Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауды «Заң және Тәртіп» қағидаты негізінде, ашық әрі барлық қатысушыларға тең жағдай жасай отырып өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, Құрылтай сайлауына қатысушы партиялардың өкілдері ел өңірлеріндегі жұмыс сапарларын жалғастыруда. Кандидаттар сайлаушыларға өздерінің саяси бағдарламаларының негізгі бағыттарын түсіндіріп, онда өңірлік мәселелерге ерекше мән беріп отыр.
Мәселен, «Әділет» партиясы өңірлік саясаттың тиімділігі игерілген қаражат көлемімен емес, халықтың суға, жолға, интернетке, дәрігерге, мектепке және жұмысқа қолжетімділігімен өлшенетінін атап көрсетеді.
Жекелеген, нақты мәселелерді шешу арқылы Қазақстан дамуының жалпы бағыты қалыптасады.
Қонысбай ауылында маңызды мәселелер талқыланды Қонысбай ауылдық округінің әкімі Ж.Еслямбеков ауыл тұрғындарымен «Конституция құндылықтары және өңірдің дамуы» тақырыбында кездесу өткізді. Кездесу барысында Конституцияда бекітілген азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң мен тәртіпті сақтау, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың өзекті ұсыныстары мен мәселелері талқыланды. Кездесуде алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауының маңызына да ерекше назар аударылды. Тұрғындарға Құрылтайдың елдің қоғамдық-саяси дамуындағы рөлі, азаматтардың сайлау арқылы өз ұстанымын білдіруінің маңыздылығы түсіндірілді. Ауыл әкімі тұрғындарды сайлау үдерісіне белсенді қатысып, өз таңдауын жауапкершілікпен жасауға шақырды. Себебі әрбір азаматтың таңдауы – елдің болашағына, өңірлердің дамуына және қоғамның одан әрі нығаюына қосылған үлес. Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ашық форматтағы мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы өзара байланысты нығайтып, ел дамуына ортақ жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.
Ақмола облысында IT-білім беру мен стартаптарды қолдау бағыттары дамып келеді
Көкшетауда тамыз және қыркүйек айларында Aqmola Hub базасында IT және технологиялық кәсіпкерлік бағыттары бойынша тегін білім беру бағдарламалары өтуде. Қатысушылар сұранысқа ие дағдыларды меңгеріп, өз стартаптарын инвесторларға таныстырып, жеке жобаларын іске қосуға дайындала алады. Бұл туралы брифинг барысында хаб директоры Асель Абдрахманова мәлімдеді.
Aqmola Hub Көкшетау қаласында 2023 жылдан бері Astana Hub-тың өңірлік алаңы ретінде жұмыс істеп келеді. Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасымен бірлесіп мұнда жобаларды басқару, ГАЖ-аналитика, деректерді талдау, Vibe coding және киберқауіпсіздік бағыттары бойынша қарқынды оқыту бағдарламалары ұйымдастырылады.
Стартап жобаларын әзірлеушілер үшін сарапшылар мен инвесторлардың қатысуымен Pizza Pitch кездесулері өткізіледі. Әр питчтің жүлде қоры – 450 мың теңге.
Сонымен қатар Digital Aqmola және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен бірлесіп Tomorrow School білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қатысушылар командаларға бөлініп, практикалық міндеттермен жұмыс істейді. Бағдарламаға қатысу үшін IT саласында алдын ала дайындықтың болуы талап етілмейді.
Келесі кезеңде Көкшетауда алғаш рет сегіз апталық Smart City акселераторы іске қосылады. Оның аясында командалар қалалық ортаға арналған цифрлық шешімдер әзірлейді. Жобаларда, соның ішінде, жасанды интеллект технологияларын қолдануға мүмкіндік беріледі. Әзірленген шешімдер нақты қалалық мәселелер негізінде сынақтан өткізіледі. Финалға 10 стартапты іріктеу жоспарланып отыр. Олардың үшеуін пилоттық жоба деңгейіне дейін жеткізу көзделген.
