Құрылтай сайлауы – ел болашағына ортақ жауапкершілік
Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі – алдағы Құрылтай сайлауы. Бұл сайлау халықтың өз таңдауын білдіріп, елдің болашағына қатысты маңызды шешімдерге өз үлесін қосуына мүмкіндік беретін жауапты үдеріс.
Аға буын өкілі ретінде біз үшін елдің тұрақтылығы, қоғамдық келісім мен жас ұрпақтың жарқын болашағы әрдайым басты құндылық болып келеді. Бүгінгі таңда мемлекетіміздің дамуы азаматтардың белсенділігіне, жауапкершілігіне және ел тағдырына бейжай қарамауына тікелей байланысты.
Құрылтай депутаттарын сайлау – халықтың талап-тілегін жеткізетін, өңірлердің өзекті мәселелерін көтеруге мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық институтты қалыптастыру жолындағы қадам. Сондықтан әрбір азамат сайлау науқанына жауапкершілікпен қарап, кандидаттардың бағдарламалары мен ұстанымдарымен танысып, саналы таңдау жасауы қажет.
Зеренді ауданының тұрғындары әрдайым ел өміріндегі маңызды бастамаларға белсенді қатысып келеді. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауылдардың өркендеуі, жастарға қолдау көрсету, еңбек адамының мәртебесін арттыру, аға буынға құрмет көрсету сияқты мәселелер біз үшін маңызды.
Біз, ардагерлер, жас ұрпаққа елге деген сүйіспеншілікті, Отанға қызмет етуді және азаматтық жауапкершілікті үлгі етуге тиіспіз. Осы тұрғыдан алғанда, сайлауға қатысу – әр азаматтың конституциялық құқығымен қатар, ел болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі.
Барша Зеренді ауданының тұрғындарын Құрылтай сайлауына белсенді қатысып, өз таңдауын жасауға шақырамын. Елдің ертеңі – бүгінгі азаматтық ұстанымымызға байланысты.
О.Бекішев – Зеренді ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы