⚜️Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай күнімен құттықтауы
Құрметті отандастар!
Баршаңызды Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы ойшылдың шығармашылық әрі зияткерлік мұрасы әлемдік және ұлттық мәдениеттің асыл қазынасы қатарынан айрықша орын алады. Абай ілімі – рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз. Ақын жұртшылықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді бүкпесіз айтып, халқымызды бейқамдық пен жалқаулықтан аулақ болуға шақырды. Хакімнің «Толық адам» идеясы – әрбір азаматты рухани кемелденуге үндейтін және ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мазмұны терең тұжырым.
Биыл Абай күні елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстанның Халық Конституциясы заңды күшіне еніп, биліктің барлық институттарын түбегейлі жаңғырту үдерісі басталды. Бұл – шын мәнінде, ұзақ мерзімге арналған даму бағдарымызды айқындайтын ерекше кезең. Көп ұзамай ел тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Бір палаталы Парламент реформаларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыруға тың серпін беретіні сөзсіз.
Бұл өзгерістердің түпкі мәні – жасампаздық құндылықтарын азаматтардың санасына сіңіріп, Қазақстанның тың қарқынмен дамуына жол ашу. Біз қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік идеалдарды дәріптеу барысында әрдайым Абайға жүгінеміз. Ұлы ақын халықтың болашағы үшін білімпаздық, еңбекқорлық, жауапкершілік сынды қасиеттер өте маңызды екенін ұғындырды, көрегендік танытып, жұртты бірлік пен келісімді сақтауға шақырды. Абай қара сөздерінің тағылымы қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндеседі. «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» тұғырнамалық идеялары – Абай армандаған берекелі қоғамның берік негізі. Сондықтан, біз Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз.
Ұлы ойшылдың мол мұрасы алдағы уақытта да өскелең ұрпақты шынайы отаншылдық пен туған елге сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу ісінде рухани азық болады деп сенемін.
Астанада Comic Con қатысушылары тазалық жұмысына шықты
Comic Con Astana 2026 халықаралық фестивалі өткен «Барыс Арена» және «Алау» мұз сарайы алаңдарында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында экологиялық акция өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Фестивальдің қорытынды күнінде алаңға Тазабек маскоты да келді. Ол «Барыс Арена» сахнасына шығып, жүргізушімен бірге қонақтарға тазалықты сақтау және қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын еске салды. Негізгі бағдарлама аяқталғаннан кейін елорда тұрғындары мен қонақтары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қосылды. Қатысушылар фестиваль алаңдарында тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және қала тазалығын сақтау идеясын қолдады.
Экологиялық керуен, форум және саяси сын: партиялардың штабында бір күн қалай өтті
Сайлауалды науқанның сипаты біртіндеп өзгеріп келеді. Өңірлерге сапарлар, еңбек ұжымдарымен кездесулер және ауқымды форумдармен қатар, партиялар қарсыластарының мәлімдемелеріне пікір білдіріп, ашық саяси пікірталасқа жиірек шыға бастады. 7 тамыз күні партиялар елдің әр өңірінде бірқатар сайлауалды іс-шара өткізді. «Әділет» партиясының республикалық штабы Шымкентте жұмысын жалғастырып, онда бастауыш партия ұйымдарының республикалық форумы өтті. Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 3500-ден астам бастауыш ұйым өкілдері қатысты. Партия төрағасы Айбек Дәдебай сайлауалды науқанның барысы туралы баяндап, партия мүшелерінің саны 800 мыңнан асқанын айтты. Оның мәліметінше, бүгінде 3545 бастауыш ұйым (шамамен 650 мың мүшесі бар), 20 өңірлік және 226 аумақтық штаб жұмыс істейді. Науқанға 30 мыңға жуық сенімді өкіл тартылған. Кандидаттар цифрландыру, әлеуметтік саясат және өзге де бағыттарды қамтитын сайлауалды бағдарламаның жекелеген бөлімдерін таныстырды. Сондай-ақ Шымкент қаласының мәдениет және өнер саласы өкілдерімен жеке кездесу өтті. Онда кітап оқу мәдениетін дамыту, театрлар мен креативті индустрияны қолдау мәселесі талқыланды. Сонымен бірге ұлттық мәдени құндылықтарды қорғау және конституциялық негіздерді сақтау мәселесі қозғалды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахымжанов журналистермен кездесуде Қазақстан халық партиясын сайлау науқаны басталар алдында партия төрағасын ауыстырғаны үшін сынға алды. Партияның Алматы облыстық филиалы Қонаев – Жаңа Арна – Заречный – Арна – Алатау бағыты бойынша автокеруен ұйымдастырды. Партия белсенділері мен кандидат Р. Жүсіпова Павлодар облысының Аққулы ауылының тұрғындарымен кездесті. Ақмола облыстық филиалының өкілдері Сандықтау ауданындағы Балкашин мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен жүздесті. Сонымен қатар Жезқазған қаласының тұрғындарымен де кездесу өтті. Ақтөбе облыстық филиалы мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) төрағаларының қатысуымен олардың даму перспективаларына арналған ашық диалог ұйымдастырды. Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында, Көкшетау және Рудный қалаларында партия мүшелері тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, үгіт-насихат материалдарын таратты. Аралдан басталып, Қызылорда және Түркістан облыстары арқылы өткен «Байтақ» партиясының экологиялық керуені Жамбыл облысына жетті. Партия мәліметінше, бұл сапар өңірлердегі табиғатты қорғау және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналды. Астанада кандидат Сәуле Қамытбекова Center Concrete темірбетон бұйымдары зауыты мен Integrate Clinic медициналық орталығының ұжымымен кездесті. Кездесуде құрылыстағы энергия үнемдеу технологиялары мен экологияның адам денсаулығына әсері талқыланды. Петропавлда кандидат Алмаз Жакишев «Мархабат» түзету балабақшасына барып, инклюзивті білім беру мен балалардың экологиялық қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Қазақстан халық партиясы бірнеше өңірде тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. Атап айтқанда, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Түймекент ауылының тұрғындарымен, Алматы облысы Шелек ауылындағы Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының ұжымымен, Теміртаудағы №7 кітапхана қызметкерлерімен, шамамен 700 адам еңбек ететін «Имсталькон» АҚ ұжымымен, көмір разрезі мен электр станциясында 4,5 мыңға жуық адам жұмыс істейтін «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ қызметкерлерімен, сондай-ақ Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғындарымен жүздесті. Ұлытау облысында партия штабының өкілдері Жезқазған көпбейінді ауруханасының ұжымымен және «ҚазТрансОйл» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті. Өскеменде партия кандидаттары мен белсенділері қала тұрғындарымен трамвай ішінде бейресми кездесу өткізді. Талдықорғанда өткен үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобалар көрмесінде ҚХП кандидаты Ирина Смирнова ЖСДП-ны сынға алып, қарсылас партияның бағдарламасында азаматтық секторды қолдау мәселесі жоқ екенін айтып, ЖСДП-ны «бір адамның партиясы» деп атады. «Ауыл» партиясы Солтүстік Қазақстан облысында еңбек ұжымдары және ауыл тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Партия өкілдері құс фабрикасында, қайта өңдеу кәсіпорнында, Якорь ауылындағы ветеринарлық пунктте және «Есіл Су» филиалында болды. Кездесулер барысында салалық мәселелермен қатар, ауылдағы кадр тапшылығы бірнеше рет көтерілді. Шығыс Қазақстан облысында партия төрағасы Қайрат Айтуғанов кандидаттармен бірге инклюзивті қоғам өкілдерімен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен және ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарымен кездесті. Онда қолжетімді орта, инклюзивті білім беру және кәсіби даярлық мәселесі талқыланды. Семей қаласында Абай облыстық штабының