Page 56 of 260

Астанада Comic Con Astana 2026 фестивалі басталды

Астанада Comic Con Astana 2026 фестивалі басталды

Елордада кино, комикс, бейнеойын, аниме және косплей жанкүйерлерінің басын қосқан ең ірі гик-мәдениет фестивалі – Comic Con Astana 2026 бастау алды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Биыл фестиваль бірден екі алаңда өтіп жатыр. «Барыс Аренада» негізгі сахналық бағдарлама ұйымдастырылса, «Алау» мұз сарайында көрме аймағы орналасқан. Төрт күн бойы келушілерге арнап халықаралық хедлайнерлермен кездесулер, қолтаңба сессиялары, косплей байқауы, музыкалық және би қойылымдары, интерактивті алаңдар, тақырыптық стендтер мен фестиваль жәрмеңкесі өтеді.

Фестивальдің алғашқы күні келушілер Pop Asia сахнасындағы шығармашылық ұжымдардың өнерін тамашалай алады. Сондай-ақ әуесқой косплей байқауының ересектер мен балалар номинациялары, концерттік бағдарлама және арнайы қонақтармен кездесулер өтеді. Күннің басты оқиғаларының бірі – Comic Con Astana 2026 фестивалінің ресми ашылу рәсімі.

Comic Con Astana қазіргі поп-мәдениет жанкүйерлерін ғана емес, суретшілерді, дизайнерлерді, косплейерлерді, музыканттарды, би ұжымдарын және түрлі тақырыптағы жобалардың авторларын да біріктіреді.

Көптеген қатысушы үшін фестиваль өз жұмыстарын кең аудиторияға таныстырып, пікірлес жандармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Фестивальдің басты оқиғаларының бірі – дәстүрлі түрде косплей байқауы. Қатысушылар өз қолдарымен жасаған фильмдер, сериалдар, бейнеойындар, комикстер мен аниме кейіпкерлерінің образдарын ұсынады.

Жасанды интеллект болашақ мамандықтар және ауылдағы кадрлар

Жасанды интеллект, болашақ мамандықтар және ауылдағы кадрлар: партиялар теледебатта нені талқылады Сайлауалды науқан аясында саяси партиялар білім беру, еңбек нарығы, экология және өңірлік даму мәселелері бойынша ұсыныстарын таныстырды. Тиісті бастамалар телевизиялық дебат барысында және сайлаушылармен өткен кездесуде көтерілді.

Сайлауалды науқан аясындағы партиялардың қызметі

«Әділет» партиясының өкілдері мен Құрылтай депутаттығына үміткерлері Қызылорда облысы жұртшылығымен кездесу өткізді. Басқосуға энергетика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім беру, өнер және мәдениет салаларының өкілдері қатысты.

ЖСДП өкілдері Ақмола және Қарағанды облыстарында сайлаушылармен кездесті. Көкшетауда №19 орта мектептің педагогикалық ұжымымен өткен кездесуде білім беру жүйесін дамыту, мұғалімдердің еңбек жағдайы, мектептерді кадрмен қамтамасыз ету, білім саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және білім беру инфрақұрылымын жетілдіру мәселесі талқыланды.

«Байтақ» партиясының өкілдері Жамбыл, Ақтөбе және Маңғыстау облысында, сондай-ақ Алматы қаласында бірқатар іс-шара өткізді. Тұрғындармен, жастармен және еңбек ұжымдарымен кездесуде экология, қалдықтарды басқару, ауа сапасы, табиғи ресурстарды пайдалану, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, елді мекендерді абаттандыру және қаланың жай-күйі сөз болды. Кездесулердің бірінде сайлауалды науқанды өткізу, халықаралық байқау және сайлау процесін ұйымдастыру мәселесі де талқыланды.

Қазақстанның Халық партиясының өкілдері Атырау облысындағы Karabatan Utility Solutions LLC, Ұлытау облысындағы «Марал Нұр» ЖШС, Түркістандағы Southern Light Transit институтының еңбек ұжымдарымен, сондай-ақ «Жансая» әлеуметтік орталығының қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында әлеуметтік-экономикалық даму, жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қолдау, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, тұрғын үй саясаты, еңбек жағдайы және өңірлік даму мәселесі көтерілді.

