Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуіне қатысты
✔️Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде дәстүрге сай айрықша ықыласпен қарсы алғаны және бейресми кездесуді өткізу туралы бастама көтергені үшін Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа шынайы ризашылығын білдірді.
– Қырғыз халқы – қазақ халқы үшін бауырлас ел. Біз бәріміз – бір туған ағайын халықпыз. Біздің арамызда қалыптасқан достық, сенім, туысқандық және өзара қолдау – ата-бабамыздан өсиет болып қалған қасиетті аманат әрі мәңгі құндылық. Қазіргі таңда біз Қырғызстанның қарқынды дамуына куә болып отырмыз. Сіздер қол жеткізіп жатқан әр жетістікке шын жүректен қуанамыз. Қырғыз елінің өсіп-өркендеуі – Орталық Азияның тұрақтылығы мен баянды дамуының маңызды кепілі. Бұл құрметті Президент Садыр Нұрғожаұлы Жапаровтың табанды еңбегі мен көреген басшылығының арқасы екені сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.
✔️Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі кездесу қазіргі күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға, сан қырлы серіктестіктің алдағы басымдықтарын айқындауға мол мүмкіндік беретініне тоқталды.
– Барлық деңгейдегі байланыстың жандануы бауырлас халықтарымыздың игілігі мен тұтас аймақтың өркендеуі жолында мемлекеттеріміздің жасампаз ықпалдастыққа ортақ ұмтылысын айқын көрсетеді. Бұл орайда «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа» қол қою рәсімдерінің аяқталуы айтулы жетістік болды. Аталған тарихи құжат стратегиялық серіктестігіміздегі жаңа кезеңнің басталғанын айшықтайды. Өзара сенімге, құрметке және бауырлас халықтарымыздың болашағына деген ортақ жауапкершілікке негізделген өңірлік ынтымақтастықтың «саяси арқауын» қалыптастырады, – деді Қазақстан Президенті.
Пикниктен кейін қоқыс қалдырмаңыз: Астанада тұрғындарға ескерту жасалды
Елорданың Алматы ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында саябақтар мен қоғамдық орындардағы тазалыққа бақылау күшейтілді. Кезекті профилактикалық рейд Триатлон саябағында өтіп, оған аудандық полиция қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Рейдтің басты мақсаты – тұрғындарды жазғы демалыс кезінде қоғамдық орындарда тазалық сақтауға шақырып, қоршаған ортаны ластауға жол бермеу. Мамандардың айтуынша, күн жылынып, саябақтарға келушілер көбейген тұста тазалық мәселесі де өзекті бола түседі. Әсіресе демалыс күндері тұрғындар саябақтарда отбасымен уақыт өткізіп, пикник ұйымдастырады. Алайда кей азаматтар демалыстан кейін артынан қалған қоқысты жинамай кетеді. Соның салдарынан саябақтардың жекелеген аумақтарында тұрмыстық қалдықтар көбейіп, бұл жағдай басқа тұрғындардың наразылығына себеп болады.
Алматы ауданы аумағында үш ірі саябақ – Триатлон, Жастар және Жерұйық саябақтары орналасқан. Бұл орындар қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық кеңістіктердің бірі саналады. Сондықтан олардың тазалығы мен тәртібін сақтау – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, барлық азаматтың ортақ міндеті. «Заң мен тәртіп» баршаға ортақ қағида. Рейд барысында тұрғындарға қоқысты белгіленбеген жерге тастамау, демалыстан кейін аумақты жинақтап кету және қоғамдық орындарда белгіленген тәртіпті сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Мұндай профилактикалық жұмыс бір реттік акциямен шектелмейді. Мамандардың айтуынша, саябақтар мен қоғамдық орындарда рейдтік іс-шаралар аптасына кемінде екі-үш рет өткізіліп тұрады. Жұмыстар тұрғындардан келіп түсетін арыз-шағымдар мен аудан аумағындағы ахуалды зерделеу нәтижесіне қарай ұйымдастырылады.
Қазақстанның бірқатар өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді
2026 жылғы 29 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда есепті апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді.
Апта ішінде картоптың бағасы – 2,8%, қызанақ – 2,4%, алма – 1,9%, қияр – 1,2%, сәбіз, қаймақ және қара шай – 0,2%, сондай-ақ тауық еті, қатты және жартылай қатты ірімшік, майлылығы 2-3% айран – 0,1% арзандады.
Есепті аптада ұн, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны, жылқы еті, сүйекті сиыр еті, сондай-ақ майлылығы 2,2%-дан 6%-ға дейінгі пастерленген, ультрапастерленген және стерильденген сүт бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қалаларында дефляциялық үрдіс байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы Павлодарда – 0,4%, Алматы, Шымкент және Ақтауда – 0,2%, Қонаев пен Қостанайда – 0,1%-ға төмендеді. Астана, Ақтөбе, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында бағалар өткен аптаның деңгейінде сақталды.
Республика бойынша қиярдың орташа бағасы бір килограмына 495 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркелді – бір килограмы 339 теңге.
Ел бойынша картоптың орташа бағасы бір килограмына 275 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістанда тіркелді – бір килограмы 219 теңге.
Республика бойынша І санаттағы жұмыртқаның орташа бағасы (10 дана) 567 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Оралда (475 теңге) және Қызылордада (477 теңге) тіркелді.
“Әділеттілік. Заң. Бірлік”: Игілік ауылында «Құқықтық мәдениет апталығы» акциясы өтті
Зеренді ауданының Игілік ауылдық клубында «Әділеттілік. Заң. Бірлік» тақырыбында «Құқықтық мәдениет апталығы» аясында танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Жиынға Зеренді ауданы әкімінің орынбасары С.Исаханов қатысып, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарау мәдениетін нығайту, қоғамда әділеттілік қағидаттарын дәріптеу және азаматтардың құқықтық жауапкершілігін күшейту.
Кездесу барысында құқықтық әдебиеттер көрмесі таныстырылып, қатысушыларға қолданыстағы заңнамадағы өзгерістер, азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Сондай-ақ заң үстемдігі, қоғамдық тәртіп, азаматтық жауапкершілік және қоғамдағы бірлік құндылықтары төңірегінде еркін пікір алмасу ұйымдастырылды.
Осындай ағартушылық іс-шаралар құқықтық мәдениетті дамытуға, азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыруға және заң талаптарын құрметтеу дәстүрін нығайтуға ықпал етіп, қоғамның тұрақты дамуына өз үлесін қосады.
Курчатовта атом энергетикасының қауіпсіздігі бойынша халықаралық конференция өтті 2026 жылғы 21–23 шілде аралығында Курчатов қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында “Радиоактивті қалдықтарды түпкілікті оқшаулау – атом энергетикасының қауіпсіздігі мен орнықты дамуының негізгі элементі” тақырыбында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің пайдаланылған ядролық отынмен, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және ядролық әрі радиациялық қауіпті объектілерді пайдаланудан шығару мәселелері жөніндегі Базалық ұйымының халықаралық конференциясы өтті, деп хабарлайды Атом индустриясын дамыту қауымдастығы. Конференция жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Армения, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстанның бейінді министрліктерінің, реттеуші органдарының, ғылыми ұйымдары мен атом саласы кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Іс-шараны ұйымдастырушы — функцияларын “ТВЭЛ” АҚ (“Росатом” мемлекеттік корпорациясы) жүзеге асыратын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің пайдаланылған ядролық отынмен, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және ядролық әрі радиациялық қауіпті объектілерді пайдаланудан шығару мәселелері жөніндегі Базалық ұйымы. Конференцияны қабылдаушы тарап – Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы. Қазақстан ТМД Базалық ұйымы тарихындағы алғашқы өңірлік филиалды ашады Конференцияның басты оқиғасы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Базалық ұйымы жанындағы тұрақты жұмыс істейтін сараптамалық орган – Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі Өңірлік құзырет кеңесінің құрылуы болды.
“Кеңес ТМД мемлекеттері арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға, тәжірибе алмасуға және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласында келісілген тәсілдерді қалыптастыруға, сондай-ақ радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің орнықты ұлттық жүйелері мен уран мұрасы объектілерін оңалту жүйесін дамытуға ықпал етеді”, – делінген қауымдастық хабарламасында.
Кеңесті құру туралы бастаманы қазақстандық тарап ұсынды және ол 2026 жылғы 10 маусымда Алматы қаласында өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссиясының 27-отырысында қаралды. Кеңестегі тұрақты төрағалық Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына бекітілді.
Кеңестің құрылуы ТМД Базалық ұйымдарының бүкіл қызметі тарихындағы осындай сипаттағы алғашқы тетік болды. Бұл оқиға Қазақстан Республикасы Президенті 2026 жылғы 7 шілдеде қол қойған “Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы” Қазақстан Республикасының Заңының күшіне енуімен тұспа-тұс келіп отыр. Заң радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу объектілерінің бүкіл өмірлік циклін – орналастыру алаңын таңдаудан және түпкілікті оқшаулау пункттерін салудан бастап, объектілерді пайдаланудан шығару, жабу және кейінгі мониторингке дейінгі барлық кезеңді реттейді.
“Өңірлік құзырет кеңесінің құрылуы – Қазақстанның радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және ядролық мұра объектілерін оңалту саласында жинақтаған тәжірибесінің мойындалуы, – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы РМК бас директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев. – ТМД Базалық ұйымдарының бүкіл тарихында мұндай тетік алғаш рет құрылып отыр және біз мұны Достастықтағы әріптестеріміз алдындағы зор жауапкершілік ретінде қабылдаймыз”. ТМД Базалық ұйымының Кеңес органының шешімдері Базалық ұйымның Кеңес органы отырысының қорытындысы бойынша мынадай шешімдер қабылданды:
ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Ядролық мұра объектілеріне байланысты радиациялық-экологиялық қауіптерді жою кезінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимыл тұжырымдамасы» үлгілік құжатының жобалық нұсқасы мақұлданды; Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі Өңірлік құзырет кеңесі туралы ереже бекітілді; Кеңес органының мүшелеріне Кеңес құрамын қалыптастыруға жәрдем көрсету және кандидаттарды 2026 жылғы 30 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының басшысына жолдау ұсынылды; Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі Өңірлік құзырет кеңесінің 2026–2027 жылдарға арналған жұмыс жоспары мақұлданды. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің ұлттық жүйелерін дамыту Конференция барысында қатысушылар радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің ұлттық жүйелерін дамыту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдаланудан шығару және радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу инфрақұрылымын қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің өкілі өз баяндамаларын оқып, саланы дамыту, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін жетілдіру тәжірибесімен бөлісті. Қазақстан өз кезегінде қатысушыларды радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің ұлттық жүйесін қалыптастыру барысымен таныстырды.
“Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің орнықты ұлттық жүйесі кез келген мемлекеттің атом саласын қауіпсіз дамытудың негізі болып саналады. ТМД аясындағы тәжірибе алмасу әрбір елге осындай жүйені неғұрлым жылдам әрі сенімді түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді”, – деп атап өтті Ерболат Қоянбаев.
Халықаралық ынтымақтастық Жекелеген сессия ядролық мұра объектілерін оңалту және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналды.
Қатысушылар радиациялық-экологиялық тәуекелдерді төмендетудің заманауи тәсілдерін қарастырып, ластанған аумақтарды оңалту жобаларын іске асыру тәжірибесімен алмасты және осы бағытта ТМД мемлекеттерінің өзара іс-қимылын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Ерболат Қоянбаев: “Ядролық мұра объектілеріне байланысты тәуекелдер мемлекеттік шекараны мойындамайды, сондықтан оларды шешу жолдары да ортақ болуы тиіс. Қазақстан өңірдегі әріптестерімен аумақтарды оңалту бойынша жинақтаған тәжірибесімен бөлісуге дайын” – деп атап өтті.
Техникалық бағдарлама Техникалық бағдарлама аясында конференцияға қатысушылар Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының ғылыми-зерттеу және тәжірибелік инфрақұрылым объектілерін аралады. Олардың қатарында Семей ядролық сынақ полигоны тарихының экспозициялық залы, “Тәжірибелік алаң” сынақ алаңы, “Байкал-1” зерттеу реакторлары кешені, Технологиялық біліктілік орталығы, зертханалық корпустар бар. Сондай-ақ қатысушылар ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен танысты.
“Конференцияны Курчатов қаласында өткізу біз үшін ерекше маңызды. Дәл осы жерде, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында, бүгінде Қазақстанның радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің ұлттық жүйесі қалыптасуда. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы заңның қабылдануы және төрағалығы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына бекітілген Өңірлік құзырет кеңесінің құрылуы осы жұмыстың практикалық негізін қалыптастырады.
Біз ТМД бойынша әріптестерімізге көрсеткен сенімі үшін алғыс білдіреміз және Кеңестің қызметін радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу және уран мұрасы объектілерін оңалту мәселелері бойынша өңірдегі барлық мемлекеттердің мүддесі үшін келісілген шешімдер әзірленетін тұрақты сараптамалық алаң ретінде қамтамасыз етуге дайынбыз”, – деп қорытындылады Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы РМК бас директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев. Дереккөз: kaz.nur.kz