Ана үшін ең басты құндылық – баласының бейбіт әрі қауіпсіз ортада өсуі. Сондықтан татулық пен өзара сыйластық біздің күнделікті тәрбиемізден басталады. Баланы кішкентайынан өзгеге құрметпен қарауға үйрету – ананың борышы. Бұл құрмет бірте-бірте түсіністікке айналады. Түсіністік сенімді қалыптастырады. Ал сенім отбасындағы ғана емес, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтады. Көпұлтты ортада өмір сүру мәдениеттілікті талап етеді. Осы мәдениетті ана тәрбиесі арқылы қалыптастыруға болады. Біз ұлт пен дінді бөліп-жармай, ортақ адамгершілік құндылықтарды алға қоямыз. Осындай тәрбие алған ұрпақ ел бірлігін сақтай алады. Аналар кеңесі қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдайды. Себебі бейбіт ел – әр ананың арманы. Гүлнар Ибраева – Зеренді ауданы аналар кеңесінің төрайымы
