«Ауылдық квотамен оқуға түскен жастар туған ауылына барып жұмыс істеуі керек»
«Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов «Дипломмен ауылға» бағдарламасының орындалуына бақылауды күшейту қажет екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2019 жылдан бері бағдарлама аясында 114 мың адам мемлекеттік қолдауға ие болған. Оның ішінде 52 мың азамат тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие алған. Сонымен қатар, соңғы үш жылда 166 қатысушы бағдарлама талаптарын бұзып, мемлекетке 700 миллион теңгеден астам қаражатты қайтаруға міндеттелген.
Шахмардан Байманов ауылдық квота арқылы жоғары оқу орындарына түскен түлектер диплом алғаннан кейін туған ауылдарына оралып, сол жерде еңбек етуі тиіс екенін де атап өтті.
Бұл пікірлер білім беру мәселелеріне арналған «Жетінші арнадағы» саяси партиялардың телевизиялық дебаты барысында айтылды.
«Байтақ» партиясы 150 мыңнан астам адамға экологиялық сауаттылық негіздерін үйретті
«Байтақ» жасылдар партиясының өкілі Аслан Байзахановтың айтуынша, экологиялық мәдениет әр қазақстандықтың өмір салтының бір бөлігіне айналуы керек. Бұл тәрбие бала кезден, яғни балабақшадан басталып, отбасында, жұмыс орнында және мемлекеттік басқару жүйесінде жалғасуы қажет.
Оның сөзінше, партия осы бағытта 150 мыңнан астам адамға экологиялық сауаттылық негіздерін үйреткен. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасын табады.
Айта кетейік, «Жетінші арна» эфирінде Құрылтай сайлауына қатысатын Қазақстандағы жеті саяси партия өкілдерінің теледебаты өтіп жатыр. Пікірталастың негізгі тақырыбы – білім беру саласындағы мәселелер.
«Әділет» партиясы 5 миллион қазақстандықты цифрлық қауіпсіздік пен жасанды интеллект дағдыларына оқытуды ұсынады
«Әділет» партиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы дебат барысында білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу және азаматтардың жеке деректерін қорғауға қатысты жоспарларын таныстырды. Оның айтуынша, партия алдағы бес жыл ішінде оқушыларды, педагогтерді және егде жастағы азаматтарды қамтитын цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған ауқымды жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.
«Ақ жол» партиясының өкілі ұстаздардың жалақысын жыл сайын көтеруді ұсынды
Телевизиялық дебат барысында «Ақ жол» партиясының өкілі Дулат Тастекей партия бағдарламасының өзегінде ғылым мен инновация тұрғанын айтты. Оның сөзінше, партия адами капиталды дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеген.
Сондай-ақ ол ұстаздардың жалақысын жыл сайын инфляция деңгейінен жоғары мөлшерде жүйелі түрде көтеруді ұсынып отырғандарын жеткізді. Дулат Тастекей бұл бастамаларды толық жүзеге асыруға сенім білдірді.
Respublica партиясы білім беру жүйесін дамытуға арналған бес бастамасын таныстырды
Жетінші арнадағы Құрылтай сайлауына арналған телевизиялық дебатта партия атынан сөз сөйлеген Мейрамгүл Мәдәлі Қазақстанның білім беру саласын дамытуға қатысты ұсыныстарын ұсынды.
Партия шетелдік талапкерлерге арналған цифрлық қабылдау жүйесін енгізуді, халықаралық және қос дипломды бағдарламаларды кеңейтуді, білімнің онлайн экспортын дамытуды, тәуелсіз аккредиттеу жүйесін жетілдіруді және жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін арттыруды ұсынды.
Жетінші арнада саяси партиялардың қатысуымен телевизиялық сайлауалды дебаттар басталды
Бүгін Астанадағы «Қазмедиа орталығы» ғимаратында Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар өкілдерінің қатысуымен телевизиялық сайлауалды дебат басталды. Жоба тікелей эфирде «Жетінші арнада» көрсетіліп жатыр. Дебаттар басталар алдында саяси партиялардың өкілдері өз жақтастарымен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ«Жетінші арнаның» тікелей эфирінде қатысушылардың сөз сөйлеу кезегін анықтайтын ашық жеребе тарту рәсімі өтіп, оның қорытындысы бойынша дебаттағы сөз сөйлеу реті белгіленді. Дебаттардың негізгі тақырыбы – білім беру жүйесін дамыту. Жоба интерактивті форматта өтіп, Қазақстандағы жеті саяси партияның өкілдерін біріктірді:
Respublica партиясы – Мейрамгүл Мадали;
«Ақ жол» партиясы – Дулат Тастекей;
ЖСДП – Максут Насибулов;
«Әділет» партиясы – Рауан Кенжеханұлы;
«Байтақ» партиясы – Аслан Байзаханов;
«Ауыл» партиясы – Шахмардан Байманов;
Қазақстанның Халық партиясы – Бейбіт Құсайынов.
Дебаттар төрт кезеңнен тұрады.
Бірінші кезеңде партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, ашық пікірталасқа қатысады. Екінші кезең білім беру жүйесін дамытуға қатысты ұсыныстарды талқылауға арналған. Үшінші кезеңде қатысушылар студиядағы көрермендердің сұрақтарына жауап береді. Соңында сайлаушыларға қорытынды үндеу жасайды. Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – көрермендердің белсенді қатысуы. Тікелей эфир барысында QR-код арқылы онлайн дауыс беру ұйымдастырылған. Көрермендер «Қай партия өкілінің сөзі өтімді?» деген сұраққа жауап бере алады. Дауыс берудің аралық нәтижелері екінші кезеңнен кейін, ал қорытындысы тікелей эфир соңында жарияланады. Телевизиялық дебаттың тікелей трансляциясы «Жетінші арнаның» эфирінде, сондай-ақ арнаның ресми әлеуметтік желідегі парақшаларында көрсетіліп жатыр.
Қазақстанда алкогольсіз сусындар өндірісі 17% өсті 2026 жылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда 1,6 млрд литр минералды су мен алкогольсіз сусын өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға көп.
Ішкі нарықтағы өткізу көлемі 1,7 млрд литрге жетіп, 21% артты. Сонымен қатар алкогольсіз сусындар импорты 29,6% өсіп, 217,1 млн литрді құрады. Ішкі нарықтағы импорттық өнімнің үлесі 11,4% болды.
Экспорттың негізгі бөлігін дәстүрлі түрде қант немесе өзге де тәттілендіргіштер, сондай-ақ хош иістендіргіш және дәмдік қоспалар қосылған сулар мен басқа да алкогольсіз сусындар құрады. Есепті кезеңде осы өнім түрінің экспорты 172,8 млн литрге жетіп, ақшалай көлемі 75,5 млн АҚШ долларын құрады. Экспорттың ең ірі нарығы бұрынғысынша Қырғызстан болып отыр. Бұл елге 94,9 млн литр өнім экспортталып, оның құны 39,0 млн АҚШ долларын құрады. Өзбекстанға экспорт көлемі айтарлықтай өсіп, 39,2 млн литрден 48,3 млн литрге дейін ұлғайды. Ал жеткізілім құны 28,1 млн АҚШ долларына жетті.
Ең жоғары өсім Ресейге экспортта байқалды. Жеткізілім көлемі 2,5 еседен астам артып, 9,2 млн литрден 23,5 млн литрге дейін өсті. Сондай-ақ Арменияға экспорт көлемі шамамен 10 есеге ұлғайып, 548,5 мың литрге жетті. Әзербайжан мен Грузияға жеткізілімдер 12 еседен астам өсіп, тиісінше 342,1 мың және 393,5 мың литрді құрады.
Бұдан бөлек, Тәжікстанға экспорт 2,5 млн литрден 2,9 млн литрге дейін, Моңғолияға 802,1 мың литрден 930,2 мың литрге дейін, ал Корея Республикасына 117,7 мың литрден 171,5 мың литрге дейін артты.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда алкогольсіз сусын өндірісімен 145 кәсіпорын айналысты. Дереккөз: stat.gov.kz
Жедел жәрдемнен бастап аяқкиім фабрикасына дейін: партиялар сайлаушылардың қолдауына ие болу үшін не істеп жатыр?
Елордада сайлау стратегиялары талқыланып жатқанда, өңірлерде ветеринариялық станциялар, аяқкиім фабрикалары мен тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау сияқты күнделікті мәселелерге толы өмір жалғасуда. Құрылтай депутаттығына кандидаттардың қай өңірлерге барып, тұрғындармен қандай тақырыптарды талқылағанына шолу жасаймыз.
«Әділет» партиясы студенттермен, оқытушылармен, кәсіпкерлермен және креативті индустрия өкілдерімен тікелей диалог жүргізу тактикасын таңдады. Қостанай облысының Боровское ауылында кандидат Еділ Хамза жергілікті тұрғындармен кездесіп, өңір үшін өзекті мәселелерді талқылады. Ал Батыс Қазақстан облысында тұрғындар, кәсіпкерлер, шығармашылық сала өкілдері, жастар мен еңбек ұжымдарымен кездесу өтті. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу мәселелерін талқылады. Бұл тақырыптар ауқымды саяси мәлімдемелерден гөрі қарапайым көрінгенімен, әрбір тұрғынның өміріне тікелей қатысты. Таныстырылымға экологтер, мүлік иелері бірлестіктерінің өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Сонымен қатар Құрылтай депутаттығына кандидат Анаргүл Әбенова жер үлесі иелерімен кездесіп, жер қатынастарына қатысты мәселелерді талқылады.
«Байтақ» партиясы әртүрлі өңірлерде экологиялық ұйымдар мен кәсіпорындар өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, табиғатты қорғау саласының сарапшы мамандары қатысқан талқылау ұйымдастырды. Кездесулердің күн тәртібіне қарағанда, партия қоршаған ортаны қорғау мәселесін басты назарда ұстап отыр.
Қазақстанның Халық партиясы әлеуметтік саясат мәселелерін күн тәртібіне шығарды. Астанада кандидаттар Ләззат Ақтаева мен Нұржан Бияқаев қалалық жедел медициналық жәрдем станциясына барып, дәрігерлер мен фельдшерлермен кадр тапшылығы, еңбек жағдайы және шұғыл медициналық көмекті ұйымдастыру мәселесін талқылады. Кездесу барысында жедел жәрдем қызметінің жұмысы, кадрлық қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы және шұғыл медициналық көмек көрсету жүйесі қамтылды.
«Ауыл» партиясының өкілдері партия төрағасы Қайрат Айтуғановтың бастауымен Солтүстік Қазақстан облыстық ветеринария басқармасының ұжымымен кездесті. Кездесу барысында ветеринариялық қызметтің жұмысына қатысты мәселелер талқыланып, саланың қызметіне қатысты өзекті мәселе көтерілді.
«Ақ жол» демократиялық партиясы өндіріс орындарын аралау бағытын таңдады. Таразда партия төрағасы Дания Еспаева «ТаразКожОбувь» кәсіпорнына барып, жұмысшылармен өндіріс цехында жүздесті. Ал Атырауда кандидат Ермекқали Юсупов ITC WEST логистикалық орталығында болды. Еңбек ұжымдарымен кездесулер Жамбыл, Атырау, Ұлытау облыстарында, Қостанай мен Шымкентте де өтті. Партия өкілдері еліміздің өзге өңірлерінде де тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастырды. Сонымен қатар «Ақ жол» кандидаттары Respublica партиясы өкілдерінің мәлімдемесіне пікір білдірді. Мәжілістің бұрынғы депутаты Меруерт Қазбекова экс-депутат Олжас Көпбековтің депутаттық сауалдарға қатысты мәлімдемесіне өз көзқарасын білдірді.
Respublica партиясы төрағасының орынбасары Жанат Ысқақов ТМД халықаралық байқаушылар миссиясының өкілдерімен кездесті. Тараптар сайлау науқанына дайындықты, сайлауалды штабтың жұмысын, үгіт-насихат жүргізу ерекшеліктерін, цифрлық платформаларды пайдалануды, сондай-ақ партиялық тізімді жасау мен кандидаттарды іріктеу мәселелерін талқылады. Халықаралық байқаушылар миссиясының өкілдері өз кезегінде жұмыстың қағидаттары мен әдістері туралы айтып берді. Түркістанда партия басшылығының, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың және партия жақтастарының қатысуымен форум өтті. Форум барысында әлеуметтік-экономикалық күн тәртібі, заңнама және өзге де мәселелер талқыланып, партия өкілдері қатысушылардың сұрағына жауап берді. Сонымен қатар Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Қазақстанның Халық партиясының бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың мәлімдемесіне пікір білдіріп, партияның бұл мәселеге қатысты бұдан ары жария пікірталасқа қатыспайтынын айтты.
Осылайша, партиялар өздерінің дәстүрлі бағыттары бойынша жұмысын жалғастырып жатыр. Бірі экология мен әлеуметтік сала мәселелеріне басымдық берсе, енді бірі өндіріс орындары мен өңірлерде халықпен тікелей диалог орнатуға назар аударды. Сонымен қатар сайлау науқанының тағы бір қыры – партиялардың бір-бірін сынауы, қарсы тараптың мәлімдемелеріне жауап беруі және өз ұстанымдарының ара-жігін айқындауға ұмтылысы қатар өрбіп жатыр.
Еленовка ауылында Конституциялық құндылықтар талқыланды Зеренді ауданының Еленовка ауылында «Конституциялық құндылықтар және ауылдың дамуы» тақырыбында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Кездесуді Бұлақ ауылдық округі әкімінің м.а. Т.Усин жүргізіп, іс-шара барысында Конституцияда бекітілген негізгі құндылықтардың қоғам өміріндегі маңызына тоқталды. Жиында заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ әр азаматтың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуы мәселелері сөз болды. Сонымен қатар ауылдың қазіргі жағдайы мен алдағы даму перспективалары талқыланып, абаттандыру, инфрақұрылымды жақсарту, ауыл аумағын көркейту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағыттары бойынша пікір алмасылды. Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, ауылдың дамуына қатысты ұсыныстарын білдірді. Округ әкімі тарапынан көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсіндірулер беріліп, ұсыныстар назарға алынатыны айтылды. Жиын соңында қатысушылар Конституциялық құндылықтарды құрметтеу, заң талаптарын сақтау және туған ауылдың дамуына белсенді атсалысу – ортақ жауапкершілік екеніне тоқталды.