аудиторлық тексеру деректеріне сүйеніп, қолда бар ресурстарды тиімдірек пайдалану қажеттігін атап өтті.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева дебат барысында табиғи ресурстардан түсетін табысты бөлу, аграрлық сектор мен жас отбасыларды қолдау мәселелерін қозғады. Партияның ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысы туралы сұраққа жауап бере отырып, ол Мәжілістегі фракцияның қызметіне тоқталып, қарастырылып жатқан бағыттардың қатарында агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау, салық шаралары және ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бар екенін айтты. Сондай-ақ Еспаева партияның жас отбасыларды ипотекалық несиелеу саласындағы ұсыныстарын еске салды. Өз кезегінде ол «Әділет» төрағасына салықты көтермей, бюджет кірісін арттыру көздері туралы сұрақ қойды.
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай дебат барысында жұмыспен қамту, ауыл тұрғындарының табысы және жасанды интеллект саласындағы дағдыларды дамыту мәселелеріне тоқталды. Бюджет кірістері туралы сұраққа жауап бере отырып, ол партияның экономика ауқымын кеңейтуге, орта бизнесті дамытуға, қаржыландырудың қолжетімділігіне және бизнеске түсетін салық жүктемесін арттырмай, экспортты ынталандыруға негізделген ұстанымын баяндады. Сондай-ақ Дәдебай ел ішінде шикізатты терең өңдеуді дамыту қажеттігін атап өтті.
«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов дебат барысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру, шағын бизнесті және ауылдағы кооперацияны дамыту мәселелерін қозғады. Астық экспорты туралы айта келе, ол астықты терең өңдеу, тұқым шаруашылығын дамыту және импорттық тұқымға тәуелділікті азайту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Айтуғанов аграрлық секторды цифрландыру, аграрлық ғылымды дамыту және еңбек өнімділігін арттыру мәселелеріне тоқталды. Өз кезегінде ол ҚХП төрағасына экономикалық құрылымы әртүрлі өңірлерде өмір сапасының бірыңғай стандартын қалыптастыру тәсілдері туралы сұрақ қойды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахимжанов сөз сөйлеу барысында еңбекақы төлеу, мемлекеттік бағдарламалар мен бюджет шығыстарын бақылау, сондай-ақ халық табысының ішкі сұранысқа ықпалы мәселелерін қозғады. Қорытынды сөзінде ол партияның ұстанымы негізделген басты қағидаттарды атап, сайлауалды уәделердің орындалуына қоғамдық бақылау жүргізудің маңызын айтты.
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов азық-түліктің, медицина мен білімнің қолжетімділігі, монополияларды реттеу, шағын және орта бизнесті қолдау және өңірлердің экономикалық мамандануын ескеру мәселелері туралы айтты. Ықтимал алимент қоры туралы сұраққа жауап бере отырып, ол қорды мемлекетке қайтарылған заңсыз иемденілген активтерден құралған қаражат есебінен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Үгіт-насихаттың соңғы күнінің алдындағы күн партиялар басымдықтарының әлі де әртүрлі екенін көрсетті. Олар ауыл шаруашылығын қолдау мен халық табысын арттырудан бастап, экологиялық күн тәртібіне, әлеуметтік кепілдіктерге және бюджет шығыстарын бақылауға дейінгі мәселелерді қамтыды. Қорытынды дебатта жеті партияның өкілдері елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелерін талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынды. Үгіт-насихат кезеңі аяқталғаннан кейін тыныштық күні өтеді, ал 23 тамызда дауыс беру болады.

Ақмола облысында 61 азамат төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен өтуде

Ақмола облысында 61 азамат төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен өтуде

Өңірде 61 азамат төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен өтуде. Бұл тетік тұрақты табысы немесе жеткілікті мүлкі бар азаматтарға берешегін жеке жоспар негізінде кезең-кезеңімен өтеуге мүмкіндік береді.

Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Тобыл Демесинов брифинг барысында атап өткендей, рәсім сот арқылы жүргізіледі. Азамат өтінішті өзі беріп, табысы, берешегі және мүлкі туралы мәліметтерді ұсынады.

Іс қозғалғаннан кейін берешекті өндіріп алу тоқтатылады. Сонымен қатар тиісті міндеттемелер бойынша тұрақсыздық айыбы мен сыйақы есептеу де тоқтатылады.

Егер сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін мақұлдаса, азамат үшін жеке жоспар әзірленеді. Онда төлемдерді бөліп төлеу немесе кейінге қалдыру, пайыздық мөлшерлемені төмендету, ай сайынғы төлем көлемін азайту немесе берешектің бір бөлігін кешіру сияқты шаралар қарастырылуы мүмкін.

Жоспарды орындау мерзімі, әдетте, бес жылға дейін созылады. Бұл ретте оның талаптары азаматтың нақты қаржылық жағдайы мен берешекті өтеу мүмкіндіктерін ескере отырып қалыптастырылады.

Ақмола облысында “Қауіпсіз демалыс – Безопасные каникулы” акциясы аясында 1000-ға жуық бала профилактикалық жұмыстармен қамтылды

Ақмола облысында “Қауіпсіз демалыс – Безопасные каникулы” акциясы аясында 1000-ға жуық бала профилактикалық жұмыстармен қамтылды

Ақмола облысында “Қауіпсіз демалыс-Безопасные каникулы” жазғы акциясы аяқталды. Жаз бойы полиция қызметкерлері балалардың сауықтыру лагерьлеріне барып, балалармен кездесіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіз демалысты қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық әңгімелер өткізді.
Биыл Ақмола өңіріне еліміздің барлық қалаларынан балалар келді. Полицейлер сауықтыру мекемелерінде демалып жатқан әрбір баланы профилактикалық және түсіндіру жұмыстарымен қамтуға тырысты.
Кезекті кездесу Зеренді ауданында “Парус ” балалар сауықтыру орталығында «Назар аударыңыз, балалар!» республикалық-жедел профилактикалық іс-шарасы аясында өтті.
Полиция әр түрлі жастағы балалармен бірден екі кездесу өткізді. Балалардың жасын ескере отырып, құқық қорғаушылар оларға жол қауіпсіздігі ережелері, есірткі қолданудың салдары, буллингке қарсы іс-қимылдың маңыздылығы, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілік туралы айтып берді.
Полиция қызметкерлері балалардың жеке қауіпсіздігі, көшедегі және қоғамдық орындардағы қауіпсіз мінез-құлық мәселелеріне, сондай-ақ жазғы демалыс кезінде белгіленген ережелерді сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Жазғы маусымда Ақмола облысының балалар сауықтыру лагерлерінде барлығы 1 000-ға жуық бала профилактикалық жұмыспен қамтылды.
Мұндай кездесулерді өткізу ықтимал құқық бұзушылықтардың уақтылы алдын алуға ғана емес, сонымен қатар балаларда қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын және өз қауіпсіздігі мен басқалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