Павлодарда кәсіподақ белсенділерімен өткен кездесуде Құрылтай депутаттығына үміткер Евгений Миронов ЖСДП-ның кәсіподақтардың еңбек құқықтарын қорғаудағы рөліне қатысты бастамасына сын айтты. Оның пікірінше, еңбек дауы келіссөздер, сот талқылауы және еңбек төрелігі арқылы шешілуі тиіс.

«Ауыл» партиясының өкілдері «Есіл Су» филиалының ұжымымен кездесіп, сумен жабдықтау, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, су ресурстарын пайдалану және коммуналдық саланы дамыту мәселесін талқылады.

«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Жезқазған қаласында, сондай-ақ Ұлытау, Маңғыстау, Түркістан және Қарағанды облысында сайлаушылармен кездесті. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ көпсалалы аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерімен жеке кездесу өтті.

Партия өкілі Бек-Мұхамед Жаукебаев Respublica партиясының бағдарламасы мен кандидаттар тізіміне қатысты сын пікір білдіріп, оның салық саясаты мен шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі ұстанымы жеткілікті деңгейде нақтыланбағанын айтты. Бұған дейін «Ақ жол» партиясы да Салық кодексінің кәсіпкерлікке қолайсыз деп санайтын жекелеген нормаларына қатысты өз сынын білдірген болатын.

Respublica партиясының өкілдері Жамбыл облысындағы «Запчасть» АҚ, Тараз металлургия зауыты және «Алель Агро» ЖШС қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру, өнеркәсіпті дамыту, отандық өндірушілерді қолдау, электр энергиясының тарифтері, теміржол логистикасы, өнім өткізу, экспорт, импортты алмастыру және салық саясаты мәселесі қаралды.

Сонымен қатар Таразда партия өкілдерінің қатысуымен форум өтіп, онда өңірлік даму, әлеуметтік инфрақұрылым, туризм, инклюзия және Шақпақ-Баба асуында тоннель салу мәселелері талқыланды.

Теледебат: білім, еңбек және даму мәселелері бойынша партиялардың ұсынысы

«Әділет» партиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы OpenAI компаниясымен бірлескен бастама аясында Қазақстандағы 160 мың мұғалімнің ChatGPT Edu білім беру сервисіне тегін қол жеткізгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, сервис оқу жоспарын, есептер мен басқа да жұмыс материалдарын әзірлеуге, сондай-ақ білім беру саласын басқарудағы талдау жұмыстарына пайдаланылуы мүмкін.

Сондай-ақ дебат барысында ол ғылым мен экономиканың өзара байланысына тоқталып, жоғары оқу орындарында технологиялар трансфертінің тетіктерін дамытудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама ғылым мен экономиканың ықпалдастығын күшейтуге бағытталған.

ЖСДП өкілі Мақсұт Насибулов Қазақстанда жоғары білімнің қолжетімділігі мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, мұндай модель бірқатар дамыған елдерде қолданылады. Дебат барысында модератор ұсынған бастамада оны іске асырудың мерзімі, құны және нақты тетіктері көрсетілмегеніне назар аударды. Сондай-ақ Мақсұт Насибулов жоғары білімнің қолжетімділігіне қатысты партияның ұстанымын таныстырды.

Бұдан бөлек, ол мектептегі білім сапасы мәселесін көтеріп, білімді бағалау тәсілдерін жетілдірудің және жоғары сынып оқушылары үшін бейіндік оқыту мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызын атап өтті.

«Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясының өкілі Аслан Байзаханов әлеуметтік желілер арқылы түскен көрермен сауалына жауап бере отырып, экологиялық үдерістерді зерттеуде, қоршаған ортаның жай-күйін бағалауда және экологиялық деректерді талдауда математикалық талдау мен есептеулердің қолданылуы туралы айтты.

«Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов ауылды жерлерге жас мамандарды тартуға қатысты ұсынысын жариялады. Оның айтуынша, бастама ауылдық грантпен білім алған түлектерді өздерін оқуға жіберген елді мекендерге жұмысқа орналастыруды көздейді. Сонымен қатар ол қолданыстағы бағдарламалар аясында жас мамандарға көтерме жәрдемақы мен жеңілдетілген тұрғын үй несиелері берілетінін атап өтті.

«Ақ жол» партиясының өкілі Дулат Тәстекей Құрылтай жұмысы мен білім беру саласына қатысты ұсыныстарын таныстырды. Ол сөзінде бюджет қаражатының жұмсалуына парламенттік бақылауды күшейту, педагогтердің еңбекақысын арттыру және ғылыми-инновациялық жобаларды қолдау мәселелеріне тоқталып, бұл бағыттың білім мен ғылымды дамытудағы маңызын атап өтті.

Respublica партиясының өкілі Мейрамгүл Мәдәлі жасанды интеллектінің дамуына байланысты Мамандықтар атласын тұрақты түрде жаңартып отырудың маңызын айтты. Оның сөзінше, бұл өзгерістер 562 мамандыққа әсер етуі мүмкін, ал олардың бір бөлігі уақыт өте келе сұраныстан шығуы ықтимал.

Ұсынылған бастамалардың қатарында экономика қажеттіліктерін, жұмыс берушілердің сұранысын және түлектерді жұмыспен қамту мүмкіндіктерін ескере отырып, жасанды интеллектке қатысты жаңа бағыттарды енгізу мәселесі де көтерілді.

Сондай-ақ дебат барысында партия өкілдері өңірлердегі білім беру жүйесін дамыту, ауыл мұғалімдерін қолдау, мектеп пен балабақша құрылысына инвестиция тарту, IT бағытын, жасанды интеллектіні және ғылымның өндіріспен байланысын дамыту жөніндегі ұсыныстарын айтты.

Қазақстандық жас шахматшылар әлем құрамасына қарсы матчта жеңіске жетті!

Қазақстандық жас шахматшылар әлем құрамасына қарсы матчта жеңіске жетті!

Алматыда өткен Kazakhstan vs World матчында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы рапид пен блиц форматтарының екеуінде де әлем құрамасын басып озды.

Ұлдар рапидте 14,5:9,5, ал блицте 27,5:20,5 есебімен жеңіске жетті. Қыздар арасында әлем құрамасы басым түсті.

Матчқа U8-ден U18-ге дейінгі алты жас санатындағы шахматшылар қатысты. Жарыс қазақстандық жас шахматшылардың жоғары деңгейін және елдегі шахматтың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарының сайлауын бақылау үшін тоғыз шет мемлекет пен төрт халықаралық ұйымнан келген тағы 155 халықаралық байқаушыны аккредиттеді.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарының сайлауын бақылау үшін тоғыз шет мемлекет пен төрт халықаралық ұйымнан келген тағы 155 халықаралық байқаушыны аккредиттеді.
Осылайша, бүгінгі күнге дейін Орталық сайлау комиссиясы жалпы саны 251 халықаралық байқаушыны аккредиттеген.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы, ТМД байқаушылар миссиясы, ТМД Парламентаралық ассамблеясы және ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясы атынан келген байқаушыларды аккредиттеуді ұсынды.
Бұдан бөлек, Ресей, Әзербайжан, Армения, Иордания, Қырғызстан, Молдова, Мьянма, Румыния және Украина да өз байқаушыларын жіберді.

Құрылтайдың жұмысы қалай ұйымдастырылады?

Құрылтайдың жұмысы қалай ұйымдастырылады?
Құрылтай құрамына 145 депутат бес жыл мерзімге сайланады. Сайлау партиялық тізімдер бойынша өтеді.
Жаңа органға кіру үшін саяси партия 5 пайыздық сайлау межесін еңсеруі тиіс.
Құрылтайға қосымша кадрлық өкілеттік беріледі. Енді Конституциялық соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімінсіз тағайындалмайды.
Сондай-ақ Құрылтайға Жоғарғы сот судьяларын сайлау құқығы беріледі.

Елімізде өтетін Құрылтай сайлауы – азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуының маңызды көрінісі.

