Зеренді ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті
22 тамыз күні Зеренді ауданында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында “Игі істер күні” тақырыбымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы ұйымдастырылды.
Акция аясындағы тазалық жұмыстары ауданның барлық елді мекенінде өткізілді. Игі бастамаға ауыл тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және белсенді азаматтардан құралған 300-ге жуық адам қатысты.
Тазалық жұмыстарын жүргізуге 10 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, елді мекендердің аумақтарынан жалпы көлемі 15 тонна қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Атап айтқанда, көшелер, қоғамдық орындар, аулалар және елді мекендерге бекітілген учаскелер тазартылды.
Зеренді ауылында экологиялық акцияға 90 адам қатысып, ауылішілік көшелер мен бекітілген аумақтарда абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1 тонна қоқыс жиналып, арнайы техника арқылы шығарылды.
«Таза Қазақстан» акциясы – табиғатты аялауға, туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қарауға және қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Осындай ортақ іске тұрғындардың белсенді қатысуы елді мекендердің көркейіп, қоршаған ортаның таза болуына оң ықпал етеді.
Әрбір тұрғынның туған жерінің тазалығына үлес қосуы – қоршаған ортаға деген құрметтің және азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.
Таза аумақ – жайлы орта, таза табиғат – жарқын болашақ!

