Қонысбай ауылында маңызды мәселелер талқыланды
Қонысбай ауылдық округінің әкімі Ж.Еслямбеков ауыл тұрғындарымен «Конституция құндылықтары және өңірдің дамуы» тақырыбында кездесу өткізді.
Кездесу барысында Конституцияда бекітілген азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң мен тәртіпті сақтау, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың өзекті ұсыныстары мен мәселелері талқыланды.
Кездесуде алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауының маңызына да ерекше назар аударылды. Тұрғындарға Құрылтайдың елдің қоғамдық-саяси дамуындағы рөлі, азаматтардың сайлау арқылы өз ұстанымын білдіруінің маңыздылығы түсіндірілді.
Ауыл әкімі тұрғындарды сайлау үдерісіне белсенді қатысып, өз таңдауын жауапкершілікпен жасауға шақырды. Себебі әрбір азаматтың таңдауы – елдің болашағына, өңірлердің дамуына және қоғамның одан әрі нығаюына қосылған үлес.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ашық форматтағы мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы өзара байланысты нығайтып, ел дамуына ортақ жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.

