Ақмола облысы энергетикалық профицитке дайындалуда: алдағы үш жылда не өзгереді?
2029 жылға қарай Ақмола облысы электр қуатының профицитіне шығуды жоспарлап отыр. Ол үшін өңірде тозған электр желілері жаңартылып, жаңа қосалқы станциялар салынып, электр энергиясын өндіретін өз көздерін іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Жобалар Көкшетау, Қосшы қалаларын және бірқатар ауылдық елді мекендерді қамтиды. Нақты жоспарлар туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақтбек Жапаев айтып берді.
Бүгінде өңірдегі электр желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 32 мың шақырымды құрайды. Соңғы екі жылда 5 мың шақырымнан астам электр желісі мен 1300-ге жуық қосалқы станция жөндеуден өтті. Нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 62%-дан 59%-ға дейін төмендеді. Алдағы уақытта тағы 75 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткішті 57%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Басты міндеттердің бірі – электр энергиясына деген сұраныстың артуын қамтамасыз ету. Әсіресе Көкшетау, Қосшы қалаларында, Бурабай, Аршалы және Бұланды аудандарында тұрғын үй құрылысы мен кәсіпорындардың дамуына байланысты электр тұтыну көлемі өсіп келеді.
Көкшетау қаласындағы «Көкше» қосалқы станциясының қуатын екі автотрансформаторды ауыстыру арқылы 250-ден 380 МВА-ға дейін арттыру көзделген. Жұмыстарды келесі жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл облыс орталығын, сондай-ақ Бурабай және Зеренді аудандарын қосымша электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қалада екі жаңа қосалқы станцияның жобасы әзірленуде, тағы екеуі жобалау сатысында.
Қосшы қаласында екі қосалқы станцияны реконструкциялау және алты тарату пунктін салу жобалары аяқталды. Сонымен қатар жаңа қосалқы станция салу көзделген. Бұл жобаларды іске асыру Астана агломерациясын дамыту жоспарларымен сабақтастырылады.
Ауылдық елді мекендерді электрмен қамтамасыз ету де жаңғырту жұмыстарының маңызды бағыты. Келесі жылы Аршалы ауданындағы Костомар, Целиноград ауданындағы Қажымұқан және Қоянды ауылдарында шамамен 400 шақырым электр желісінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Жоба 27 мыңға жуық тұрғынды қамтиды. Зеренді ауданында 31 елді мекенге жаңа электр желілерін тарту көзделген. Бұл 17 мың тұрғынның электрмен жабдықталуын жақсартуға мүмкіндік береді.
Электр энергиясын өндіру көлемін арттыруға да ерекше назар аударылып отыр. Бұл бағыттағы негізгі жоба – қуаттылығы 240 МВт болатын Көкшетау жылу электр орталығының құрылысы. Оны 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар 2027–2028 жылдары алты жаңа жел электр станциясын іске қосу көзделіп отыр. Қазір облыста жаңартылатын энергия көздерінің 19 нысаны жұмыс істейді. Оның 18-і – жел электр станциясы, біреуі – күн электр станциясы.
«Көкшетау ЖЭО-сының және жаңа жел электр станцияларының құрылысы электр желілерін жаңғыртумен қатар өңірде қажетті қуат қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл жаңа тұтынушыларды қосуға, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және өңірдің одан әрі дамуына жағдай жасайды. Біздің мақсатымыз – 2029 жылға қарай Ақмола облысында электр қуатының профицитіне қол жеткізу», – деп атап өтті Бақтбек Жапаев.