Құрылтай сайлауы – ел болашағына ортақ жауапкершілік
Елімізде өтетін Құрылтай сайлауы – азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуының маңызды көрінісі. Бұл науқан әрбір азаматқа өз таңдауын жасап, елдің болашақ даму бағытына үлес қосуға мүмкіндік береді.
Құрылтай – қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогты нығайтуға бағытталған маңызды алаң. Оның құрамына лайықты өкілдердің сайлануы халықтың пікірін, ұсынысы мен мүддесін тиімді жеткізуге ықпал етеді. Сондықтан алдағы сайлауға белсенді қатысу – әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігінің белгісі.
Сайлау барысында тұрғындар өз таңдауы арқылы қоғамның дамуына, өңірлердің өркендеуіне және маңызды бастамалардың жүзеге асуына ықпал етеді. Бұл – елдегі тұрақтылықты, бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Бүгінде елімізде азаматтардың еркін таңдау жасауына барлық қажетті жағдай жасалып келеді. Ашықтық пен заң талаптарын сақтау – сайлау науқанының басты қағидаттарының бірі. Әрбір дауыс маңызды, өйткені ол елдің ертеңіне деген сенім мен жауапкершіліктің көрінісі.
Құрылтай сайлауы – тек дауыс беру күні ғана емес, ол қоғамның белсенділігі мен азаматтардың ортақ мақсатқа ұмтылысын айқындайтын маңызды саяси үдеріс. Сондықтан әрбір тұрғынды сайлауға қатысып, өзінің азаматтық ұстанымын білдіруге шақырамыз.
Бірлігіміз бекем, таңдауымыз саналы болса, еліміздің дамуы да қарқынды болмақ. Құрылтай сайлауына белсенді қатысу – жарқын болашаққа бастар маңызды қадам.
С.Баймурзин -Зеренді ауданы Билер алқасының бас биі

Ақмола облысының тұрғыны “емшіге” 9 миллион теңгеге жуық қаражат аударған.

Ақмола облысының тұрғыны “емшіге” 9 миллион теңгеге жуық қаражат аударған.
Қосшы қаласының полицейлері азаматтарды интернеттегі алаяқтықтың жаңа схемалары туралы ескертеді.

Облыс тұрғыны Instagram әлеуметтік желісінде өзін емші ретінде таныстырған әйелмен танысқан. WhatsApp-та сөйлесу барысында қаскүнем емделуге көмектесуге уәде беріп, “тиімді инвестицияларды” ұсынған, сонымен қатар үй сатып алуға және несиелерді өтеуге көмектесуге уәде берген.

Уәделерге сенген жәбірленуші 2025 жылғы қазан айы мен 2026 жылғы мамыр аралығында алаяққа 8 миллион 825 мың теңге аударған.

Сонымен бірге жәбірленуші күдіктімен ешқашан жеке кездеспеген, барлық байланыс тек мессенджер арқылы жүрген.

Бұл факт бойынша алаяқтық белгілеріне сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Полицейлер осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін Шымкент қаласының тұрғынын анықтады. Қазіргі уақытта оның қатысы сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде тексерілуде.

Полицейлер азаматтарды емделуге, инвестициядан жоғары табыс алуға немесе ақшалай сыйақы үшін қаржылық мәселелерді шешуге көмектесуге уәде беретін әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады.

«Заң мен тәртіп»: азаматтарды қабылдау кезінде мемлекеттік қызметшіні суретке немесе бейнетаспаға түсіруге бола ма?

«Заң мен тәртіп»: азаматтарды қабылдау кезінде мемлекеттік қызметшіні суретке немесе бейнетаспаға түсіруге бола ма?

Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен жариялылығы – қазіргі мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі. Осыған байланысты азаматтар арасында мемлекеттік қызметшіні жеке қабылдау барысында суретке немесе бейнетаспаға түсіруге бола ма деген сұрақ жиі туындайды.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің қызметі ашықтық және ақпаратқа қолжетімділік қағидаттарына негізделеді. Мемлекеттік қызметші заңмен қорғалатын мәліметтерді қоспағанда, өзінің қызметтік өкілеттіктері шегінде қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті.

Сонымен қатар азаматтарды жеке қабылдау кезінде фото және бейнетүсірілім жүргізу барысында дербес деректерді қорғау туралы заңнама талаптары мен қабылдауға қатысушылардың құқықтары сақталуы тиіс. Егер қабылдау бөлмесінде басқа азаматтар болса, олардың бейнесі, жеке деректері немесе өтінішінің мазмұны заңда көзделген негіздерсіз жарияланбауы керек.

