Азат ауылының тұрғындары ауылдық округ әкімін таңдауға белсенді қатысты
Бүгін, 4 қазанда, Зеренді ауданының Күсеп ауылдық округінде ауыл әкімін сайлау науқаны өтуде. Округ құрамындағы Азат ауылының тұрғындары да маңызды саяси науқаннан тыс қалмай, өз таңдауларын жасау үшін сайлау учаскелеріне белсенді түрде келді.
Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі сайлау учаскесіне келіп, Күсеп ауылдық округінің әкімі лауазымына ұсынылған үш кандидаттың арасынан өз таңдауын жасады.
– Бүгін біз, Күсеп ауылдық округіне қарасты Азат ауылының тұрғындары үшін ерекше күн. Округ әкімі лауазымына ұсынылған үш лайықты кандидаттың арасынан өз таңдауымызды саналы түрде жасадық. Бұл – ауылымыздың және жалпы округіміздің болашағына тікелей әсер ететін маңызды шешім. Біз сайлау арқылы өз азаматтық ұстанымымызды білдіріп, елді мекендеріміздің одан әрі дамуына, өзекті мәселелердің шешілуіне және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға үлес қосатын басшыны таңдауға атсалысып отырмыз, – дейді Азат ауылының тұрғындары.
№539 сайлау учаскесінің төрағасы Фариза Жетпісованың айтуынша, сайлау науқаны белгіленген талаптарға сәйкес, жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қалыпты жағдайда өтіп жатыр.
– Сайлау учаскесіне келіп жатқан тұрғындардың белсенділігі жоғары. Халықтың көтеріңкі көңіл күйі мен азаматтық белсенділігі олардың ел болашағына, туған ауылының дамуына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Әр тұрғын өз таңдауын еркін әрі саналы түрде жасап жатыр, – дейді Фариза Жетпісова.
Сайлауға қатысу – азаматтың өз таңдауын білдіруінің және ауылдың болашағын айқындауға атсалысуының маңызды көрінісі. Азат ауылы тұрғындарының белсенділігі де елді мекеннің ертеңіне деген жауапкершіліктің жоғары екенін аңғартады.