«Бізден сұраңыз. Біз қасыңыздамыз!»: ІІМ отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы республикалық акция бастады
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсету мақсатында Threads әлеуметтік желісінде «Бізден сұраңыз. Біз қасыңыздамыз!» атты республикалық акцияны бастады.
Акцияның негізгі мақсаты – отбасындағы зорлық-зомбылыққа тап болған немесе осындай жағдайдың куәсі болған азаматтарға көмек көрсету, олардың өтініштерін тыңдау және тиісті шаралар қабылдау.
Енді азаматтар Threads әлеуметтік желісі арқылы өздерін толғандырған мәселелер бойынша өтініш қалдырып, сұрақтарына жауап ала алады. Қажет болған жағдайда полиция қызметкерлері көрсетілген мекенжайға барып, заң аясында тиісті шаралар қабылдайды.
Сонымен қатар, өтініш білдірушілер өз мәселелері бойынша кеңес пен түсіндірме алу мүмкіндігіне ие. Акцияға өзге де мемлекеттік органдар, қоғам өкілдері, дағдарыс орталықтары мен Отбасын қолдау орталықтары қатысып, өтініштерді өз құзыреті шегінде қарайтын болады.
Отбасындағы зорлық-зомбылық – үнсіз қалуға болмайтын мәселе. Әрбір азамат көмек сұрауға құқылы, ал әрбір өтініш назардан тыс қалмауы тиіс.
«Бізден сұраңыз. Біз қасыңыздамыз!» акциясы – азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты нығайтуға, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған маңызды бастама.