Мемлекеттік қызметшінің қызметтік міндетін атқару кезінде оның әрекеттерін фотоға немесе бейнежазбаға түсірудің өзі заң бұзушылық болып саналмайды. Алайда мұндай түсірілім азаматтарды қабылдау процесіне кедергі келтірмеуге, басқа адамдардың құқықтарын бұзбауға, мемлекеттік органның жұмысына бөгет жасамауға және қолжетімділігі шектеулі ақпараттың таратылуына жол бермеуге тиіс.

Егер бейнежазба бұқаралық ақпарат құралдарында немесе әлеуметтік желілерде жарияланатын болса, онда адамның бейнесін пайдалану және дербес деректерді қорғау жөніндегі заңнама талаптарын сақтау қажет. Сонымен бірге заңнамада адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға жол берілетін жағдайлар да көзделген. Соның бірі – ақпараттың оның қызметтік немесе жария қызметіне қатысты болуы.

«Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың құқықтары мен міндеттерін өзара құрметтеуге негізделеді. Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы заң талаптарын сақтау, дербес деректерді қорғау және азаматтарды қабылдауға қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз етумен ұштасуы тиіс.

«Заң мен тәртіп»: демалыс орындарында қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін қандай әкімшілік жауапкершілік қарастырылған?

«Заң мен тәртіп»: демалыс орындарында қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін қандай әкімшілік жауапкершілік қарастырылған?

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Саябақтар, гүлзарлар, жағажайлар, алаңдар және өзге де көпшілік демалатын орындарға күн сайын тұрғындар мен өңір қонақтары келеді. Азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішуге, ұсақ бұзақылық жасауға және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады. Қазақстанда құқық бұзушылықтардың алдын алуға, құқықтық тәртіпті нығайтуға және азаматтардың заң талаптарын сақтау жауапкершілігін арттыруға бағытталған «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заң қолданылады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабына сәйкес көшелерде, саябақтарда, гүлзарларда, жағажайларда және өзге де қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішуге тыйым салынады. Ерекше жағдай ретінде алкоголь өнімдерін сатуға рұқсаты бар қоғамдық тамақтану орындары ғана қарастырылады. Сондай-ақ қоғамдық орында адамның қадір-қасиеті мен қоғамдық имандылықты қорлайтын мас күйінде жүру де әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Аталған құқық бұзушылық үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.

ӘҚБтК-нің 434-бабына сәйкес қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, азаматтарға тиісу немесе қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзатын өзге де әрекеттер ұсақ бұзақылық болып саналады. Мұндай құқық бұзушылық үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе он тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, құқық бұзушыға он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылады.

Полиция қызметкерлері демалыс орындарында абаттандыру нысандарын бүлдіруге, аумақты ластауға, тыныштықты бұзуға және айналадағы адамдарға қолайсыздық туғызатын басқа да заңға қайшы әрекеттерге жол берілмейтінін ескертеді. Мұндай әрекеттер үшін де қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Қоғамдық тәртіпті сақтау, айналадағы адамдарға құрметпен қарау және заң талаптарын орындау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. «Заң мен тәртіп» қағидаты әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Заң талаптарын сақтау қоғамдағы тыныштықты, қауіпсіздікті және қоғамдық орындардағы қолайлы ортаны қамтамасыз етудің басты кепілі болып табылады.

НПК колледждерді жекеменшік компаниялардың сенімгерлік басқаруына беруді ұсынды

НПК колледждерді жекеменшік компаниялардың сенімгерлік басқаруына беруді ұсынды

НПК өкілі Бейбіт Құсайынов партиялар арасындағы телевизиялық дебатта модератордың колледждерді жекеменшік компаниялардың сенімгерлік басқаруына беру туралы сұрағына жауап берді.

Оның айтуынша, елімізде механик, сантехник және басқа да жұмысшы мамандар тапшы. Сонымен қатар, колледж түлектерінің 40 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Керісінше, олар курьер немесе такси жүргізушісі болып еңбек етуге мәжбүр. Бұл – алаңдатарлық жағдай, деді НПК өкілі.

Бейбіт Құсайыновтың пікірінше, бұл мәселенің шешімі – колледждерді бейінді жекеменшік компаниялардың басқаруына беру. Оның айтуынша, мұндай тәсіл студенттерге оқу барысында өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде олар колледжді тәмамдағаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