Page 5 of 258

Ақмола облысында тұтынушылардан мыңнан астам өтініш түскен

Ақмола облысында тұтынушылардан мыңнан астам өтініш түскен

Биыл тоғыз айда Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 1005 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22%-ға көп. Өтініштердің жартысынан астамы бөлшек саудаға, тағы 12%-ы электронды саудаға қатысты. Бұл туралы брифингте департамент басшысы Самат Сайдалин мәлімдеді.

Тұрғындар көбіне сапасыз тауарларға, ақауы бар тұрмыстық техника мен көліктерге шағымданған. Онлайн сауда саласында WYP интернет-дүкеніне қатысты департаментке 63 өтініш түскен. Сатып алушылар ұялы телефондар мен тұрмыстық техниканың ақысын төлегенімен, тапсырыстарын белгіленген мерзімде алмаған. Жалпы өтініштердің 83%-ы ведомствоның құзыреті аясында қанағаттандырылған.

«Біздің міндетіміз – нақты шағымды шешіп қана қоймай, кәсіпкерлердің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін қалыптастыру. Тұрғындар өз құқықтарын біліп, көмек сұраудан қорықпауы маңызды», – деді Самат Сайдалин.

Жыл басынан бері 120 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Заң бұзушылықтардың басым бөлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің шектен асуына байланысты. Сондай-ақ баға көрсеткіштерінің болмауы, сөредегі және кассадағы бағаның сәйкес келмеуі анықталған. «Сапалы Өнім» тұжырымдамасы аясында мамандар тауарлардың 22 түрін зерттеді. Тексеру нәтижесінде талаптарға сәйкес келмейтін өнімдер сауда айналымынан алынды.

Тұтынушылар құқықтары бұзылған жағдайда «Е-tutynushy» және «Е-otinish» қосымшалары арқылы Департаментке жүгіне алады. Сондай-ақ 50-29-89 жедел желі нөмірі арқылы кеңес алуға болады.

Алаңдататын белгілерді назардан тыс қалдырмаңыз: ІІМ ата-аналарды балаларға мұқият болуға шақырады

Алаңдататын белгілерді назардан тыс қалдырмаңыз: ІІМ ата-аналарды балаларға мұқият болуға шақырады

 Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі барлық кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне, сондай-ақ студенттер мен жеке кәсіппен айналысып жүрген жастарға үндеу жолдады.

 Жаңа оқу жылының басталуымен полиция қызметкерлері еліміздің барлық мектептері мен оқу орындарын профилактикалық іс-шаралармен қамтыды. Жалпы 16 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді, оның 5 мыңнан астамы тәжірибелі ұстаздар, психологтар және нарколог-дәрігерлердің қатысуымен ұйымдастырылды.

 Бүгінгі таңда елімізде есірткі қылмыстары үшін 69 жасөспірім ұсталды. Оның ішінде 40-ы есірткі өткізгені, 27-сі аса ірі мөлшерде сақтағаны, екеуі есірткі жарнамалағаны және насихаттағаны үшін ұсталған. Атап өту керек, ұсталғандардың 52-і ұл, 17-сі қыз. 
  • Құрметті ата-аналар мен заңды өкілдер! Сіздерді мынадай белгілер ерекше алаңдатуы тиіс: баланың қолында ақшаның немесе қымбат заттардың кенеттен пайда болуы, телефон мен хат алмасуды жасыруы, әр түрлі күмәнді скриншоттар. Қосымша табыс белгілері – орама қалташалар, шағын пакеттер, оқшаулағыш таспа, электрондық таразылар және басқа да күмәнді заттар.

Жасөспірімнің араласатын ортасына, бос уақытын қалай өткізетініне, әлеуметтік желілерде кімдердің аккаунтарына тіркелгенін, мессенджерлерде кімдермен сенімді байланыс орнатқанына ерекше назар аудару қажет.

ІІМ есірткі қылмыстарын жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталатынын еске салады. Балалардың құқықтық тәрбиесіне белсенді қатысуға шақырамыз, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.