Өңір тұрғындары үшін тағы бір мүмкіндік – Astana Hub жүзеге асыратын Tech Orda бағдарламасы. 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтар IT мамандықтары бойынша білім алуға грант иелене алады. Бағдарлама аясында бағдарламалық жасақтама әзірлеу, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, деректерді талдау, UI/UX дизайны және басқа да бағыттар бойынша оқуға болады.
Осылайша, өңірде IT мамандары мен стартаптарды қолдаудың тұтас жүйесі қалыптасып келеді. Яғни азаматтардың алғашқы дағдыларды меңгеруінен бастап, технологиялық шешімдерді әзірлеу, оларды сынақтан өткізу және нақты жобаларға енгізуге дейінгі мүмкіндіктер қарастырылған.
Президенттің АӨК өнімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау: егін жинау науқаны өткен жылдан екі есе жылдам жүріп жатыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Үкімет егін жинау науқанының тұрақты өтуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда. Қазіргі көрсеткіштер өнімділіктің артып, салада қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді.
Мұндағы соңғы жылдардағы негізгі құрал агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауға деген көзқарасты өзгерту болды, салада жекелеген іс-шараларды қаржыландырудан бастап бүкіл өндірістік циклды кешенді түрде қамтамасыз етуге назар аударылды.
Алдын ала қаржыландыру, ресурстарға жеңілдікпен қол жеткізу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, тыңайтқыштар мен сапалы тұқымдарды қолдану көлемін ұлғайту, сондай-ақ заманауи агротехнологияларды енгізу диқандарға маусымға уақтылы дайындалуға және егін жинау жұмыстарының жоғары қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Егін жинау қарқыны былтырғыдан екі есе жоғары – орташа өнімділік гектарынан 14,6 центнер Жаппай егін жинау науқаны еліміздің барлық негізгі аграрлық аймақтарында 2026 жылдың 15 тамызында басталды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда 2,6 млн гектардан дәнді дақылдар жиналды. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1,3 млн гектар болған еді.
17 тамыздағы мәлімет бойынша орташа өнімділік гектарынан 14,6 центнерді құрады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі түрлері бойынша оң динамика байқалады.
Әртараптандыру шеңберінде бидайдың егістік алқаптары 875 мың гектарға қысқартылды. Соған қарамастан жалпы өнім көлемі өсіп келеді. Бұл әр гектардан алынатын өнімнің артып, қолданыстағы егістік алқаптардың тиімдірек пайдаланылып отырғанын көрсетеді.
Басқа да негізгі дақылдар бойынша бүгінгі таңда 513 мың тонна картоп, 1,1 млн тонна көкөніс және 1,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды.
АӨК-ті қаржыландыру үш жылда жеті еседен астам өсті Қол жеткізілген көрсеткіштер аграрлық секторды мемлекеттік қолдауды дәйекті түрде күшейтудің нәтижесі болып отыр.
Үш жыл ішінде АӨК-ті қаржыландыру көлемі 2023 жылғы 140 млрд теңгеден 2025 жылы 1 трлн теңгеге дейін өсті.
Бұл ретте өндірістік циклдің алғашқы кезеңдерінде қаржы ресурстарына қолжетімділікті арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Диқандар дала жұмыстарын алдын ала жоспарлауға және тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары, жанар-жағармай мен техника сынды қажетті ресурстарды уақтылы сатып алуға мүмкіндік алды. Бұл егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге және қажетті технологиялық операциялардың орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда технологияны сақтау саланың өнімділігін арттырудың негізгі резервтерінің біріне айналуда.
Соңғы екі жылда минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі үш есеге, яғни 1,8 млн тоннаға дейін ұлғайды. Осы жылы көрсеткішті 2,3 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.
Бүгінде 2 млн тонна тыңайтқыш жеткізуге шарттар жасалды, оның 1,9 млн тоннасы немесе жылдық жоспардың 83%-ы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жөнелтілді.