жетекшісі Қайрат Смағұлов пен кандидат Балнұр Ахметова KondiZ кондитер фабрикасының ұжымымен кездесу өткізді. «Ақ жол» партиясы Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде Ақтөбе облысынан кәсіпкер, партияның облыстық филиалының төрағасы әрі жергілікті мәслихат депутаты Ұлан Қозыбақовты таныстырды. Партияның республикалық сайлауалды штабы төрайым Дания Еспаеваның жетекшілігімен Алматы облысы Қарасай ауданындағы Шамалған ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары таныстырылып, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берілді. Штаб сондай-ақ осы аудандағы макарон өнімдерін шығаратын ANSAR FOODS ЖШС-на барып, еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Сонымен қатар партия Respublica өкілдерінің сынына ұшырады. Партия кандидаты Ерболат Мұхамеджан сайлауалды уәделер нақты нәтижемен дәлелденуі тиіс екенін айтып, бұл пікірін «Ақ жол» партиясына бағыттады. Respublica партиясы Шымкент қаласында еңбек ұжымдарымен кездесуін жалғастырды. Үгіт жұмысына партия тең төрағасы Қуаныш Шонбай да қатысты. Делегация Alutech кәсіпорны мен MDS Doors ЖШС-на барып, жұмысшылармен еңбекке салынатын салық жүктемесі, отандық өндірушілерді қолдау және әлеуметтік-экономикалық мәселені талқылады. Қалада кәсіпкерлердің, өнеркәсіп өкілдерінің, жастардың және партия белсенділерінің қатысуымен сайлауалды форум өтті. Онда партияның тең төрағалары мен кандидаттары бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды. Сонымен қатар ReTalks форматындағы ашық пікірталас алаңы ұйымдастырылып, оған бизнес өкілдері, жастар және қоғам белсенділері қатысты. Делегация еліміздегі 80 жылдан астам тарихы бар, экспортқа 130-ға жуық өнім түрін шығаратын «Шымкентмай» АҚ-на да барып, кәсіпорын ұжымымен кездесті. Кездесуде отандық өндірісті қолдау және цифрлық технологияларды дамыту мәселесі сөз болды. Осылайша, 7 тамыз күні партиялар өңірлердегі сайлаушылармен кездесулерін жалғастырып, бір-бірінің мәлімдемелеріне ашық пікір білдіре бастады. Елдің әр өңірінде өткізілген сайлауалды іс-шарасымен қатар, ақпараттық күн тәртібінде партияаралық пікірталас та айқын көрініс тапты.
Жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Ауқымды реформалардың заңды жалғасы ретінде бір палаталы Құрылтай құрылып, сайлау пропорционалды жүйеге көшті. Бұл саяси партиялардың рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.
Конституциялық реформа Қазақстанның саяси жүйесінің барлық құрылымын өзгертті. Жуырда біз жаңа жоғары өкілді орган – Құрылтай депутаттарын алғаш рет сайлаймыз. Оның құрамына 145 депутат енеді.
Неліктен 120 балл грант алуға әрдайым кепілдік бермейді, ал 100 балл жеткілікті болуы мүмкін?
ҰБТ-дан жоғары балл жинау — маңызды артықшылық. Алайда грант тек жинаған балл санына байланысты автоматты түрде берілмейді.
Білім беру гранттары нақты білім беру бағдарламасы бойынша конкурс негізінде бөлінеді. Сондықтан нәтиже тек талапкердің жинаған балына емес, сонымен қатар:
🔹 таңдалған білім беру бағытына; 🔹 бөлінген гранттар санына; 🔹 конкурсқа қатысушылар санына; 🔹 конкурс деңгейіне; 🔹 жекелеген санаттарға арналған квоталардың болуына байланысты.
Мысалы, 120 балл жинаған талапкер жоғары бәсекелестік бар білім беру бағдарламасын таңдаса, грант санына қарағанда талапкерлер саны айтарлықтай көп болған жағдайда грант иегері болмауы мүмкін. Ал 100 балл жинаған талапкер бәсекелестігі төмен бағыт бойынша грантқа ие болуы мүмкін. Маңызды: шекті балл конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді, бірақ грант алуға кепілдік бермейді. Ал өту балы конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша қалыптасады. Сондықтан білім беру бағдарламасын таңдау кезінде тек ҰБТ нәтижесін ғана емес, таңдалған білім беру бағдарламасы бойынша бөлінген гранттар санын және конкурс деңгейін де ескеру маңызды. Грант — бұл жоғары баллдың ғана емес, нақты конкурс нәтижесінің қорытындысы.