«Ұрпақтар сабақтастығы»: Жолдау – ортақ мақсат пен жауапкершіліктің бағдары
Зеренді ауданында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі бағыттарын талқылауға арналған «Ұрпақтар сабақтастығы» атты мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараға аудандық Билер алқасының мүшелері мен жастар өкілдері қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген басым міндеттерді кеңінен түсіндіру, олардың қоғам дамуындағы маңызын талқылау, сондай-ақ аға буын мен жас ұрпақ арасындағы өзара байланысты нығайту.
Басқосу барысында қатысушылар Жолдауда айқындалған елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық тұрақтылықты сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру және өскелең ұрпақтың әлеуетін дамыту мәселелеріне тоқталды.
Билер алқасының төрағасы С.Баймурзин өз сөзінде халқымыздың дәстүрлі даналығы мен өнегелі тәрбиесінің бүгінгі қоғам үшін маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, үлкенді құрметтеу, әділдік пен адалдықты ту ету, бірлік пен татулықты сақтау сияқты құндылықтардың жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылды.
Ал жастар өкілдері ел болашағына бейжай қарамай, Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді жүзеге асыруға өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін білдірді. Сонымен қатар білім алу, еңбек ету, қоғамдық өмірге белсенді араласу және ел алдындағы жауапкершілікті сезіну әрбір жас азаматтың басты ұстанымы болуы қажеттігі айтылды.
Пікір алмасу барысында ұрпақтар сабақтастығы тек ұлттық дәстүрді сақтау ғана емес, сонымен қатар қоғамның рухани тұтастығын қамтамасыз ететін маңызды құндылық екені атап өтілді. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен жастардың жаңашыл көзқарасы өзара ұштасқанда ғана ел дамуына тың серпін беруге болады.
«Ұрпақтар сабақтастығы» атты кездесу өзара пікір алмасуға, маңызды мәселелерді ортақ талқылауға және жастардың азаматтық ұстанымын нығайтуға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтып, ел болашағы үшін ортақ жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.

