«Әділеттілік. Заң. Бірлік»: Зерендіде «Құқықтық мәдениет апталығы» акциясы өтті
Зеренді ауылының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Әділеттілік. Заң. Бірлік» тақырыбында «Құқықтық мәдениет апталығы» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Е.Дәукенов қатысып, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы мен заң үстемдігін нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру, қоғамда әділеттілік қағидаттарын дәріптеу және құқықтық жауапкершілікті күшейту.
Іс-шара барысында құқықтық тақырыптағы кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар заңнамалық өзгерістер, азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат алды. Сонымен қатар, заң үстемдігі, қоғамдық тәртіп, азаматтық жауапкершілік және бірлік құндылықтары жөнінде ашық пікір алмасу өтті.
Мұндай іс-шаралар қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтып, әр азаматтың заң талаптарын құрметтеуіне және елдің тұрақты дамуына өз үлесін қосуына ықпал етеді.