Тоқаев: Ресеймен сауда-саттық Орталық Азия елдерінің барлық тауар айналымының үштен бірін құрайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысты.

Тоқаев өз сөзінде өңір елдері мен Ресейдің одан әрі көпжақты және екіжақты өзара іс-қимылының өзекті бағыттарын атап өтті. Ол индустриялық саладағы сауда мен кооперацияны дамытуды бірінші кезектегі міндет деп атады.

Президент бірінші саммитте экономикалық ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастыруға кірісу туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін еске салды.

– Алғашқы саммитте экономикалық ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастыру бағытында жұмыс істеуге келіскен едік. Бүгін қабылданатын Бірлескен іс-қимыл жоспары 50-ден аса шараны қамтиды. Бұл – өте құнды құжат. Сол себепті оны уақтылы іске асыруға барынша күш жұмылдыру қажет. Орталық Азия елдерінің Ресеймен сауда көлемі барлық тауар айналымының үштен бірін құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 20 пайыз өсіп, 50 миллиард доллардан асты. Аталған көлемнің жартысынан көбі Қазақстан мен Ресей арасындағы саудаға тиесілі. Былтыр оның көлемі 28 миллиард долларға жетті. Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына енді. Инвестиция көлемі 26 миллиард доллардан асты. Былтырдың өзінде Ресейден тікелей келетін инвестиция ағыны 33 пайыз ұлғайып, 4 миллиардтан аса долларға көбейген. Оған өнеркәсіп кооперациясын жедел дамыту мүмкіндік берді. Жалпы құны 21 миллиард долларды құрайтын 114 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта 33 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Оның инвестиция көлемі 4,5 миллиардтан астам долларды құрайды, – деді Мемлекет басшысы.