Page 51 of 260

Табиғатты қорғау – болашаққа деген қамқорлық.

Табиғатты қорғау – болашаққа деген қамқорлық.

Демалыс орындарында, көшеде және қоғамдық аумақтарда тазалықты сақтайық. Қазақстанда табиғатты ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Табиғатты бірге қорғайық!

ТазаҚазақстан

АЭС және радиациялық қауіпсіздік: Қазақстан мамандарды қалай даярлап жатыр?

АЭС және радиациялық қауіпсіздік: Қазақстан мамандарды қалай даярлап жатыр? Қазақстанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесімен қатар радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ерекше мән беріліп отыр. Бұл бағытта радиациялық бақылау, персонал мен халықты қорғау, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және атом саласына қажетті білікті кадрларды даярлау жұмыстары қатар жүргізілуде. Атом энергиясы мен иондаушы сәулелену көздерін пайдалану ғылымның, өнеркәсіптің және медицинаның заманауи дамуының маңызды бөлігі болып саналады. Радиациялық технологиялар ауруларды диагностикалау мен емдеуде, ғылыми зерттеулер жүргізуде, өнім сапасын бақылауда, медициналық бұйымдарды стерилдеуде, геофизикалық жұмыстарды орындауда және басқа да көптеген салаларда қолданылады.

Бұл ретте иондаушы сәулелену көздерін пайдаланудың кез келген түрі тиісті жауапкершілікті және белгіленген талаптардың қатаң орындалуын талап етеді. Радиациялық қауіпсіздік – бұл жекелеген іс-шара немесе бір реттік тексеру емес, қызметкерлерді, тұрғындарды және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тұрақты жұмыс істейтін жүйе.

Мұндай жүйенің негізі өзара байланысты үш бағыты бар: радиациялық бақылау, қажетті қорғаныс шараларын қолдану және мамандарды кәсіби даярлау. АЭС-ның маңызы

Заманауи әлемде электр қуатын пайдаланбай жұмыс істеу мүмкін емес. Жыл сайын электр энергиясын тұтыну артып келеді. Ал су электр станциялары, жел, күн, және көмір станциялары сияқты энергия тасымалдаушылар электр энергиясын өндірудің тұрақты өсуін қамтамасыз ете алмайды. Қазақстанда электр энергиясын өндірудің негізгі көзі – отын ретінде көмір, газ және мазут пайдаланатын жылу электр станциялары. Ал бұл атмосфераға СО2 таралуын тудырады. Жалғыз тұрақты және қауіпсіз электр энергиясының көзі атом станциясы бола алады.

Қазақстан ядролық қару арсеналынан бас тартып, ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартты, ядролық қаруды таратпау туралы шартты, ядролық қауіпсіздік туралы конвенцияны, пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы біріктірілген конвенцияны ратификациялады. Семей сынақ полигоны (ССП) 1991 жылдан бастап жабылды. ССП радиологиялық тексеріс жүргізілді, сонымен бірге ССП аумағындағы жерлердің көп бөлігін халық шаруашылығына пайдаланды.

Әлемдегі алғашқы атом электростанциясы (АЭС) 1954 жылы 26 маусымда іске қосылды. Бұл Кеңес Одағында салынған әйгілі Обнинск атом электр станциясы. Және де 70 жыл бойы атом электростанциялары бүкіл әлемде пайдаланылып келеді. Қазіргі уақытта әлемде 192 атом станциясы бар. Жалпы оларда 438 энергия блок орналасқан. Олар 31 елдің аумағында орналасқан. Бұл ретте атом энергиясын өндіру бойынша айқын көшбасшы АҚШ болып отыр. Аталған елдегі энергия блоктарының жалпы қуаты 100 ГВт астамды құрайды. Бұл әлемдік энергия өндірісінің төрттен бірінен сәл ғана асады.

Бақылау – қауіпсіздік негізі

Қазақстанда атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясат пен реттеуді Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі жүзеге асырады. Атом энергиясын пайдалану объектілерінің қызметіне мемлекеттік қадағалау мен бақылауды Агенттіктің Атомдық қадағалау және бақылау комитеті жүргізеді.

