Департаментке жүгінгеннен кейін сатып алушыға жеткізілмеген, бірақ алдын ала төленген тапсырыс үшін 87 820 теңге қайтарылды

Сатып алушы маркетплейс арқылы рәсімделіп, ақысы алдын ала төленген тапсырысты алу кезінде қиындыққа тап болған. Өз құқықтарын қорғау үшін жүгінгеннен кейін оған ақшалай қаражат толық көлемде қайтарылды.
2026 жылғы 10 қыркүйекте сатып алушы маркетплейс арқылы бірнеше тауарды — ноутбук, флешка және жапсырмаларды жалпы 87 820 теңгеге сатып алып, ақысын төлеген.
Тапсырыс Ақмола облысындағы тауар беру пунктіне жіберілген. Алайда сатып алушының айтуынша, тапсырыс рәсімделгеннен кейін аталған тауар беру пунктінің іс жүзінде жұмыс істемейтіні анықталған: ғимарат жабық әрі қараусыз қалған. Осы жағдайды растау мақсатында сатып алушы фотофиксация жүргізген.
Тапсырыс толық төленгеніне қарамастан, сатып алушы сатып алған тауарларын ала алмаған. Бұл ретте мобильді қосымшада тапсырысты сақтау мерзімі 2026 жылғы 28 қыркүйекке дейін белгіленген.
Сатып алушы маркетплейстің қолдау қызметіне жүгінген, алайда оның айтуынша, негізінен автоматтандырылған жауаптар алған. Ақысын төлеген тауарды алу мүмкін болмағандықтан, сатып алушы өз құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.
Өз өтінішінде сатып алушы іс жүзінде жұмыс істемейтін тауар беру пунктіне жеткізуді тоқтатуды, төленген ақшалай қаражатты толық көлемде қайтаруды және тапсырысты автоматты түрде қайтару кезінде қаражаттың ұсталып қалуына жол бермеуді сұраған. Себебі тапсырысты көрсетілген мекенжай бойынша алу сатып алушыға байланысты емес себептермен мүмкін болмаған.
Өтініштен кейін мәселе реттеліп, сатып алушыға 87 820 теңге көлеміндегі ақшалай қаражат толық қайтарылды.
Осылайша, жағдай оң шешімін тауып, сатып алушыға ақшасы толық қайтарылды. Қазіргі уақытта аталған мәселе бойынша сатып алушының шағымы жоқ.
Бұл жағдай тұтынушылардың ақысын алдын ала төлеген тауарын өздеріне байланысты емес себептермен ала алмаған жағдайда, өз құқықтарын уақтылы қорғауға жүгінудің маңыздылығын көрсетеді. Сонымен қатар төлемді растайтын құжаттарды, қолдау қызметімен хат алмасуды, сондай-ақ туындаған мәселені растайтын фото және бейнематериалдарды сақтап қою маңызды.