Тұқым қорының сапасын арттыру бойынша жұмыстар да жалғасуда. Элиталық тұқымдарды пайдалану үлесі 2023 жылғы 7,1%-дан қазіргі уақытта 11,6%-ға дейін өсті.
Сонымен бір мезгілде саланы техникалық қайта жарақтандыру шаралары да жеделдетілуде.
Жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемі 10 есеге артып, 2026 жылы 350 млрд теңгеге жетті.
Жыл басынан бері бағдарлама аясында 256,3 млрд теңге сомасына 6 790 өтінім қаржыландырылып, 7 718 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қолдау көрсетілді.
Жалпы, өткен жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері шамамен 25 мың бірлік заманауи техника сатып алды, ал машина-трактор паркінің жаңару деңгейі 2024 жылғы 6%-дан 2025 жылы 6,5%-ға дейін өсті. Биыл бұл көрсеткішті 8%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Негізгі астық егетін өңірлерде жүргізілген талдау шаруашылықтардың технологиялық қамтамасыз етілу деңгейі мен түпкілікті өнімділік арасындағы тұрақты байланысты көрсетеді. Агротехнологияларды сақтау және қажетті ресурстармен қамтамасыз ету неғұрлым жоғары болса, өндіріс тиімділігі соғұрлым жоғары болады.
Осыған байланысты саланы одан әрі дамыту әр гектардан алынатын өнімділікті арттыруға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және заманауи технологияларды жүйелі түрде енгізуге бағытталады.
Астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,7 млн тонна: инфрақұрылым жаңа өнімді қабылдауға дайын Жаңа өнімді қабылдауға қажетті инфрақұрылымның дайындығы алдын ала қамтамасыз етілді.
Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, республикадағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,7 млн тоннаны құрайды. Оның 13,3 млн тоннасы жұмыс істеп тұрған лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарының, ал 17,4 млн тоннасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сақтау қуаттарына тиесілі.
Қазіргі уақытта республикада 189 жұмыс істеп тұрған астық қабылдау кәсіпорны бар.
Qoldau.kz порталының деректеріне сәйкес, лицензияланған астық қоймаларының жүктемесі 2,5 млн тоннаны, яғни 18%-ды құрайды. Бос сақтау көлемі 10,7 млн тонна.
Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау мақсатында министрлік инвестициялық субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетеді. №21 «Астық қоймаларын салу және кеңейту» жобасының паспорты бойынша шығындарды өтеу мөлшері 25%-ды құрайды.
Келіп түсіп жатқан бидайдың сапасы да жоғары деңгейде сақталуда. Жаңа өнімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 469,5 мың тонна астық түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 4 есеге жуық жоғары. Былтыр осы кезеңде қабылданған астық көлемі 120,5 мың тоннаны құраған.
Жаңа өнімнің сақтауға қабылданған жұмсақ бидайының 70%-ы 3-сыныпқа, 18%-ы 4-сыныпқа, ал 12%-ы 5-сыныпқа және сыныпқа жатпайтын бидайға тиесілі.
Егін жинау науқанының үздіксіз жүргізілуі шаруаларға дизель отынының тұрақты жеткізілуі арқылы қамтамасыз етілуде
Егін жинау науқанын өткізудің негізгі шарттарының бірі – агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін дизель отынымен уақтылы қамтамасыз ету. Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жанар-жағармай жеткізу кестесін қалыптастырды.
2026 жылы аграрлық секторға қарастырылған дизель отынының жалпы көлемі 803 мың тоннаны құрады. Оның 402 мың тоннасы көктемгі дала жұмыстарына, 401 мың тоннасы күзгі жұмыстарға бағытталды.
Операторлардың (оның ішінде тасымалдау) шығындарын ескере отырып, негізгі астық егетін өңірлердегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынының түпкілікті бағасы литріне 305–310 теңгені құрайды. Бұл нарықтағы бағадан 10%-ға төмен (ағымдағы жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша жанармай құю стансаларындағы баға – 335–340 теңге/литр). Бүгінгі таңда дизель отынының 71 мың тоннасы тиелді.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін отынмен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында.
Егіс алқаптарын кеңейтудің орнына өнімділікті арттыру өсімнің негізгі факторына айналуда Ағымдағы егін жинау науқаны аграрлық сектордың неғұрлым өнімді модельге көшуін көрсетеді: онда өндіріс көлемінің өсуі ең алдымен тиімділік пен өнімділікті арттыру есебінен қамтамасыз етіледі.
Егіс құрылымындағы өзгерістер саланың технологиялық жаңаруымен қатар жүріп жатыр. Тыңайтқыштар мен сапалы тұқымдарды қолдану көлемі артып, ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып, су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Мемлекеттік қолдау өндірістік циклдің негізгі кезеңдерінің барлығын қамтиды – алдын ала қаржыландыру мен қажетті ресурстармен қамтамасыз етуден бастап, шаруашылықтарды жаңғыртуға және қажетті инфрақұрылымды дамытуға дейін.
Үкімет қабылдап жатқан шаралардың жүйелілігі қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп, агроөнеркәсіптік кешен өнімділігін одан әрі арттыру үшін тұрақты негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Алдағы жұмыс аграрлық сектордың өнімділігін арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге, жер және су ресурстарын ұтымды пайдалануға, сондай-ақ шығындарды азайтып, ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталады.
Бұл Мемлекет басшысының ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және Қазақстанның экспорттық әлеуетін кезең-кезеңімен арттыруға, бәсекеге қабілетті, технологиялық әрі орнықты агроөнеркәсіптік кешен қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетіне сәйкес келеді. #Ауыл шаруашылығы #АӨК #Инвестициялар #Президенттің тапсырмасы Дереккөз: primeminister.kz
Қазақстанның жаңа Конституциясы азаматтардың жеке бас бостандығы мен оған қол сұғылмаушылық құқығына кепілдік береді.
Адамды құқық қорғау органдары ұстаған кезде оған ұстау себебін түсіндіруге, қорғаушы шақыру құқығын, үндемеу құқығын және оның айтқан сөздері сотта өзіне қарсы қолданылуы мүмкін екенін хабарлауға міндетті.
Соттың шешімінсіз ұстаудың ең ұзақ мерзімі 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартылды.
Бұл өзгерістердің негізгі мәні – адам ұсталған сәттен бастап өзінің құқықтық мәртебесін және құқықтарын нақты білуі тиіс.
Жаңа Конституция – бұл Әділетті Қазақстан. Мұнда сот төрелігі заң мен адам құқықтарын сенімді түрде қорғайды.
Енді барлық деңгейдегі соттар адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен нормативтік құқықтық актілерді қолдана алмайды.
Сот жүйесі бұдан былай ресми түрде Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады. Бұл сот төрелігінің тәуелсіздігін, әділдіктің жоғары деңгейін және әр азаматтың құқықтары мен мүдделерінің тікелей қорғалуын қамтамасыз етеді.
