Жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланады деп кәміл сенемін.
Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ.
Біз геосаяси шиеленіс ширығып, жаһандық сын-қатерлер күшейе түскен кезеңде бет алған бағытымыздан таймай, тек алға қарай жүруіміз қажет. Қазақстанды әлемдегі нағыз озық мемлекеттердің қатарына қосу үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, яғни ұлттық стратегиямызды табысты жүзеге асыруымыз қажет.
Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады.
Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз.
t.me/aqorda_resmi
