Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық жүргізілуде
Өздеріңізге белгілі, биылғы жылдың 23 тамызына Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы тағайындалды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен аталған сайлау науқанын әзірлеу мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітілді.
Ақмола облысында дауыс беру күні барлығы 759 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлау процесін ұйымдастыруға 4520 сайлау комиссиясының мүшесі тартылады.
Сайлау комиссияларының барлық мүшелері Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заң талаптары бойынша оқытудан өтіп, білімдерін тестілеу арқылы растайды.
2 тамыздан бастап учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушылар тізімдерімен жұмыс жүргізуді бастайды.
Сайлау науқаны басталған күннен бастап сайлау комиссияларының мүшелері үшін демалыс және мереке күндері кезекшілік ұйымдастырылды.
Сайлаушылардың өз сайлау учаскесін оңай анықтауы үшін «Сайлау Ақмола Бот» Telegram-боты іске қосылды.
Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде тұрғылықты жері бойынша тіркелуді тексеруге арналған 199 сервис, сондай-ақ азаматтарды жедел тіркеуге арналған 8 сервис жұмыс істейді. Бұдан бөлек, сайлаушыларға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында 21 Call-орталық қызмет көрсетеді.
23 шілдеде сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, саяси партиялардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін 679 арнайы орын белгіленді.
20 шілдедегі жағдай бойынша Ақмола облыстық сайлау комиссиясы дауыс беру барысын тәуелсіз бақылауды жүзеге асыру үшін 11 қоғамдық бірлестік пен үкіметтік емес ұйымды аккредиттеді.
Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы бойынша сайлаушыларды ақпараттандыру бекітілген медиа-жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Облыстық аумақтық сайлау комиссияларының желісі арқылы барлығы 539 ақпараттық баннер дайындалып, облыстың барлық елді мекендерінде орналастырылды.
Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында апта сайын ақпараттық материалдар жарияланып келеді. Сонымен қатар «Көкше» телеарнасында және LED-экрандарда арнайы бейнероликтер көрсетілуде.
Сайлау комиссияларының құрамы, сайлау учаскелерінің шекаралары мен мекенжайлары бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурстарда жарияланып, барша азамат үшін ашық қолжетімді.
Орталық сайлау комиссиясының тапсырмасына сәйкес, сайлау күніне 10 күн қалғанда әрбір сайлаушыға жеке түрде сайлауға шақыру қағазы жеткізіледі. Онда сайлаушыға қажетті ақпаратты жылдам алуға мүмкіндік беретін арнайы QR-код орналастырылады.

