Республика күні – елдігіміздің айғағы, тәуелсіздігіміздің бастауы!
25 қазан – күнтізбедегі жай ғана дата емес. Бұл – қазақ елінің өз болашағын өзі айқындауға жасаған тарихи қадамын, мемлекеттілік жолындағы саналы таңдауын және азаттыққа деген ұмтылысын айшықтайтын ерекше күн.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашқан, ұлттық мемлекеттілігіміздің негізін бекіткен тарихи белес болды. Тәуелсіздікке бастар жол дәл осындай батыл шешімдер мен тағдырлы қадамдардан басталды.
Арада жылдар өтті. 2009 жылы Республика күні мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталса, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен оның мәртебесі қайта қалпына келтірілді. Сол жылдың маусым айында Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында бұл бастама көтеріліп, қыркүйек айында заңнамалық өзгерістер қабылданды. Осылайша, 25 қазан ұлттық мереке мәртебесіне қайта ие болды.
Менің ойымша, бұл шешімнің мәні күнтізбедегі бір күнді қайтарумен ғана шектелмейді. Бұл – тарихи жадымызды жаңғырту, мемлекеттілігіміздің бастауларын терең түсіну, ұрпақ санасына елдік пен жауапкершілік ұғымдарын сіңіру.
Республика күні – өткенімізге тағзым етіп, бүгінімізді бағалап, болашағымызды бағамдайтын күн. Өйткені ел болу – тек тәуелсіздікке ие болу емес, сол тәуелсіздіктің қадірін білу, оны нығайту және келер ұрпаққа аманат ету.
2022 жылы бұл мерекенің қайта жаңғыруы қоғамға да үлкен міндет жүктейді. Патриотизм құр сөзбен емес, нақты іспен өлшенуі керек. Еліңе адал қызмет ету, туған жеріңді көркейту, қоғамға пайдаңды тигізу, мұқтаж жандарға қол ұшын созу, жастарға өнеге болу – Отанға деген сүйіспеншіліктің шынайы көрінісі. Мерекенің мазмұны да осындай игі істермен толыға түскені маңызды.
Республика күні – Қазақстанның жалғыз ұлттық мерекесі. Бұл мәртебе оның ел тарихындағы айрықша орнын, мемлекетіміздің қалыптасу жолындағы тарихи салмағын айқындайды.
Бүгінгі бейбіт өміріміз, елдігіміз бен бірлігіміз – бағалай білуді қажет ететін асыл құндылықтар. Ал мемлекетіміздің ертеңі әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымызға, адал еңбегімізге және ортақ болашағымызға деген жауапкершілігімізге байланысты.
Егемендігіміз еңселі, бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіреп, Қазақстанымыздың абыройы асқақтай берсін!
Ұлттық мереке – ұлт рухын көтеретін, елдік сананы бекемдейтін қасиетті күн.
Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! 🇰🇿
#RepublicDayKazakhstan #РеспубликаКүні