Заң бұзушылықтарға нөлдік төзімділік: полиция тыныштық пен тәртіпті бақылауды күшейтуде

Заң бұзушылықтарға нөлдік төзімділік: полиция тыныштық пен тәртіпті бақылауды күшейтуде

 Ішкі істер министрлігі “Заң мен Тәртіп” қағидатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Оның негізі - кез келген құқық бұзушылыққа дер кезінде ден қою және жауапкершілікті қамтамасыз ету. 

 Полиция кез келген құқық бұзушылықты назарда ұстайды. Атап айтқанда, түнгі уақытта тыныштықты бұзу, бұзақылық жасау, аулаларда және басқа да қоғамдық орындарда пиротехникалық құралдарды пайдалану фактілері бақылауға алынған.

 Көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан аумақтарда, аулаларда, кафе, мейрамхана және ойын-сауық орындарының маңында патрульдеу күшейтілді. Құқық бұзушылықтарды анықтау үшін бейнебақылау камералары белсенді қолданылады. Жаппай бейнебақылау аясында камералар жедел басқару орталықтарына қосылуда. “Қауіпсіз үй” жобасы бойынша учаскелік инспекторлар да ауладағы бейнекамераларға қол жеткізуде.

 Жыл басынан бері полиция тыныштықты бұзудың 79 мың фактісінің жолын кесті (ӘҚБтК-нің 437-бабы). Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп. Елді мекендерде пиротехникалық құралдарды пайдаланғаны үшін 269 құқық бұзушылықтың жолы кесілді (ӘҚБтК-нің 436-бабы). Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Егер тыныштықты бұзу бұзақылық әрекеттермен қатар жүрсе, кінәлі тұлғалар ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылады (ӘҚБтК-нің 434-бабы).

 Кәсіпкерлермен де жеке жұмыс жүргізілуде. Тыныштықты бұзу фактілері бойынша учаскелік инспекторлар осындай құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің атына сегіз мыңнан астам ұсыну енгізді.

 Жұмыс тек құқық бұзушылықтардың жолын кесумен шектелмей, олардың алдын алуға да бағытталған. Алты мыңнан астам учаскелік инспектор шағын аудандар мен тұрғын үй кешендері тұрғындарының чаттарына қосылған. Бұл азаматтардың өтініштерін жедел көруге, құқық бұзушылықтарға дер кезінде ден қоюға және заң талаптарын түсіндіруге мүмкіндік береді.

 ІІМ-нің ұстанымы айқын: қоғамдық тәртіпті бұзудың бірде-бір фактісі назардан тыс қалмауы тиіс. Заң баршаға ортақ, ал тәртіп айналадағы адамдардың құқықтарын құрметтеуден басталады.

Профилактика жол үстінде: “Заң мен тәртіп” акциясы Астана мен Ақмола облысын біріктірді

Профилактика жол үстінде: “Заң мен тәртіп” акциясы Астана мен Ақмола облысын біріктірді

 Елордада есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жолға шыққан “Заң мен тәртіп” пойызының бағыты аясында бірден екі өңірді — Астана қаласы мен Ақмола облысын қамтыған республикалық акция ұйымдастырылды.

 Акцияны ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті Астана қаласы полиция департаментінің, көліктегі полиция департаментінің және “Жолаушылар тасымалы” АҚ қолдауымен ұйымдастырды.

 Акция Астана қаласында басталып, елорда тұрғындарын, сондай-ақ Астана — Бурабай бағыты бойынша қатынаған жолаушыларды қамтыды. Алдын алу жұмыстары Ақмола облысында — Щучинск қаласы мен Бурабай станциясында жалғасты. Бұл жерде іс-шаралар білім беру ұйымдарының оқушылары мен өңірдегі ұйымдардың өкілдеріне арналды.

 Акция аясында пойыз есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған өзіндік мобильді алаңға айналды.

 Жолаушылар мен өңір тұрғындары үшін ақпараттық және интерактивті алаңдар ұйымдастырылып, профилактикалық әңгімелер өткізілді, кинологиялық қызмет орталығының көрсетілімдік қойылымдары мен тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылды. Пойыз құрамында жол жүрген делегация бірқатар кездесу мен акциялар өткізді. Олардың негізгі мақсаты — саналы таңдау жасауға және есірткіден бас тартуға шақыру болды.

 Акция барысында ішкі істер министрлігінің қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қолданатын заманауи технологияларына да ерекше назар аударылды. Іс-шараға қатысушыларға ішкі істер органдарының қару-жарақ құрамында тұрған робот-ит, сондай-ақ “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасының жарқын нышандарының біріне айналған “Заң мен тәртіп” маскоты таныстырылды.

 Пойыздың безендірілуінде профилактикалық сипаттағы ақпараттар орналастырылған. Олардың қатарында азаматтар көмек немесе кеңес алу үшін жүгіне алатын, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қатысты фактілер туралы хабарлай алатын қызметтердің байланыс деректері бар.

 Акция құқық қорғау органдарының өкілдерін, қоғам белсенділерін, жастар мен екі өңірдің тұрғындарын біріктірген мазмұнды қоғамдық-профилактикалық іс-шара форматында өтті.

 Республикалық акцияны көшпелі профилактикалық алаң форматында өткізу есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға және салауатты әрі қауіпсіз өмір салтын насихаттауға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі болды.

 Акцияның негізгі мақсаты — профилактикалық жұмыстың баршаға қолжетімді, заманауи әрі түсінікті болуы қажеттігін көрсету. Сондықтан “Заң мен тәртіп” қағидаты бойынша жүргізілетін жұмыс қалыптасқан дәстүрлі алаңдармен шектелмей, адамдардың өзіне — білім беру ұйымдарына, қоғамдық кеңістіктерге және тіпті жол үстіне дейін жетеді.

«Таза Қазақстан» бүгінде жай ғана экологиялық бастама емес өзіміз тұратын ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетінің бір бөлігіне айналып келеді.

Таза орта – ортақ жауапкершілік

«Таза Қазақстан» бүгінде жай ғана экологиялық бастама емес, өзіміз тұратын ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетінің бір бөлігіне айналып келеді. Тазалық қарапайым нәрселерден басталады: өз аулаңнан, көшеден, саябақтан. Адам ортақ кеңістіктің жағдайы оның өз әрекетіне де байланысты екенін түсінген кезде, қоршаған ортаға деген көзқарасы да өзгереді.

Мұны Ақмола облысының мысалынан да көруге болады. Жақында World Cleanup Day аясында Көкшетау қаласы мен облыс аудандарынан мыңнан астам тұрғын тазалық және абаттандыру жұмыстарына қатысты. Бір күннің ішінде өңірде шамамен 5 мың көшет отырғызылды. Сонымен қатар экологиялық жұмыстар жыл бойы барлық аудандарда жалғасып келеді. Мұндай бастамалардың маңызы – адамдарды нақты іске біріктіруінде.

Әсіресе жастардың белсенділігі қуантады. Бүгінде ақмолалық жастар волонтерлік және экологиялық акцияларға белсенді қатысып жүр. Бұл – тек абаттандыру жұмыстарына көмек емес, азаматтық жауапкершіліктің жақсы үлгісі. Табиғатқа және қоғамдық орындарға ұқыпты қарау әдеті де осындай жеке қатысу арқылы қалыптасады.

Сонымен бірге мұндай жұмыстарды жекелеген акциялармен шектемеу маңызды. Аумақты тазалау немесе ағаш отырғызу – алғашқы қадам ғана. Ең бастысы – оның нәтижесін сақтау: қоқыс тастамау, жасыл желекке күтім жасау, тұрғындар үшін жасалған нысандарға ұқыпты қарау. Сонда ғана бір реттік шаралар тұрақты әдетке айналады.

