Page 82 of 260

Ақмола облысында қылмыс 24 пайызға азайды: алаяқтық төмендеп цифрлық қауіпсіздік күшейіп келеді

Ақмола облысында қылмыс 24 пайызға азайды: алаяқтық төмендеп, цифрлық қауіпсіздік күшейіп келеді

Ақмола облысында биылғы алты айда қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеді. Құқық қорғау органдарының дерегіне сәйкес, өңірде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,3 пайызға азайған. Сонымен қатар интернет-алаяқтық фактілері екі есеге жуық қысқарған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, әділет кеңесшісі Ақыл Қарпықбаев мәлімдеді.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстың құқық қорғау органдарына қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты 49,5 мыңнан астам арыз-шағым мен хабарлама түскен. Ал Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізілімінде 2163 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Жалпы облыс бойынша қылмыс азайғанымен, Астрахан, Сандықтау, Атбасар және Бұланды аудандарында қылмыстың аздап өсуі байқалады.

Тіркелген құқық бұзушылықтардың ең көп үлесі Көкшетау қаласына тиесілі. Сонымен қатар Бурабай, Степногорск, Целиноград және Атбасар аудандары да қылмыс жиі тіркелетін өңірлер қатарында.

Ақыл Қарпықбаевтың айтуынша, соңғы жылдары қоғам үшін ең өзекті қауіптердің бірі – интернет-алаяқтық.

«Заманауи технологиялардың дамуы азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, алаяқтардың да әрекет ету тәсілдері күрделене түсті. Сондықтан құқық қорғау органдары цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге ерекше көңіл бөліп отыр», – деді ол.

2025 жылдың шілдесінде Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен Ұлттық банк бірлесіп іске қосқан Антифрод орталығы осы бағыттағы маңызды жобалардың біріне айналды. Орталық күмәнді ақша аударымдарын жедел анықтап, қаржылық алаяқтықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

Нәтижесінде биыл өңірде алаяқтық қылмыстары 52,7 пайызға, ал интернет арқылы жасалған алаяқтық 55,9 пайызға төмендеген. Республика бойынша Антифрод орталығы іске қосылғалы бері 40 мыңнан астам күмәнді жағдай тіркелсе, оның 1200-ден астамы Ақмола облысына тиесілі.

Сонымен бірге бүгінде ұялы байланыс операторлары да жүйеге қосылып, алаяқтардың қоңырауларын автоматты түрде анықтап, азаматтармен сөйлесуді тоқтату мүмкіндігіне ие болды.

Департамент өкілдері тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап банк карталары мен шоттарын ақша үшін бөгде адамдарға пайдалануға берген азаматтарға қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Мұндай әрекет үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жыл басынан бері Ақмола облысында азаматтардың өз банк карталары мен онлайн-банкинг деректерін үшінші тұлғаларға беруіне байланысты 71 қылмыстық іс тіркелген.

«Ешқандай жағдайда банк картасының деректерін, SMS-кодтарды немесе онлайн-банкингке қолжетімділікті бөгде адамдарға беруге болмайды. Мұндай әрекеттердің салдары ауыр болуы мүмкін», – деп ескертті Ақыл Қарпықбаев.

Облыста есірткі қылмыстары бойынша да бақылау жалғасуда. Алты айда осы санаттағы 191 құқық бұзушылық тіркелген. Кейбір аудандарда мұндай қылмыстардың өсуі байқалғанымен, құқық қорғау органдары профилактикалық жұмыстарды күшейтіп жатыр.

Құқықтық статистика комитеті бүгінде тек статистика жүргізіп қана қоймай, тұрғындарға бірқатар мемлекеттік қызметтерді де электронды форматта ұсынады. Соттылық туралы анықтама алу, прокуратура құжаттарына апостиль қою және басқа да қызметтердің басым бөлігін eGov порталы арқылы үйден шықпай-ақ рәсімдеуге болады.

Сонымен қатар азаматтар QAMQOR.GOV.KZ порталында қылмыс картасын, жол-көлік оқиғалары картасын, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар картасын және кәсіпкерлерді тексеру картасын көре алады. Бұл сервистер тұрғындарға өз өңіріндегі криминогендік ахуалмен танысуға мүмкіндік берсе, құқық қорғау органдарына алдын алу шараларын тиімді жоспарлауға көмектеседі.

Бүгінде өңірдегі қылмыстық істердің 93,5 пайызы электронды форматта тергелуде. Бұл тергеу барысының ашықтығын арттырып, процестерді жеделдетуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар азаматтарға онлайн заң көмегін алу және қылмыстық іс бойынша өзіне қатысты құжаттарды қашықтан көру мүмкіндігі де жасалған.

Мамандар тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға, күмәнді қоңырауларға сенбеуге және жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады. Себебі цифрлық технологиялар дамыған сайын ақпараттық қауіпсіздік әр азаматтың жеке жауапкершілігіне де айналып келеді.

Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен салынған жаңа спорт кешенінде мемлекеттік қызметшілердің республикалық спартакиадасы ашылды

Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен салынған жаңа спорт кешенінде мемлекеттік қызметшілердің республикалық спартакиадасы ашылды

Ақмола облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын жобаларды іске асыру жалғасуда. Бүгінгі таңда жоспарланған 42 жобаның 35-і аяқталды. Оның ішінде 2 спорт кешені, 22 сумен жабдықтау нысаны және 11 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді.
Маңызды нысандардың бірі – Көкшетау қаласындағы жаңа көпфункционалды «Kokshe Arena» спорт кешені. Аталған кешенде жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында республикалық спартакиаданың ашылу салтанаты өтті.
Заманауи спорт кешені бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфит залдарымен, сондай-ақ 650 орындық көпфункционалды залмен жабдықталған және бір мезгілде 1 000-нан астам адамды қабылдай алады. Оның ашылуы спортты дамытуға, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға жаңа мүмкіндіктер береді.
Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов қайтарылған активтер есебінен салынып жатқан барлық нысандардың құрылысы прокуратураның тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Ерекше назар құрылыс сапасына, жұмыстардың мерзімінде аяқталуына және мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуына аударылады.
Ақмола облысының прокуратурасы

Азаматтардың 72%-ы сайлауда дауыс беруге дайын – Еуразиялық интеграция институтының сауалнамасы

Азаматтардың 72%-ы сайлауда дауыс беруге дайын – Еуразиялық интеграция институтының сауалнамасы

Сайлау азаматтардың ел ісіне араласуы мен саяси белсенділігінің маңызды көрсеткіші саналады.
Еуразиялық интеграция институты 2026 жылдың 3-13 шілдесі аралығында Қазақстанның 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында азаматтар арасында бетпе-бет (face-to-face) сауалнама жүргізді. Жалпы іріктеу ауқымы 1640 респондентті құрады.
Сауалнама қазақстандықтардың алдағы сайлау процесіне деген ынта-ықыласы жоғары екенін көрсетті.
Респонденттерге алдағы жексенбіде Құрылтай сайлауы өткен жағдайда дауыс беруге баратын-бармайтыны жайлы сұрақ қойылды.
«Егер сайлау алдағы жексенбіде өтсе, сіз дауыс беруді жоспарлап отырсыз ба?» деген сұраққа сауалнамаға қатысушылардың 72,1%-ы оң жауап берді, яғни, сайлау учаскелеріне баруға дайын екенін білдірді. Респонденттердің 14,2%-ы сенімді емес екенін білдіріп, дауыс бермейтінін айтты, ал 13,7%-ы нақты жауап бере алмады.
Респонденттерге қазіргі уақытта қай партияға дауыс беретіндері жайлы «Егер сайлау алдағы жексенбіде өтсе, сіз қай партияға дауыс берер едіңіз?» деген сұрақ қойылды.
Партиялар рейтингінде «Әділет» партиясы көш бастап тұр, бүгінде оған респонденттердің 61,7%-ы дауыс беруге дайын.
Екінші орында – «Ауыл» партиясы, оған респонденттердің 5,1%-ы дауыс беретінін айтқан.
«Respublica» партиясы мен «Ақ жол» партиясының рейтингтері шамалас – сәйкесінше, 4,5% және 4,1%.
Сондай-ақ, Қазақстан Халық партиясы (3,6%) мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (3,5%) рейтингтері шамамен бір деңгейде.
«Байтақ» жасылдар партиясын респонденттердің 0,7%-ы қолдайды.
Респонденттердің 2,6%-ы «барлығына қарсы» деп дауыс беруге ниетті, ал 14,2%-ы әлі шешім қабылдаған жоқ.
Сауалнама қорытындысы респонденттердің көңіл-күйіне сайлау жарияланғаннан кейін байқалған саяси партиялардың белсенділігі айтарлықтай әсер еткенін көрсетеді. Сауалнаманың соңғы кезеңі партиялардың сайлауалды бағдарламалары бекітіліп, кандидаттар тізімдері жарияланған съездері өтіп жатқан кезіне тұспа-тұс келді.
Жалпы алғанда, зерттеу азаматтардың алдағы сайлауға деген ықыласы айтарлықтай жоғары екенін, сондай-ақ партиялардың сайлауға дайындық кезеңіндегі белсенділігі сайлаушылардың көзқарасына қаншалықты әсер ететінін көрсетеді.
Іріктеу таңдалған параметрлер бойынша (аймақ, тұрғылықты жері (қала/ауыл), жынысы, жасы және этносы) репрезентативті болып табылады, олар 18 жастан асқан азаматтардың әлеуметтік-демографиялық құрамының тиісті үлестеріне жуықтайды (ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы сәуірдегі деректері бойынша). Іріктеудің 95% сенімділік деңгейіндегі қателік шегі ±1,18%-дан аспайды.
Еуразиялық интеграция институты бұл деректерді Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі №ОСК-11-07/ЗТ-С-30 жазбаша хабарламасына сүйене отырып жариялайды.

https://www.facebook.com/ieikz

Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша халықаралық кездесу өтті

Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша халықаралық кездесу өтті

Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, Фридрих Эберт қоры және “Дағдарыс орталықтарының одағы” заңды тұлғалар бірлестігінің бірлесіп ұйымдастыруымен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі мемлекеттік саясаттың жаңа шараларын іске асыруға арналған халықаралық диалог өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Тәжікстан Республикасы ІІМ өкілдері, сондай-ақ Германия Федеративтік Республикасынан халықаралық сарапшылар қатысты.

Шара барысында Қазақстан Республикасы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Кәбешқызы баяндама жасап, елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және тәуекелдерді бағалаудың ұлттық стандартын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

Диалог барысында Орталық Азия елдерінің ішкі істер органдарының өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, тәуекелдерді бағалау құралдарын қолдану және жәбірленушілерге көмек көрсету кезіндегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.

Мұндай іс-шараларды өткізу халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық тәжірибелерді зерделеуге және Қазақстан Республикасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.

Кездесу барысында неміс сарапшылары Роланд Хертель мен Жайна Рабинкий-Джаналиева тұрмыстық зорлық-зомбылық тәуекелдерінің факторларын анықтауға және оларды кешенді бағалауға арналған заманауи OCTAGON тәуекелдерді бағалау құралын таныстырды.

Қазіргі уақытта OCTAGON құралын Алматы қаласы полиция департаментінің қызметіне енгізу мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында оның функционалымен жеке құрамды таныстыру жұмыстары жоспарланып отыр.

ІІМ: Шілденің алғашқы онкүндігінде 121 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді

ІІМ: Шілденің алғашқы онкүндігінде 121 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді

Ішкі істер министрлігі “Қарасора – 2026” жедел-профилактикалық іс-шарасын іске асыру аясында есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимылды тұрақты түрде жүргізуде.

  • Астана қаласында полиция қызметкерлері елорданың 26 жастағы тұрғынын ұстады. Жеке тінту және жалға алынған тұрғын үйін тексеру барысында одан салмағы 245 грамм 227 орам а-PVP синтетикалық есірткіcі тәркіленді. Күдікті оны қала аумағында өткізбек болған.

Шілде айының бірінші онкүндігінде ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті аумақтық бөліністермен өзара іс-қимыл жасай отырып, барлығы 187 есірткі құқық бұзушылығын анықтады. Оның ішінде 86 қылмыстық терісқылық және 101 қылмыс бар.

Он күн ішінде есірткіні сатудың 46, аса ірі мөлшерде сақтаудың төрт, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді егудің 40 фактісінің жолы кесілді. Сондай-ақ есірткі контрабандасының төрт фактісі тіркелді. Заңсыз айналымнан 266 кг прекурсор мен 760 кг есірткі, оның ішінде 121 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

Жазғы демалыс кезінде жоғары сынып оқушылары мен студенттер арасында нашақорлыққа қарсы іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге ерекше назар аударылуда. Алғашқы онкүндікте алты мың жасөспірім мен жастарды қамти отырып, 145 профилактикалық іс-шара өткізілді.

Ішкі істер министрлігі азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ жастарды есірткі ортасына тарту фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырады, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.

ІІМ қаржы қызметкерлеріне алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертеді

ІІМ қаржы қызметкерлеріне алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертеді

Ішкі істер министрлігі алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертеді.

Алаяқтар азаматтармен Telegram мессенджері арқылы байланысып, өздерін мемлекеттік органдардың, компаниялар мен ұйымдардың басшылары ретінде таныстырады. Бұл ретте олар шынайы басшылардың фотосуреттері мен деректерін пайдаланады. Директордың, басшының немесе басқа да лауазымды тұлғаның атынан қаскөйлер қызметкерлерге шұғыл түрде көрсетілген есепшотқа ақша аударуды, қызмет ақысын төлеуді, қандай да бір тауар үшін қаражат жіберуді немесе өзге де қаржылық операцияларды орындауды талап ететін хабарламалар жібереді.

Көбіне мұндай хабарламаларды бухгалтерлер, қаржы қызметкерлері және ұйымның қаражатына қолжетімділігі бар тұлғалар алуы мүмкін.

Егер сіз осындай хабарлама алсаңыз:

ақша аудармаңыз және қаржылық операцияларды орындамаңыз;
міндетті түрде басшымен телефон арқылы немесе жеке байланысыңыз;
телефон нөмірін, жіберушінің аккаунтын және хабарлама мазмұнын мұқият тексеріңіз;
күмән туындаған жағдайда хат алмасуды тоқтатып, болған жағдай туралы басшылыққа және жауапты қызметкерлерге хабарлаңыз.

  • Сіздің қырағылығыңыз ақшаңызды сақтауға және алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі, – деді ІІМ өкілдері.

Қауіпсіз жол: ІІМ жүргізушілерді ЖЖҚ сақтауға шақырады

Қауіпсіз жол: ІІМ жүргізушілерді ЖЖҚ сақтауға шақырады

11-16 шілде аралығында еліміздің аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру мақсатында “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

  • Құрметті жол жүрісіне қатысушылар! Жаз мезгілінде жол-көлік оқиғаларының, оның ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын апаттардың алдын алу мақсатында 11-16 шілде аралығында елімізде “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.

Жолдағы бақылау күшейтіліп, автопатрульдер саны артты. Полиция нарядтары жолда жүру қағидаларын бұзушылықтың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған жұмыстарды жүргізуде.

Іс-шараның алғашқы үш күнінде жол жүрісі қағидаларын бұзудың 22,5 мыңнан астам дерегі анықталды. Оның ішінде:

көлік құралын мас күйде басқарудың 300-ден астам дерегі;
жолдың қарсы жолағына шығудың 260 дерегі;
жолаушыларды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзудың 854 дерегі;
жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 139 дерегі, оның ішінде 60-тан астамы такси қызметі саласында анықталды.
Арнайы тұрақтарға 1,5 мыңнан астам көлік құралы қойылды.

Полиция барлық жол жүрісіне қатысушыларды жолда жүру қағидаларын қатаң сақтауға, қауіпті маневрлерге жол бермеуге және жолдағы қауіпсіздік әр адамның жауапкершілігіне байланысты екенін есте ұстауға шақырады, – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Құрметті Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтары!

Құрметті Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтары!

      2026 жылғы 17-26 шілде  аралығында  Ақмола облысының аумағында (өткізілетін негізгі орын: «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесі» КММ аумағы) әскери міндеттілермен әскери жиын және арнайы-тактикалық оқу-жаттығу өткізу жоспарлануда.
Оған қоса, а.ж.  20-24 шілде күндері аралығында өңір аумағында «Бекет-2026» ведомствоаралық оқу-жаттығуы өтеді.
Оқу-жаттығуға түрлі құрылымдардың (полиция, жедел жәрдем, құтқарушылар және т.б.) арнайы техникасы жұмылдырылатын болады.

Осыған орай, тұрғындарды сабырлық сақтауға, оқу жаттығуларына түсіністікпен қарауға және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға шақырамыз.

23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауы жаңартылған сайлау жүйесі бойынша өтеді.

23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауы жаңартылған сайлау жүйесі бойынша өтеді. Биыл барлық 145 депутат тек партиялық тізім арқылы сайланады.

Бұл өзгеріс нені білдіреді? Бейнероликтен көріңіз.

Құрылтай #Сайлау2026 #23Тамыз #Қазақстан #СаясиРеформа #ПартиялықЖүйе

Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңі басталды

Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңі басталды. 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы – осы реформалардың алғашқы маңызды қадамы. Бұл саяси науқанның ерекшелігі неде? Бейнероликтен көріңіз.

Құрылтай #Сайлау2026 #23Тамыз #Қазақстан #СаясиЖаңғыру #Реформа

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