Еңбек күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов «Еңбек – ел мұраты» іс-шарасына қатысты

📌 Еңбек күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов «Еңбек – ел мұраты» іс-шарасына қатысып, жұмыспен қамту, кадр даярлау және өндірістік қауіпсіздік салаларындағы заманауи, оның ішінде ЖИ элементтері бар шешімдермен танысты.

Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі жұмыссыз азаматтарды автоматты түрде анықтап, оларға лайықты жұмыс ұсынуға мүмкіндік береді. Пилоттық жоба Павлодар және Маңғыстау облыстарында 59 мыңнан астам адамды қамтыды. Қарашадан бастап жүйені басқа өңірлерге енгізу жоспарлануда.

Астана әкімдігі Joltap бағдарламасының нәтижелерін таныстырды. Жоба аясында 22,2 мың адам жұмыс және цифрлық дағдылар бойынша білім алды. Оның 60%-ы жұмысқа орналастырылып, 2 мыңға жуық адам шағын бизнес ашты.

ТжКБ-ның цифрлық дуальды оқыту платформасы студенттер, оқытушылар мен жұмыс берушілердің байланысын күшейтеді. Астана қаласының қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі түлектерінің мамандығы бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші 93%-ға жетті.

Өнеркәсіптік қауіпсіздікте электрондық наряд-рұқсаттар, жүргізушілердің жағдайын бақылау жүйелері, бейнеаналитика және ЖИ негізіндегі «Ақылды каска» секілді шешімдер енгізілуде.

Бүгінде Қазақстанда 9,4 млн адам еңбекпен қамтылған, жыл басынан бері 475 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты. Электрондық еңбек биржасында 800 мыңнан астам бос жұмыс орны бар.

Кәсіптік білім беруде дуальды оқытуға 552 колледждің 138 мың студенті және 11 мыңға жуық кәсіпорын қатысады.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысының еңбек адамына ерекше мән беретінін атап өтті. «Адал азамат» тұжырымдамасында еңбекқорлық, жауапкершілік және білімге ұмтылыс маңызды қасиеттер ретінде айқындалған.