Цифрлық жүйелер Ақмола облысы тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруда
Өңірде құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытында бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Негізгі басымдық цифрлық технологиялар арқылы құқық бұзушылықтарды ерте анықтау мен жедел әрекет етуге берілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Полиция департаментінің УОБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ерболат Хусаинов мәлімдеді.
Оның айтуынша, құқық бұзушылыққа бейім азаматтармен, сондай-ақ әлеуметтік осал отбасылармен және кәмелетке толмағандармен мақсатты профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Полицияның жергілікті атқарушы органдармен, білім беру ұйымдарымен және әлеуметтік қызметтермен өзара іс-қимылы күшейтілуде.
«Бүгінде құқық бұзушылықтарға тек әрекет ету ғана емес, олардың алдын алу аса маңызды. Цифрлық жүйелер қауіп-қатерлерді алдын ала анықтауға және шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Соның арқасында біз дер кезінде араласып, шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсете аламыз», – деп атап өтті Ерболат Хусаинов.
Жаңа нормалар профилактикалық есепке алу мен әкімшілік қадағалау тәртібін нақтылай отырып, азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, алкогольді ішімдіктерді тұтынуға және қоғамдық тәртіпті бұзуға байланысты құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілуде. Сонымен бірге әлеуметтік және оңалту қолдауы шаралары да кеңейтілуде.
Цифрлық құралдарды енгізу нәтижесінде қылмыс деңгейін төмендету және тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру жоспарланып отыр.