Меніңше, «Таза Қазақстанның» негізгі мәні де осында. Таза әрі жайлы өңір тек тиісті қызметтердің жұмысы немесе абаттандыру жобалары арқылы қалыптаспайды. Ол әр адамның жауапкершілігінен басталады. Қалаларымыз бен ауылдарымызда осындай азаматтар көбейген сайын, айналамыздағы өзгерістер де айқын бола түседі.

Ермек Нұғыманов – Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

«Таза Қазақстан» бастамасы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық жоба ғана емес қоғамда тазалықты тәртіпті жауапкершілікті және туған жерге деген жанашырлықты қалыптастыратын маңызды қоғамдық бастама

«Таза Қазақстан» бастамасы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық жоба ғана емес, қоғамда тазалықты, тәртіпті, жауапкершілікті және туған жерге деген жанашырлықты қалыптастыратын маңызды қоғамдық бастама.

Қазақ халқы ежелден «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп табиғатты аялауды, жер мен суды қадірлеуді ұрпаққа аманат еткен. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы ұлттық құндылықтарымызбен үндеседі. Себебі Отанға деген сүйіспеншілік үлкен істерден ғана емес, өз аулаңды, көшеңді, ауылыңды таза ұстаудан, туған жеріңнің көркеюіне үлес қосудан басталады.

Бастаманың ауқымдылығы да ерекше назар аудартады. Ел көлемінде экологиялық іс-шараларға миллиондаған азаматтың қатысуы – халықтың қоршаған ортаға деген көзқарасының өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Ағаш отырғызу, елді мекендерді тазарту, абаттандыру жұмыстарына атсалысу арқылы азаматтар ортақ іске өз үлесін қосуда. Бұл – қоғамдық бірлікті нығайтатын маңызды фактор.

Билер алқасы ретінде біз үшін «Таза Қазақстанның» тағы бір маңызды қыры – оның тәрбиелік мәні. Әсіресе жастардың экологиялық бастамаларға белсенді қатысуы қуантады. Жастар табиғатты қорғау арқылы туған жерге деген жауапкершілікті сезініп, кейінгі буынға үлгі көрсетуде. Мұндай азаматтық ұстаным елдің болашағы үшін аса қажет.

Тазалықты тек белгілі бір күндердегі акциямен шектемей, оны күнделікті өмір салтына айналдыру – баршамызға ортақ міндет. «Тазалық – иманның жартысы» деген халық даналығы да осыны меңзейді. Таза орта – мәдениетті қоғамның көрінісі.

Сондықтан «Таза Қазақстан» – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың игілігіне бағытталған ұзақ мерзімді бастама. Оның нәтижелі жүзеге асуы мемлекет пен қоғамның өзара түсіністігіне және әр азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты. Туған жерін таза ұстап, табиғатын аялап, қоғамдық тәртіпті сақтаған әрбір адам елдің жарқын болашағына өз үлесін қосады деп есептейміз.
Серік Баймурзин – Зеренді ауданы Билер алқасының бас биі

«Таза Қазақстан» бастамасы – қоршаған ортаны тазалау немесе елді мекендерді абаттандырумен ғана шектелмейтін, қоғамның мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба деп санаймын.

