«Әділет» партиясының сарапшылар алаңында Президент Жолдауындағы цифрлық басымдықтар талқыланды

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу, жаңа жұмыс орындарын ашу және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелері «Әділет» партиясының сараптамалық сессиясында талқыланды.

Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, партия өкілдері, жауапты мемлекеттік органдардың, IT-компаниялардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі – Екібастұз қаласында деректерді өңдеу орталықтарының кешенін құру жобасы. Бірінші кезеңде құрылыс жұмыстары барысында 2 мыңнан астам уақытша жұмыс орнын ашу, ал нысан толық іске қосылғаннан кейін 240-тан астам тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жоба қуаты 1 ГВт-қа жеткен жағдайда тұрақты жұмыс орындарының саны 1 500-ден асуы мүмкін.

Сонымен қатар ауылдық елді мекендерде заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған «Цифрлық ауыл» жобасы қарастырылды. Оның аясында 20-ға жуық бастаманы іске асыру, сапалы интернет байланысын қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттыру көзделген.

Кездесуде жасанды интеллект саласында кадр даярлау мәселесіне де назар аударылды. 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған AI Earners жобасы азаматтарға жасанды интеллект құралдарын тегін меңгеріп, оларды табыс табу үшін қолдануға қажетті тәжірибелік дағдыларды игеруге мүмкіндік береді.

Бұл бастамалар цифрлық экономиканы дамытуға, жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған.