Менің ойымша, халықтар арасындағы достық биік мінберлерден айтылатын әдемі сөздерден басталмайды. Ол күнделікті өмірде, қарапайым әрекеттерден қалыптасады. Көршіге сәлем беру, өзге ұлттың салт-дәстүріне түсіністікпен қарау – үлкен татулықтың алғашқы қадамы деп есептеймін. Адамдар бір-бірін жақынырақ таныған сайын күмән мен үрейдің азаятынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ал қорқыныш азайған жерде сенім пайда болады. Сенім болса, адамдар да, тұтас халықтар да бір-біріне жақындай түседі. Бір елде өмір сүріп жатқан әртүрлі ұлттардың тағдыры ортақ екенін түсіну маңызды деп ойлаймын. Себебі қуаныш та, қиындық та бәрімізге бірдей әсер етеді. Осындай сын сәттерде шынайы бірліктің бар-жоғы байқалады. Егер адамдар бір-біріне қолдау көрсете алса, қоғам әлдеқайда мықты болар еді. Мен достықты жасанды ұранмен өлшеуге болмайды деп санаймын. Ол адалдық пен шынайылықты талап етеді. Сондықтан халықтар арасындағы келісім әр адамның өз жүрегінен, ішкі ниетінен басталуы керек.
Серік Баймурзин – Зеренді ауданы билер алқасының бас биі