«Таза Қазақстан» бастамасы – қоршаған ортаны тазалау немесе елді мекендерді абаттандырумен ғана шектелмейтін, қоғамның мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба деп санаймын.
Біз, аға буын өкілдері, тазалық пен тәртіптің әр отбасының, әр азаматтың күнделікті өміріндегі басты құндылықтардың бірі болғанын көріп өстік. Сондықтан Мемлекет басшысының «Таза Қазақстанды» елдің жарқын болашағының кепілі ретінде атап өтуі өте орынды. Өйткені таза әрі жайлы орта өздігінен қалыптаспайды. Ол – әр азаматтың еңбегі, жауапкершілігі және туған жеріне деген жанашырлығының нәтижесі.
«Таза Қазақстан» аясындағы ортақ жұмыстар адамдарды бір мақсатқа жұмылдырып, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыра түседі. Сенбілікке, көгалдандыруға, аумақтарды абаттандыруға бірге қатысқан тұрғындар өз ауылының, қаласының тазалығы мен көркеюіне тікелей үлес қосады. Мұндай жұмыстар әсіресе жастарға еңбекқорлықты, ұқыптылықты және қоғамдық жауапкершілікті үйретуде маңызды.
Меніңше, бастаманың ең басты нәтижесі – тазалықты науқандық жұмыс емес, күнделікті өмір салтына айналдыру. Әр адам «Бұл – менің көшім, менің ауылым, менің өлкем» деген түсінікті жүрегіне орнықтырса, қоғамдағы жауапкершілік те арта түседі.
Таза Қазақстан – таза орта ғана емес, таза ой, мәдениетті қарым-қатынас, ортақ тәртіп пен ел болашағына деген жауапкершілік. Бұл – мемлекет пен қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Сондықтан әрқайсымыз туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне өз үлесімізді қосуымыз қажет деп есептеймін.
Зейнегүл Қазияқпаров – Зеренді ауданы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары

ЕКІНШІ ҚОЛА МЕДАЛЬ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БЕССАЙЫСШЫЛАР 16 ЖЫЛДАН КЕЙІН АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕСІН ИЕЛЕНДІ

ЕКІНШІ ҚОЛА МЕДАЛЬ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БЕССАЙЫСШЫЛАР 16 ЖЫЛДАН КЕЙІН АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕСІН ИЕЛЕНДІ

🇰🇿🥉 Қазақстанның қазіргі бессайыстан ерлер құрамасы Айти–Нагояда (Жапония) өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының қола жүлдесін жеңіп алды.

Командалық есеп қорытындысы бойынша қазақстандық бессайысшылар үшінші орынға ие болып, 16 жылдан кейін Қазақстанды Азия ойындарының тұғырына қайта шығарды. Бұған дейін еліміздің өкілдері қазіргі бессайыстан Азия ойындарындағы соңғы жүлдесін 2010 жылы иеленген еді.

Финалдық кезеңде Қазақстан намысын Тихон Варехин, Темирлан Абдраимов, Лев Чувашов қорғады. Төрт қазақстандық спортшы да жартылай финалдық кезеңнен сәтті өтіп, шешуші сынға жолдама алды.

Қазіргі бессайыс бағдарламасына семсерлесу, жүзу, кедергілер жолағынан өту және жүгіру мен нысана көздеуді біріктіретін laser run сайысы кіреді.

Бұл қола жүлде қазақстандық қазіргі бессайыс үшін маңызды нәтиже болып, жазғы Азия ойындарындағы 16 жылдық жүлдесіз кезеңге нүкте қойды.

Ерлер құрамасының бұл медалі Қазақстан құрамасының XX жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күніндегі жүлделер қорын да толықтырды.

Еске салайық, XX жазғы Азия ойындары Айти–Нагояда 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтіп жатыр.

АЛЕКСЕЙ ЛУЦЕНКО ҚАЗАҚСТАНҒА АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЕКІНШІ АЛТЫНЫН ӘКЕЛДІ

АЛЕКСЕЙ ЛУЦЕНКО ҚАЗАҚСТАНҒА АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЕКІНШІ АЛТЫНЫН ӘКЕЛДІ

🇰🇿🥇 Алексей Луценко Айти–Нагояда (Жапония) өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасының екінші алтын медалін жеңіп алды.

Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі ерлер арасындағы тасжол велоспортынан жекелей уақытқа жарыста жеңімпаз атанды.

Алексей Луценко үшін бұл — мансабындағы төртінші Азия ойындары, ал құрлықтың басты додасында жеңіп алған бесінші алтын медалі.

Жарыс нәтижелері:
🥇🥇🇰🇿 Алексей Луценко — 41:24.05
🥈🇯🇵 Шунсукэ Имамура — 42:58.04
🥉🇲🇳 Сайнбаяр Джамбальямц — 42:58.06

Бұған дейін отандасымыз 2014, 2018 және 2023 жылдардағы Азия ойындарында да чемпион атанған.

