«Таза Қазақстан» бастамасы – қоршаған ортаны тазалау немесе елді мекендерді абаттандырумен ғана шектелмейтін, қоғамның мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба деп санаймын.
Біз, аға буын өкілдері, тазалық пен тәртіптің әр отбасының, әр азаматтың күнделікті өміріндегі басты құндылықтардың бірі болғанын көріп өстік. Сондықтан Мемлекет басшысының «Таза Қазақстанды» елдің жарқын болашағының кепілі ретінде атап өтуі өте орынды. Өйткені таза әрі жайлы орта өздігінен қалыптаспайды. Ол – әр азаматтың еңбегі, жауапкершілігі және туған жеріне деген жанашырлығының нәтижесі.
«Таза Қазақстан» аясындағы ортақ жұмыстар адамдарды бір мақсатқа жұмылдырып, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыра түседі. Сенбілікке, көгалдандыруға, аумақтарды абаттандыруға бірге қатысқан тұрғындар өз ауылының, қаласының тазалығы мен көркеюіне тікелей үлес қосады. Мұндай жұмыстар әсіресе жастарға еңбекқорлықты, ұқыптылықты және қоғамдық жауапкершілікті үйретуде маңызды.
Меніңше, бастаманың ең басты нәтижесі – тазалықты науқандық жұмыс емес, күнделікті өмір салтына айналдыру. Әр адам «Бұл – менің көшім, менің ауылым, менің өлкем» деген түсінікті жүрегіне орнықтырса, қоғамдағы жауапкершілік те арта түседі.
Таза Қазақстан – таза орта ғана емес, таза ой, мәдениетті қарым-қатынас, ортақ тәртіп пен ел болашағына деген жауапкершілік. Бұл – мемлекет пен қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Сондықтан әрқайсымыз туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне өз үлесімізді қосуымыз қажет деп есептеймін.
Зейнегүл Қазияқпаров – Зеренді ауданы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары