Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөз сөйледі

«Бүгін бәріміз бірге осы саябақта тал егіп, ортақ парасатты іске атсалыстық.

Бұл, шын мәнінде, қоғамымыз бен жалпы еліміз үшін аса қажетті және пайдалы жұмыс. Баршаңызға мемлекет саясатын үнемі қолдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.

Мен осындай игі іске өз үлесін қосып жүрген жастарды нағыз отаншыл азамат деп санаймын. Себебі Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйіңнен, өз ауылың мен қалаңнан бастау алады.

Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Өнегелі сөз деп айтсақ, артық болмас. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқор көзбен қарау – ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет.

Бұл – бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті әрі аманаты. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқарас пен іс-шаралар азаматтық міндет болып саналады. Сондықтан біз жаппай бір ел болып бастаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының қоғамдық және тарихи мәні айрықша.

Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. Тағы да атап өтейін: бұл – мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет. «Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл – жай ғана ұран емес, бұл – шын мәнінде, еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз.

Өркениеттілік, жасампаздық пен ілгерілеу ұғымдарының ластыққа, селқостыққа ешқандай қатысы жоқ. Бұл – өмірдің ақиқаты. Түптеп келгенде, бұл жұмыстың бәрі де өскелең ұрпақтың қамы үшін жасалып жатыр».

t.me/aqorda_resmi