“Сөз – ұлттың визиттік карточкасы” – Kumis Seitova Бүгін мен сөздің күші туралы, дәлірек айтқанда, күнделікті өмірде қалай сөйлейтініміз жайында өз ойымды айтып өтсем деймін. Көп жағдайларда біз туған-туысқан, көрші-қолаң, дос-жаран және бөгде кісілермен сөйлескенде қандай сөздерді қолданамыз, осының бәрі біздің қандай адам екенімізді көрсетеді. Қазақ халқы сөйлеу әдебіне әрқашан үлкен мән берген. Бұл тек сыпайы сөз айту емес. Оның негізінде үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу және кісінің көңіліне тимей, ренжітпей сөйлей білу жатыр. Ата-бабаларымыз «Тіл – жүректің айнасы» деп бекер айтпаған. Себебі адамның қалай сөйлейтініне қарап, оның тәрбиесін, адамдарға деген құрметін және мәдениетін түсінуге болады. Сөз өнері де әрқашан жоғары бағаланған. Керек кезде дұрыс сөз таба білу де үлкен өнер, ал кей кездері бір ауыз сөздің өзі үлкен дауды шешуге көмектескен. Өкінішке қарай, бүгінгі күні осының бәрі біртіндеп азайып бара жатқанын көріп жүрміз. Қазір қоғамдық орындарда, көлікте, әлеуметтік желілерде және күнделікті әңгімелерде дөрекі және балағат сөздер жиі естілетін болды. Кейде тіпті боғауыз сөздер адамдардың күнделікті сөйлесу әдетіне айналып кеткендей әсер қалдырады. Кез келген дөрекі сөздің артында ең алдымен құрметсіздік тұрады. Бұл – сөйлесіп тұрған және айналадағы адамдарға, тіпті балаға дейін және ең соңында адамның өзіне деген құрметсіздікті көрсетеді. Шындығында әр адам өзі өмір сүріп жатқан қоғамның бір бөлігі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы тәртіп пен әдеп туралы айтқанда, осындай қарапайым, бірақ маңызды мәселелерге назар аударады. Себебі мемлекетті ең алдымен оның азаматтары қалыптастырады. Сондықтан әр адамның өз ісі, сөзі және қоғамдағы қарым-қатынасы өте маңызды. Жаңа Конституцияда заңға негізделген және әділ мемлекет құру идеясы көрсетілген. Бірақ бұл қағидалар күнделікті өмірде қолданылғанда ғана өз маңызын көрсетеді. Адамға деген құрмет тек ресми құжаттарда ғана емес, көшеде, көлікте, үйде сөйлескен кезде де көрінуі керек. Демек, қоғамның мәдениеті біздің өзімізден басталады, бір-бірімізбен қалай сөйлесетініміз және бір-бірімізге қаншалықты құрметпен қарайтынымыз қоғамның мәдениетінің айнасын көрсетеді. https://www.facebook.com/100025952056738/posts/2112777319597316/?mibextid=wwXIfr&rdid=URD91Dqx97r7q2pP#
🔹Өнімділіктен цифрландыруға дейін: Ақмола облысында агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігі артып келеді
Ақмола облысында егін жинау науқаны қарқын алып келеді. Өңірдің барлық аудандарында шаруалар алқаптарға шығып, бүгінгі таңда басты міндеттердің бірі – науқанды ұйымдасқан түрде, оңтайлы мерзімде және өнім сапасын жоғалтпай өткізу. Осы мәселелер Бурабай ауданында өткен ауқымды агрокеңесте талқыланды. Жиынға облыстың 200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі қатысты. Жиында қалыптасқан жағдайды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин талқылады. Ақмола облысы дәстүрлі түрде еліміздің негізгі астық өндіретін өңірлерінің бірі болып саналады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 5,6 млн гектар алқапқа орналастырылса, оның 4,5 млн гектарын дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар құрайды. Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында майлы дақылдардың көлемі 838 мың гектарға дейін ұлғайтылды.
Қазір барлық аудандарда егін жинау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде шаруалар 800 мың гектардан астам дәнді дақылды жинап, 978 мың тонна астық бастырды. Орташа өнімділік гектарына 12,2 центнерді құрайды. Жалпы, биыл облыста шамамен 8 млн тонна ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жоспарланып отыр.
Биылғы науқанға өңір толық техникалық дайындықпен кірісті. Егін жинау жұмыстарына 14,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған, машина-трактор паркінің дайындығы 100 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге науқанды өткізу үшін 81 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар шамамен 433 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған.
Техниканы жаңарту жұмыстары да жалғасуда: жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 1,1 мың техника сатып алған, оның 842-сі жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында алынған.
«Бүгінде аграрийлердің алдында тұрған міндет – өнімді жай ғана жинап алу емес, оны сапалы әрі оңтайлы мерзімде жинау. Ол үшін қажетті жағдайлар жасалды: техника, жанар-жағармай материалдары мен тыңайтқыштар қамтамасыз етілді. Біздің міндетіміз – егін жинау науқанын ұйымдасқан түрде өткізу және туындаған мәселелерді жедел шешу», – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.