Тоқаев “Солтүстік-Оңтүстік” дәлізінің шығыс тармағын инвестициялық және инфрақұрылымдық сүйемелдеу бойынша бірлескен бағдарламаны іске қосуды ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысты.
Қазақстан Президенті өз сөзінде ҚР Үкіметінің алдында өңірдің және жалпы еуразиялық кеңістіктің заманауи, қауіпсіз, тұрақты көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту мақсатында белсенді жұмысты жалғастыру міндеті тұрғанын атап өтті. 2030 жылға дейін 11 мыңды жөндеп, 5 мың шақырымнан астам жаңа темір жол салу жоспарлануда.
–«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің өткізу мүмкіндігін арттыру үшін нақты қадам жасалуда. 2030 жылға қарай Қызылорда қаласынан Ресей шекарасына дейінгі учаске төрт жолақты қозғалысқа ауыстырылады. Ресейлік және түрікмен серіктестерімізбен бірлесіп «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс тармағын дамытамыз. Бүгінде бұл бағытта тасымал көлемі айтарлықтай ұлғайғанын көріп отырмыз. 2027 жылға қарай аталған көлік жолының өткізу мүмкіндігін еселеу жоспары тұр. Былтырғы қорытынды бойынша ондағы жүк тасымалы 2,5 миллионға жуық тоннаны құраған. «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс тармағын инвестициямен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша бірлескен бағдарламаны іске қосу бағдардың әлеуетін толық ашуға әрі қажетті қаржыны тартуға септігін тигізер еді. Бұл бастамаға халықаралық қаржы институттарын, даму банктері мен инвестициялық қорларды тарта аламыз. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Ресей ведомстволары осы мәселені менің 12 қараша күні Мәскеуге жасайтын сапарымның алдында талқылауына болады. Оңтүстік Азия нарығына Ауғанстан арқылы өтетін көлік дәлізін дамыту жобасының да перспективасы зор. Бірлесе күш жұмылдырып, аталған мәселелерді жедел шешу үшін «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі аясындағы еуразиялық бағытты дамыту кеңесін құруды ұсынамын. Кеңесті елдеріміздің көлік ведомстволарының басшылары басқара алады. Оған мамандарды, сарапшылар мен кәсіпкерлерді мүше етуге болады, – деді Президент.
