Ақмола облысының 35 мыңға жуық тұрғыны «Кітап оқитын ұлт» марафонына қосылды
Ақмола облысында «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» ұлттық марафонына қатысу үшін 35 мыңға жуық адам тіркелді. Жобаға мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, отбасылар және өңір тұрғындары қатысып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дауешов және өңірлік жобалық кеңсе жетекшісі Жанар Жунусова мәлімдеді.
Облыста марафон тамыз айында басталып, қыркүйек айынан бастап барлық 20 аудан мен қалада қатысушыларды белсенді тіркеу жұмыстары жүргізілді. Жоба «Оқитын мектеп», «Оқитын университет», «Оқитын отбасы», «Кітап оқитын зияткер» сияқты жеті негізгі бағытты қамтиды. Қатысушылар тізімге енген отандық және әлем әдебиетінің 330 кітабынан 15 шығарманы оқып, кейін тестілеу мен зияткерлік квиздерден өтеді.
«Кітап оқу – жаңа білім алудың ғана емес, ой-өрісті кеңейтудің, талдау жасауды және өз бетінше қорытынды шығаруды үйренудің де мүмкіндігі. Сондықтан марафонға әр жастағы және әртүрлі салада еңбек ететін адамдардың қатысқаны біз үшін маңызды», – деді Досұлан Айтбаев.
Жобаны ілгерілетуде кітапханаларға да ерекше рөл беріліп отыр. Өңірдің аудандық және ауылдық кітапханаларында қажетті кітап қоры жасақталған. Сонымен қатар барлық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Зерделі ұлт» атты 288 бұрыш ашылды. Кітап оқуға қызығушылықты арттыру үшін кітапханалар жанында клубтар жұмыс істейді. Бүгінде олардың 35 отырысы өткізілді. Әлеуметтік желілерде өңірге танымал тұрғындардың сүйікті кітаптары мен оқу мәдениетінің маңызы туралы айтатын 200-ге жуық бейнесұхбат жарияланды.
«Бүгінде кітапхана кітап алатын орын ғана емес, адамдардың пікір алмасып, әдебиетті талқылайтын және жаңа оқырмандық бастамаларға жол ашатын кеңістік болуы керек. Біз мұндай мүмкіндіктерді облыстың қалалары мен аудандарында да қалыптастыруға тырысып жатырмыз», – деді Нұрғиса Дауешов.
Өңірдегі марафонды арнайы құрылған жобалық кеңсе үйлестіреді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, білім, мәдениет салаларының және жоғары оқу орындарының өкілдері кірді. Аудандарда ақпараттық кездесулер мен түрлі іс-шаралар өтіп, жобаны насихаттауға жазушылар, қоғам белсенділері және өңірдің басқа да өкілдері тартылуда.
Жанар Жунусованың айтуынша, қазір қатысушылар санын көбейтіп қана қоймай, олардың марафон бойы кітап оқуға деген қызығушылығын сақтау маңызды.
«Біздің міндетіміз – жобаға қатысуды тек тіркелумен шектемеу. Адамның кітапты шынымен оқып, алған әсерімен бөлісіп, айналасындағыларды да осы үдеріске тартқаны маңызды. Сондықтан кездесулер өткізуді, клубтардың жұмысын дамытуды және оқырман мәдениетін насихаттау үшін әлеуметтік желілерді пайдалануды жалғастырамыз», – деді ол.
Марафонның негізгі кезеңі 2027 жылдың наурызына дейін жалғасады. Одан кейін қатысушылар қорытынды тестілеу мен квиздерден өтеді. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары Ақмола облысын республикалық деңгейде таныстыру мүмкіндігіне ие болады. «Кітап оқитын ұлт» марафонының финалы 23 сәуір – Ұлттық кітап күні Астана қаласында өтеді. Қорытынды бойынша еліміздің үздік он оқырманы анықталады.

