Ақмола облысынан 21 спортшы Жапониядағы Азия ойындарына қатысады

Ақмола облысының 21 спортшысы Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғайды. Олар бокс, триатлон, баскетбол, волейбол және садақ ату сынды спорттың тоғыз түрінен бақ сынайды. Бұл туралы брифингте Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин айтып берді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Ойындар 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Нагоя қаласы мен Айти префектурасында өтеді. Ақмола облысының құрамында бокстан Азия чемпионы Оразбек Асылқұлов пен Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері Аян Бейсенбаев бар. Сондай-ақ облыстың тағы сегіз спортшысы Қазақстанның баскетболдан әйелдер құрамасына енді.

«Азия ойындарына қатысу – спортшылар мен жаттықтырушылардың үлкен еңбегінің нәтижесі. Қазір басты міндет – жинаған спорттық бабымызды сақтап, команданың жарысқа лайықты қатысуына барлық жағдайды жасау», – деді Ардақ Төлендин.

2023 жылы Ханчжоуда өткен алдыңғы Азия ойындарында Ақмола облысының атынан 15 спортшы өнер көрсетті. Сол кезде өңір қоржынына екі медаль түсті: Карина Ибрагимова бокстан күміс, ал Аян Бейсенбаев триатлоннан қола жүлде иеленді. Биыл облыс құрамындағы спортшылар саны 21-ге жетті.

«Спортшыларымыздың ойындарда республикалық және халықаралық жарыстарда көрсеткен дайындық деңгейін көрсете алғаны біз үшін маңызды. Барлық командаға лайықты өнер көрсетуді тілейміз», – деді Ардақ Төлендин.