Қазақстандағы халықтар достығы мен қоғамдық келісім – бұл тарихи қалыптасқан құндылық қана емес, күн сайын нақты әрекет арқылы нығаятын тірі үдеріс. Жастармен жұмыс істей отырып, мен бір шындықты анық түсіндім: келісім кездейсоқ пайда болмайды, ол ортақ жауапкершілік пен бірлескен тәжірибенің нәтижесі. Әртүрлі этнос өкілдері бір мақсат жолында еңбек еткенде, олардың арасында сенім қалыптасады, ал сенім бар жерде бөліну болмайды. Жастар ресурстық орталықтарының рөлі де дәл осы тұста айқын көрінеді — біз жастарды тек белсенділікке емес, өзара сыйластыққа, тыңдай білуге және қоғам алдындағы ортақ жауапкершілікке тәрбиелейміз. Бүгінгі жастар келісім мәдениетін бойына сіңірсе, ертең ел бірлігі берік болады, ал берік бірлік – Қазақстанның тұрақты дамуының басты кепілі. Данияр Жетписов – Зеренді ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы