Ақмола облысы «Кітап оқитын ұлт» жобасына қосылды
Ақмола облысында республикалық «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа облыс әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры қол қойып, өңірде кітап оқу мәдениетін дамытуға және оқырмандық белсенділікті арттыруға негіз қалады.
Салтанатты рәсім Көкшетау қаласындағы Достық үйінде өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, білім беру және мәдениет мекемелерінің, кітапхана саласының, қоғамдық ұйымдардың, ғылыми қауымдастықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды бағыт екенін атап өтті.
– Кітап оқу мәдениетін дамыту – өңіріміздің болашағына салынған инвестиция. Мемлекет, білім беру ұйымдары, кітапханалар мен қоғамдық институттардың күш-жігерін біріктіру арқылы кітапты балалардың, жастардың және барлық тұрғындардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруымыз қажет, – деді ол.
Өз кезегінде «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сақошев жобаның негізгі мақсаты кітап оқуды насихаттау ғана емес, қоғамда тұрақты оқырмандық мәдениетті қалыптастыру екенін айтты.
– Адамдарды кітап оқуға, оқығанын талқылауға ынталандыратын тиімді жүйе құру – басты міндетіміз. Ақмола облысы бұл бастаманы табысты жүзеге асыратын өңірлердің бірі болады деп сенеміз, – деді қор басшысы.
Кездесу барысында ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері жобаны іске асырудың өзекті бағыттары жөнінде пікір алмасты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, өңірде «Оқитын мектеп» жобасы аясында 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 90 мыңнан астам оқушы, 6 мыңға жуық педагог және 3 мыңнан астам ата-ана қатысқан. Мектептерде 480-ге жуық коворкинг кеңістігі ашылып, кітапхана қорлары 330 мыңнан астам көркем әдебиетпен толықтырылған. Сонымен қатар, 100 мектеп пен 20 колледжде автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйе енгізілген.
Меморандум аясында тараптар кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау, кітапхана инфрақұрылымын жетілдіру, әдістемелік қолдау көрсету, ағартушылық жобалар мен ақпараттық науқандарды бірлесіп жүзеге асырады. Сондай-ақ Ақмола облысында жобаның орындалуын үйлестіретін арнайы жобалық кеңсе құрылмақ.
Айта кетейік, меморандумға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сақошев қол қойды.

