Көкшетауда киберқылмысқа қарсы күрес мәселелері талқыланды
Көкшетауда Шоқан Уәлиханов атындағы университетте онлайн-алаяқтыққа қарсы күрес және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараға ғалымдар, заңгерлер, прокуратура, полиция және сот жүйесінің өкілдері қатысты. Қатысушылар интернет-алаяқтықтың алдын алу, азаматтардың банк шоттары мен төлем құралдарын заңсыз пайдалану, сондай-ақ халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру жолдарын талқылады.
Сарапшылардың пікірінше, киберқылмыспен тиімді күресу үшін құқықтық шаралармен қатар, азаматтарды ерте жастан цифрлық қауіпсіздік негіздеріне үйрету маңызды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында өңірде тіркелген алаяқтық деректері 17,5%-ға, ал интернет-алаяқтық жағдайлары 14,5%-ға азайған. Дегенмен, алаяқтар азаматтарға банк қызметкерлері ретінде хабарласып, жалған интернет-дүкендер арқылы алдау әрекеттерін жалғастыруда.
Полиция өкілдері тұрғындарды бейтаныс адамдарға жеке және банк деректерін бермеуге, күмәнді қоңыраулар кезінде байланысты дереу тоқтатуға және құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.
Конференция қорытындысында қатысушылар киберқылмыстың алдын алу үшін мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және ғылыми қауымдастықтың өзара ынтымақтастығын күшейту қажеттігін атап өтті.

