Ғылым өмірі, ғылым жолы.

Маңғыстау аймағында жоғары білім беру саласының негізі қаланып, маман даярлаудың басталғанына биыл 50 жыл толды. Осы айтулы датаға орай Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде түрлі іс-шаралар бастау алды. Бұл іс-шаралар – келесі 2027 жылы атап өтілетін қазақтың біртуар перзенті, ірі геолог ғалым Шахмардан Есенұлы Есеновтың 100 жылдық мерейтойына дайындықтың алғашқы баспалдағы.
Шахмардан Есенов өз дәуірінің көрнекті тұлғасы болды. Ол – жер қойнауы байлықтарын зерттеуші дарынды маман, Қазақстандағы геологиялық қызмет пен академиялық ғылымды талантты ұйымдастырушысы, сондай-ақ халықаралық ғылым әлемінде танымал қоғам және мемлекет қайраткері. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын, жасампаз қуатын туған елі мен халқына арнаған академиктің есімі отандық ғылым тарихында алтын әріптермен жазылған. Табиғи дарыны, ерекше болмысы мен тынымсыз еңбекқорлығы Ш.Есеновті жастығына қарамай-ақ қызмет баспалдақтарының биігіне көтеріп, халық арасындағы абыройын асқақтатты.
Академиктің Маңғыстау мұнайын ашуда және оны ел игілігіне пайдалануға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Жер қойнауынан байлық игерудің қаншалықты күрделі екенін сала мамандары жақсы біледі. Осы бір жауапты іске білегін сыбана кіріскен Шахмардан Есенұлы асқан қажыр-қайрат пен көрегендік танытты.
Осы қасиеттерінің және мақсаткерлігі мен табандылығының арқасында Қазақстанда көптеген кен орындарының ашылуына үлес қосты. Соның ішінде, мұнай мен газды іздестіру жұмыстарының дұрыс бағыттылығы қысқа мерзім ішінде Маңғыстау түбегінде бірегей мұнай және газ кен орындарын ашуға мүмкіндік берді. Қазір Жетібай, Өзен, Қаламқас, Қаражанбас, Солтүстік Бозашы, т.б. мұнай кен орындары бүкіл әлемге белгілі.
Бұл үрдіс кейіннен Қарашығанақ пен Қашаған секілді алып кен орындарының ашылуына даңғыл жол салып, мұнай-газ саласын егемен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының басты локомотивіне айналдырды.
Ұлы ғалым көзі тірісінде жастардың тәрбиесі мен өсіп-жетілуіне ерекше көңіл бөліп, олармен әрдайым тең дәрежеде тілдесетін. «Әрдайым қолдан келсе жақсылық жасауға тырысу керек, жастар – біздің келешегіміз», – деп отыратын ол Ғылым академиясының кадрлық әлеуетін арттыруға, әсіресе жас буынның ғылымға келуіне зор үлес қосты.
Ш.Есеновтің көп уақытын Академия президенттігі мен Қ.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының директорлығы сияқты жауапты басқару қызметтері алса да, ол геология және жер қойнауын барлау проблемаларын теориялық зерттеумен терең айналысуға уақыт таба білді. Оның: «Менің жанымның туы – Қазақстан, жанымның әні – геология», – деген қанатты сөзі ғылымға деген шексіз махаббатының айқын белгісі еді.
Әрине, өмірі тек жеңістер мен қуаныштан, «көктем мен жаздан» ғана тұрған жоқ. Оның жанын жаралап, жүрегін ауыртқан сындарлы сәттер мен «күз бен қыс» та аз болмады. Бірақ ол қайсар мінезімен еш мойымады, қиындыққа басын имеді. Ғылымның гүлденуі, экономиканың дамуы үшін жасаған тынымсыз еңбегі мен белсенді қоғамдық қызметі оны ұлттық деңгейдегі ірі қайраткер ретінде тарих сахнасына шығарды.
Ұлы ғалымның Маңғыстау өңірін дамытуға қосқан осы ерен еңбегі ескеріліп, оның есімі мәңгілікке қалталды. Бүгінде Маңғыстау түбектің бас қаласы Ақтауда академик Шахмардан Есеновтің атындағы Каспий технологиялар және инженеринг университеті жемісті жұмыс істеп тұр.
«Азаматтың аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді дана халқымыз. Шахмардан Есеновтің есімі мен ерен еңбегі ел есінде, тарихта және өзінің атындағы қара шаңырақ – Есенов университетінің қабырғасында білім алып жатқан жас ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталады.

Ләззат НҰРШАХАНОВА,
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инженеринг университетінің профессоры.

Дереккөз: «Жаңаөзен» газеті