Қазақстан заңнамасында қызметті лицензиялауға, иондаушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылауға, олардың сақталуын қамтамасыз етуге, радиациялық бақылау жүргізуге, персоналды даярлауға, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге және ықтимал болатын радиациялық апаттарға ден қою бойынша талаптар белгіленген.

Алайда қауіпсіздік ең алдымен ядролық, радиациялық немесе электрфизикалық қондырғыларды пайдаланатын ұйымның өзінде қамтамасыз етіледі. Ұйым басшылығы қауіпсіз жұмыс істеуге қажетті жағдайларды жасауға жауапты, ал мамандандырылған бөлімшелер радиациялық қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылау жүргізеді.

Радиациялық бақылау персоналды жеке дозиметрлік бақылауды, жұмыс орындарындағы доза қуатын өлшеуді, беттердің, жабдықтар мен арнайы киімдердің радиоактивті ластануын бақылауды, қоршаған орта объектілеріндегі радионуклидтердің мөлшерін бағалауды, сондай-ақ радионуклидтердің шығарындылары мен төгінділерін бақылауды қамтиды.

Алынған нәтижелер тек есеп беру көрсеткіштері ретінде қарастырылмауы тиіс. Олардың негізгі мақсаты – радиациялық жағдайдың өзгеруін уақтылы анықтау, қолданылатын қорғаныс шараларының тиімділігін бағалау және алдын алу әрекеттерін қабылдау.

Заманауи бақылау жүйесі сенімді өлшеулерге негізделуі тиіс. Ол үшін тексеруден өткен өлшеу құралдары, бекітілген әдістемелер, радиациялық мониторингтің автоматтандырылған жүйелері және зертханалық талдау әдістері қолданылады. Нәтижелерді дұрыс түсіндіру және мамандардың оларды жеке-дара емес, технологиялық процестің ерекшеліктерін ескере отырып, бағалай білу қабілеті ерекше маңызды.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) ядролық оқиғалардың халықаралық шкаласын (INES) енгізді – бұл ядролық энергияны пайдаланатын және атом станциялары бар барлық мемлекеттерде апаттар мен оқиғаларды саралап қабылдау, оларды бірмәнді (бірдей) сипаттау және бағалау мақсатында енгізілген шкала. INES шкаласы бойынша ядролық және радиологиялық апаттар мен оқиғалар 7 деңгейге жіктеледі. Ең жоғары 7-ші деңгей бойынша тек екі апат бағаланды (Чернобыль, 1986 жыл және Фукусима-1 АЭС-ғы апат, 2011 жыл).

Ядролық физика институтында 50 жылдан астам уақыт бойы ССР-Қ зерттеу реакторы (қазақстандық су-сулы реакторы) жұмыс істеп келеді. ССР-Қ 1967 жылы пайдалануға берілді және зерттеу реакторының қалыпты жұмысынан ешқандай ауытқулар болған жоқ. Бірінші кезекте реактор іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер үшін пайдаланылады, сондай-ақ реакторда өнеркәсіп пен медицина үшін радиоизотоптар өндірісі жолға қойылған.

Қазақстанда су-сулы реакторы типіндегі атом станциясын салу қарастыруда. Көпжылдық пайдалану тәжірибесі бұл реактор түрінің жоғары сенімділігі мен қауіпсіздігін көрсетті. Чернобыль АЭС-да және Фукусима-1 станциясында орын алған апаттар тиісінше ҮҚАР (үлкен қуатты арналық реактор) және қайнаған су реакторларына жатады.

Персонал мен халықты қорғау

Радиациялық қорғаныс қызметті негіздеу, сәулелену дозаларын шектеу және қорғауды оңтайландыру қағидаттарына негізделеді. Бұл иондаушы сәулелену көздерін пайдалану негізделген пайда әкелуі тиіс, сәулелену дозалары белгіленген шектерден аспауы керек, ал радиациялық әсерді мүмкіндігінше төмен және ақылға қонымды қол жетімді деңгейде ұстау қажет екенін білдіреді.

Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәжірибесінде ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар кешенді түрде қолданылады. Оларға қорғаныс тосқауылдары мен қашықтықтан басқару құралдарын қолдану, сәулелену аймағында жұмыс істеу уақытын қысқарту, сәулелену көзінен арақашықтықты ұлғайту, үй-жайларды аймаққа бөлу, қолжетімділікті бақылау, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану және технологиялық регламенттерді қатаң сақтау кіреді.

Басымдық әрқашан инженерлік және техникалық шешімдерге берілуі тиіс. Жеке қорғаныс құралдары маңызды элемент болып табылады, бірақ олар ақаусыз жабдықты, тиімді желдетуді, биологиялық қорғанысты, бұғаттауларды, сигнализацияны және дұрыс ұйымдастырылған технологиялық процесті алмастыра алмайды.

Ұйымның төтенше жағдайларға дайындығы ерекше маңызды. Персонал радиоактивті ластану анықталған, сәулелену көзінің зақымдануы немесе жоғалуы, жабдықтың істен шығуы және радиациялық әсерге әкелуі мүмкін басқа да оқиғалар кезіндегі әрекет ету тәртібін алдын ала білуі тиіс. Апаттық ден қою жоспарлары жүйелі түрде қайта қарастырылып, ал тәжірибелік дағдылар жаттығулар мен оқу-жаттығулар барысында пысықталуы керек.

Сонымен қатар, қауіпсіздікке заманауи көзқарас тек техникалық шаралармен шектелмейді. Ол әрбір қызметкер жеке жауапкершілікті түсінетін, анықталған кемшіліктер туралы уақтылы хабарлайтын және қажетті жағдайлар болмаған кезде жұмыстарды орындауға жол бермейтін қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруды көздейді.

«Алматы қаласы мен Алматы облысы, Жетісу облысының қоршаған орта жағдайы туралы ақпараттық бюллетень. 2023 жылғы жылдық» мәліметтеріне сәйкес облыстың елді мекендері бойынша атмосфераның жер бетіндегі қабатының табиғи радиациялық гамма-фонының орташа мәндері 0,13-0,24 мкЗв/сағ шегінде болды. Облыс бойынша орташа табиғи радиациялық гамма-фон 0,17 мкЗв/сағ құрады және рұқсат етілген деңгейлер шегінде болды.

2023 жылдың жаз айында ҚР АЭА «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК (бұдан әрі – ЯФИ) Алатау ықшам ауданының тұрғындарына 50 дана «D-Shuttle» дозиметрі берілді.

2024 жылдың бірінші тоқсанында сыртқы сәулеленуден алынған жинақталған эквиваленттік дозаны бағалау бойынша талдау жүргізілді. Сыртқы сәулелену әсерінен алынған эквиваленттік доза 0,13 пен 0,17 мкЗв/сағ аралығында болды, бұл орташа есеппен – 0,15 мкЗв/сағ құрады.

Осылайша, Алатау ықшам ауданы тұрғындарының сыртқы сәулеленуінен алынған орташа эквиваленттік дозасы (0,15 мкЗв/сағ) Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша орташа мәннен (0,17 мкЗв/сағ) 0,02 мкЗв/сағ төмен.

Жүргізілген зерттеулер Алматы қаласының Алатау ықшам ауданының тұрғындарына ССР-Қ зерттеу реакторынан да, ЯФИ басқа да радиациялық және электрфизикалық қондырғыларынан да техногендік радиациялық әсердің жоқ екенін растады.

Мамандарды даярлау – қауіпсіздікке салынған инвестиция

Тіпті ең заманауи бақылау және қорғау жүйелері білікті персоналдың қатысуынсыз өз тиімділігін толық қамтамасыз ете алмайды. Радиациялық қауіпсіздік жөніндегі маман заңнама талаптарын біліп қана қоймай, оларды нақты өндірістік жағдайда қолдана білуі тиіс.

Мұндай маманды даярлау дозиметрия және радиациялық физика негіздерін, радиациялық бақылау әдістерін, иондаушы сәулелену көздерімен қауіпсіз жұмыс істеу қағидаларын, көздерді есепке алу және сақтау талаптарын, қорғаныс құралдарын қолдану тәртібін және радиациялық инциденттер кезіндегі әрекет ету алгоритмдерін зерделеуді қамтиды.

Оқытудың тәжірибелік бөлігі ерекше маңызға ие. Дозиметрлік және радиометриялық аспаптармен жұмыс істеу, өлшеулер жүргізу, сынамалар мен жағындылар іріктеп алу, радиациялық жағдайды бағалау, бақылау нәтижелерін ресімдеу және жаттығуларға қатысу теориялық білімді бекітуге және маманды нақты жағдайларда әрекет етуге дайындауға мүмкіндік береді.

Алдын ала өткізілген талдаулар бойынша қуаты 1200 МВт екі блоктан тұратын АЭС үшін мамандарға сұраныс шамамен 1800 адамды құрайды, оның 1400 жедел персонал, оның ішінде атом саласында жоғары білімі бар 400 қызметкер қажет.

ЯФИ атом саласы үшін жоғары білікті отандық кадрлар даярлау мәселесі шеңберінде 2011 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (Алматы қ.), Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ (Астана қ.), С. Аманжолов атындағы ШҚҚУ (Өскемен қ.) және Д. Серібаев атындағы ШҚТУ (Өскемен қ.) сияқты ҚР жоғары оқу орындарымен бірлесіп, «Ядролық физика», «Ядролық энергетикаға арналған материалдар» және «Ядролық физика және атом энергетикасы» бағыттары бойынша мамандар даярлауды жүзеге асырып келеді.

2023 жылдан бастап ЯФИ бастамасы бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында бірлесіп «Ядролық инженерия» білім беру бағдарламасы әзірленді. Осы бағдарлама шеңберінде ССР-Қ стационарлық зерттеу реакторында білім беру бағдарламасының бейіндік пәндері бойынша практикалық дағдыларды бекіту үшін тиісті практикалық және зертханалық сабақтар өткізу арқылы ҚазҰУ және ЯФИ базаларында АЭС үшін кадрлар даярлау, сондай-ақ студенттердің, магистранттардың және докторанттардың Институт базасында кәсіптік практикадан өтуі жүзеге асырылатын болады.

ЯФИ атом саласының мамандарын сапалы даярлау үшін заманауи базасы бар ҚР-дағы жалғыз ұйым болып табылады. Институттың бірегей базалық қондырғылары: ССР-Қ стационарлық зерттеу реакторы және 6 зарядталған бөлшектер үдеткіші кешені. Инфрақұрылым жоғары білікті кадрларды даярлау үшін қажетті заманауи зертханалармен және оқу орталықтарымен жарақталған. Институттың 23 зертханасында ядролық және нейтрондық физика, қатты денелер радиациялық физикасы, радиоэкология және радиохимия салаларында іргелі, сондай-ақ қолданбалы да зерттеулер жүргізілуде. Сонымен қатар Институтта заманауи аналитикалық және сынақ жабдықтарымен 3 ғылыми-техникалық орталық бар: Радиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы (2000 жылдан бастап); Бүлдірмейтін бақылау әдістері жөніндегі оқу орталығы (2003 жылдан бастап); Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы (2017 жылдан бастап). Барлық оқу International Atomic Energy Agency (IAEA) – Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) қолдауымен ашылды. Институттың жоғарыда аталған орталықтарының 9 қызметкері АЭХА сарапшыларының құрамына кіреді. Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың (ХҒТО) жобалары аясында ЯФИ Атом энергиясының қауіпсіздік проблемалары зертханасы әлемде алғаш рет жапондық әріптестерімен бірлесе отырып, ССР-Қ реакторында IV-ші буын реакторларына арналған отын мен конструкциялық материалдарды сынақтан өткізді.

Болашақта ЯФИ базасында ядролық криминалистика жөніндегі оқу орталығы жұмыс істейтін болады.

2026 жылдың соңына қарай ХҒТО – Халықаралық ғылыми-техникалық орталық жобасы аясында ЯФИ базасында Шағын модульдік реактордың симуляторы (МРС) пайдалануға беріледі.

Қазіргі уақытта ЯФИ 80-нен астам ғылым докторлары мен кандидаттары (PhD) жұмыс істейді. Институт әлемдік стандарттар бойынша да айтарлықтай ғылыми-техникалық әлеуетке ие бола отырып, Қазақстанның ұлттық университеттерінің көптеген ядролық бейіндегі PhD докторанттарын даярлау үшін негізгі база болып табылады.

АЭС үшін мамандар даярлау бағдарламасын іске асыруға ЯФИ қызметкерлерінің тікелей қатысуы білім алушылардың кәсіби құзыреттерін оңтайлы қалыптастыруға және ядролық энергетика саласындағы қызметті жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптарына барынша сай келетін мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

Мұрат Шәкенұлы Төлегенов

Ядролық, радиациялық және экологиялық

қауіпсіздік департаментінің директоры, ф.-м.ғ.к.

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК

АЭС

АЭС салу

қауіпсіздік

кадр даярлау

радиациялық қауіпсіздік

маман даярлау

бақылау

қадағалау

халықты қорғау

Мұрат Шәкенұлы

Ядро

радиация

экология

атом энергиясы

Ядролық физика институты Дереккөз: Egemen.kz

Бостандық – адамзат өміріндегі ең биік әрі қастерлі құндылықтардың бірі

Бостандық – адамзат өміріндегі ең биік әрі қастерлі құндылықтардың бірі

Қазақстан Республикасының Конституциясы адам бостандығын жоғары құндылық ретінде таниды. Әр азаматтың құқығы сот арқылы қорғалады. Ұсталған адамға оның құқықтары мен ұсталу себептері дереу түсіндіріліп, адвокат көмегін алуға мүмкіндік беріледі.

Сондай-ақ Ата Заңда азаптауға, зорлық-зомбылыққа және адам қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттерге қатаң тыйым салынған. Бұл қағидаттар әділ сот пен адам құқығын қорғаудың берік негізін қалыптастырады.

Преамбула – еліміздің басты құндылықтары мен бағыт-бағдары жазылған маңызды бөлім

Преамбула – еліміздің басты құндылықтары мен бағыт-бағдары жазылған маңызды бөлім

Конституция Преамбуласы «Біз, біртұтас Қазақстан халқы» деп басталады. Бұл еліміздегі биліктің бірден-бір бастауы халық екенін білдіреді.

Конституциялық құндылықтар мен ауылдың дамуы талқыланды

Конституциялық құндылықтар мен ауылдың дамуы талқыланды
Бүгін Зеренді ауылдық округінің әкімі және учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарымен «Конституциялық құндылықтар мен ауылдың дамуы» тақырыбында кездесулер өтті.
Кездесу барысында тұрғындарға Конституцияның қоғамдағы орны мен маңызы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң талаптарын сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің маңыздылығы түсіндірілді.
Сонымен қатар, ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, абаттандыру, тұрғын үйлердің аулаларын күтіп ұстау, тазалықты сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.
Учаскелік полиция инспекторлары құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Кездесу барысында айтылған ұсыныстар тиісті назарға алынып, бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты – тұрғындармен ашық диалог орнату, конституциялық құндылықтарды дәріптеу, құқықтық мәдениетті арттыру және ауылдың тұрақты дамуына қоғамның белсенді қатысуын қамтамасыз ету.

Абай күніне орай Ақмола өңірінде ақынның рухани мұра кеңінен дәріптелді

Абай күніне орай Ақмола өңірінде ақынның рухани мұра кеңінен дәріптелді

Ақмола облысында Абай күніне арналған мәдени-ағартушылық шаралар кең көлемде өтіп жатыр. Өңірдің барлық аудандары мен қалаларында ұлы ақынның шығармашылығын насихаттауға бағытталған әдеби кештер, байқаулар, танымдық сабақтар, пікірталастар мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылуда.

10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының туған күні. Осыған орай Ақмола облысында Абайдың әдеби және музыкалық мұрасын кеңінен насихаттауға, оның тағылымды ойларын жас ұрпаққа жеткізуге бағытталған түрлі форматтағы іс-шаралар қолға алынды.

Абайдың білім, еңбек, адамгершілік пен адалдық туралы ойлары уақыт өткен сайын өзектілігін арттырып келеді. Сондықтан өңірдегі шараларда ақынның шығармаларын жатқа оқумен қатар, оның қара сөздері мен философиялық тұжырымдарын бүгінгі қоғаммен сабақтастыруға ерекше мән берілуде.

Көкшетаудағы Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Абай дана, Абай дара қазақта» атты поэзиялық кеш өтті. Қатысушылар ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқып, оның шығармашылығының ұлттық әдебиет пен руханияттағы орны туралы ой бөлісті.

Абай мұрасын дәріптеудің маңызына тоқталған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байқал Байәділ мұндай кездесулердің ақын шығармашылығын кейінгі ұрпаққа жеткізудегі рөлін атап өтті.

«Абайдың шығармашылығы – халқымыздың рухани қазынасы. Осындай кездесулер арқылы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін қайта оқып, оның айтқан ойларына жаңаша үңілеміз. Абайды ұлықтау – оның мұрасын есте сақтау ғана емес, сол мұраны бүгінгі ұрпақтың санасына жеткізу», – деді Байқал Байәділ.

Ақынның музыкалық мұрасы да назардан тыс қалмады. Көкшетауда «Абай әндері – руханияттың алтын қазынасы» атты сұхбат-кездесу ұйымдастырылып, онда Абайдың әндері орындалып, қара сөздерінің бірі оқылды. Шараның негізгі мақсаты – ақынның әдеби және музыкалық мұрасын кеңінен насихаттап, ұлттық мәдениетке деген қызығушылықты арттыру.

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Абайдың «Ескендір» поэмасының әдеби оқылымы өтті. Театр әртістері шығарманы кезектесіп оқып, поэмадағы философиялық ойлар мен адамгершілік мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Абай мұрасын жастар арасында насихаттауға да басымдық беріліп отыр. Мәселен, облыстық «Абай дана» қарасөзтану байқауына Ақмола облысының аудандары мен қалаларынан жастар қатысады. Байқаудың басты мақсаты – ақынның қара сөздерін кейінгі буын арасында кеңінен насихаттау.

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директорының орынбасары Галина Васильевна Савенкова жастарға Абай мұрасын танытудың маңыздылығын атап өтті.

«Абайдың шығармашылығын жастарға таныстырудың маңызы ерекше. Оның өлеңдері мен қара сөздері жас ұрпақты білімге, ізденіске, адамгершілікке үндейді. Осындай әдеби кездесулер жастардың Абай мұрасына жақындай түсуіне мүмкіндік береді», – деді Галина Васильевна Савенкова.

Абай күніне арналған іс-шаралар облыстың барлық аудандары мен қалаларын қамтып отыр. Әр өңірде ақын шығармаларын оқу, викториналар мен танымдық сабақтар өткізу, көше акцияларын ұйымдастыру, пікірталас пен шығармашылық байқаулар өткізу сияқты түрлі форматтар қарастырылған. Мәселен, Ерейментау ауданында «AbaiTime» көше акциясы ұйымдастырылса, Жарқайың ауданында «Абай – қазақтың рухани темірқазығы» атты танымдық сабақ өткізу жоспарланған.

