«Болашақ – біздің қолымызда»: жастарға арналған мерекелік кеш өтті
Зеренді ауылында Жастар күніне орай жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында «Болашақ – біздің қолымызда» атты мерекелік би кеші өтті.
Кеш барысында жастар заманауи әуендерге билеп, достарымен бірге көңілді уақыт өткізді. Іс-шараның ерекше атмосферасын көбік кеші мен холли бояулары толықтырып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Түрлі-түсті бояулар мен көңілді музыка жастардың белсенділігін арттырып, мерекелік кешке ерекше сән берді.
Жастар үшін ұйымдастырылған бұл кеш – олардың бір-бірімен еркін араласып, жаңа достық қарым-қатынас орнатуына, жағымды эмоция алып, есте қаларлық сәттерді бірге өткізуіне мүмкіндік берді.
Жастар – елдің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші. Осындай мазмұнды әрі қызықты іс-шаралар олардың белсенділігін арттырып, қоғамдық өмірге араласуына оң ықпал етеді. Мерекелік кеш көтеріңкі көңіл-күймен, жарқын әсерлермен аяқталды.