Атбасарда қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалы ашылды Атбасар қаласында қайта жаңғыртудан кейін теміржол вокзалының ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен мердігер ұйымның өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Нұржан Келбұғанов еліміздің жолаушылар теміржол инфрақұрылымын жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Ақмола облысында жұмыстардың елеулі көлемі жүргізілуде, мұнда бағдарлама 16 теміржол вокзалын қамтиды. Бұл – республика өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Аталған жобаның іске асырылуы жолаушылар үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасап, қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді», – деді Нұржан Келбұғанов.
Атбасар станциясының теміржол вокзалы 1956 жылы салынған. Жоба аясында бұрынғы ғимарат бұзылып, оның орнына жаңа заманауи вокзал кешені салынды. Ғимараттың ішкі бөлмелері толық жабдықталып, инженерлік коммуникациялар жаңартылды, шатыр мен қасбетті орнату жұмыстары жүргізілді, перрон қайта жаңғыртылып, іргелес аумақ абаттандырылды. Нәтижесінде вокзал кешенінің аумағы 661 шаршы метрден 823 шаршы метрге дейін ұлғайды.
Нысанның қауіпсіздігі мен қолжетімділігіне ерекше көңіл бөлінді. Жаңа эвакуациялық шығу жолдары жабдықталып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай есіктер орнатылды. Қозғалысы шектеулі азаматтар үшін пандус қарастырылды.
Атбасар станциясының вокзалы 3-санатты вокзалдарға жатады. Тәулігіне орта есеппен 310 жолаушыға қызмет көрсетіледі. Станция арқылы Қазақстанның Астана, Қостанай, Семей, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Маңғыстау және басқа да қалаларымен теміржол қатынасын қамтамасыз ететін 16 жолаушылар пойызы өтеді.
Вокзалды қайта жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, сондай-ақ келушілер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.