Осылайша, Абай күні Ақмола облысында бір ғана мәдениет ошағының немесе жекелеген ауданның көлемінде емес, өңірдің барлық аумағын қамтитын ауқымды рухани-ағартушылық бастама ретінде аталып өтуде.

Бір жерде ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалса, енді бір жерде қара сөздері талқыланып, жастар арасында байқаулар мен танымдық шаралар ұйымдастырылуда. Мұның барлығы – Абай мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін де маңызын жоғалтпағанының көрінісі.

Абайды ұлықтау – ұлы ақынның сөзін еске алу ғана емес, оның білімге, еңбекке, адамгершілікке үндеген өнегесін жаңа ұрпаққа жеткізу.

«Мен қоғамда кіммін?»: «Жас дәурен» орталығында «Заң және тәртіп» қағидаттары дәріптелді

«Мен қоғамда кіммін?»: «Жас дәурен» орталығында «Заң және тәртіп» қағидаттары дәріптелді

4 тамызда «Жас дәурен» балалар білім беру-сауықтыру орталығында «Мен қоғамда кіммін?» тақырыбында мазмұнды іс-шаралар кешені өтті. Негізгі мақсат – балаларға қоғамдағы өз рөлін түсіндіру, айналасындағыларды құрметтеуге, өзара түсіністікке және бірлесіп жұмыс істеуге үйрету.

Тақырыптық күн «Заң және тәртіп» қағидаттарымен сабақтасты. Балаларға қоғамдағы тәртіптің сақталуы, өзгенің құқығы мен пікірін құрметтеу, ортақ ережелерге жауапкершілікпен қарау және өз іс-әрекетіне жауап бере білу маңызды екені түсіндірілді.
«Мен және мені қоршаған әлем»

Күн бағдарламасының негізгі бөлімдерінің бірі педагог-психолог Даирова Р.К. өткізген «Мен және мені қоршаған әлем» атты психологиялық сағат болды.

Сабақ барысында балалар адамның қоғамдағы рөлі мен әлеуметтік жауапкершілігі туралы бейнеролик тамашалап, кейін өз ойларын ортаға салды. Арнайы жаттығулар арқылы балалар бір-біріне сенім білдіру, пікірін тыңдау, өзара түсіністік пен ұжымдық қарым-қатынасты нығайту дағдыларын жетілдірді.

«Фиеста» педагогикалық жасағынан қызықты ойындар

Тақырыпты әрі қарай ашу мақсатында «Фиеста» педагогикалық жасағының тәлімгерлері интерактивті және жағдаяттық ойындар ұйымдастырды.

Ойындар барысында балалар қарым-қатынас жасау, көшбасшылық қабілеттерін дамыту, ортақ шешім қабылдау және түрлі жағдайларда бір-бірімен келісімге келу дағдыларын көрсетті.

Шығармашылық пен спорт – ортақ мақсатқа бастар жол

Қоғамдағы өзара сыйластық, достық және жауапкершілік тақырыбы орталықтағы үйірмелердің жұмыстарында да жалғасын тапты.

«GAMMA» бейнелеу өнері студиясында балалар достық, қоғам және жеке тұлғаның «Менін» жүрек бейнесі арқылы шығармашылықпен жеткізді.

Ал спорттық секцияда командалық эстафеталар ұйымдастырылып, басты назар ұйымшылдыққа, тәртіпке және әр қатысушыға қолдау көрсетуге аударылды.

Тақырыптық күн балалар үшін пайдалы әрі мазмұнды өтті. Олар маңызды өмірлік құндылықтар туралы ой бөлісіп қана қоймай, өзара сыйластық, жауапкершілік, тәртіп және командалық жұмыс сияқты қасиеттерді тәжірибе жүзінде қалыптастырды.

Қоғамдағы «Заң және тәртіп» мәдениеті ең алдымен адамның күнделікті әрекетінен басталады. Өзгенің құқығын құрметтеу, белгіленген ережелерді сақтау, жауапкершілікпен әрекет ету және айналаңа қолдау көрсету – осы қағидаттардың қарапайым әрі маңызды көрінісі.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