⏳ Алексей Луценконың жекелей уақытқа жарыстағы бұған дейінгі нәтижелері:

🇰🇷 2014 жыл (42 км) — 50:28.78
🇮🇩 2018 жыл (40 км) — 55:37.13
🇨🇳 2023 жыл (39,7 км) — 48:05.75

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Азия ойындарына алғаш рет қатысқан 1994 жылдан бері жазғы Азия ойындарының бес дүркін чемпионы атанған спортшы бұған дейін тек каноэші Константин Негодяев болатын. Ол бұл нәтижеге 1994 және 1998 жылдардағы Азия ойындарында қол жеткізген.

Алексей Луценко сондай-ақ 2017 жылғы Азия чемпионы және 2012 жылғы 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионы.

Бүгінде тасжол велоспорты Қазақстанның 9 өңірінде дамытылады. Бұл спорт түрімен жүйелі түрде 5,3 мыңнан астам адам айналысады, спортшыларды даярлау жұмысын 111 жаттықтырушы жүргізеді.

Еліміздегі балалар-жасөспірімдер спорт мектептері жанынан тасжол велоспорты бойынша 22 бөлімше жұмыс істейді. Онда 1,9 мыңнан астам спортшы даярлықтан өтеді. Сонымен қатар спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық және өңірлік мектептер мен колледждерде, олимпиадалық даярлау және олимпиадалық резерв орталықтарында спортшыларды дайындау жұмыстары жүргізіледі.

Қазақстанның тасжол велоспорты бойынша ұлттық құрамасының сапында шамамен 120 спортшы бар, оның 27-сі штаттық ұлттық команда құрамына кіреді.

РИНАТА СҰЛТАНОВА АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАРЫС КҮНІ ҚАЗАҚСТАНҒА АЛҒАШҚЫ АЛТЫН МЕДАЛЬДІ ӘКЕЛДІ

РИНАТА СҰЛТАНОВА АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАРЫС КҮНІ ҚАЗАҚСТАНҒА АЛҒАШҚЫ АЛТЫН МЕДАЛЬДІ ӘКЕЛДІ

Қазақстандық велошабандоз Рината Сұлтанова ХХ жазғы Азия ойындарында әйелдер арасындағы тасжол велоспортынан жекелей жарыста алтын медаль жеңіп алды.

Бұл — Қазақстан құрамасының биылғы Азиададағы алғашқы алтын жүлдесі. Рината Сұлтанова алғашқы жарыс күнінде жеңіске жетіп, ұлттық құраманың алтын медальдар есебін ашты.

Жарыс қорытындысы:
🥇 1-орын — 🇰🇿 Рината Сұлтанова — 36:23.72
🥈 2-орын — 🇨🇳 Чжан Хао — 36:28.40
🥉 3-орын — 🇰🇷 Син Джиын — 36:56.14

Бұл — Рината Сұлтанованың екінші Азиадасы. Бұған дейін Ханчжоуда өткен Азия ойындарында ол жекелей уақытқа жарысудан қола медаль жеңіп алған болатын.

Соңғы жылдары бейінді федерациямен бірлесіп спортшыларды ірі халықаралық жарыстарға дайындауға, Азия чемпионаттары мен басқа да маңызды бәсекелерге қатысуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұндай жарыстарда жинақталған тәжірибе спортшыларды маусымның негізгі додаларына жоспарлы түрде дайындауға мүмкіндік береді.

Бүгінде тасжолдағы велоспорт Қазақстанның 9 өңірінде дамытылып келеді. Өңірлік даярлық жүйесін жетілдіру, федерация мен жаттықтырушылар құрамының жұмысы, сондай-ақ спорт резервін қалыптастыру қазақстандық велоспорттың халықаралық аренадағы позициясын одан әрі нығайтуға негіз болады.

Рината Сұлтанованың жеңісі — Қазақстанның ХХ жазғы Азия ойындарындағы алғашқы алтын медалі.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders NorenUp ↑