«Президент ұсынған конституциялық өзгерістерді тек қана жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асыру бастамасы да – біздің аймақ үшін маңызды шешімдердің бірі. Көптеген лауазымды тұлғалардың қызметіне қатысты бір реттік мерзім белгілеу де – Ата Заң жобасындағы маңызды жаңашылдықтың бірі», – деп түсіндірді Мемлекеттік Кеңесші.
Сондай-ақ, Мемлекеттік Кеңесші атап өткендей, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, қоршаған ортаны – табиғатты аялау, волонтерлік, ата-аналарға жауапкершілік секілді қоғамдық дамуда пайда болып отырған жаңа талаптар, құндылықтар жаңа Ата Заңда қамтылды. Бұл да жаңа Конституцияның қоғамның қазіргі жағдайына, даму деңгейіне сәйкес екенін көрсетеді.
«Жаңа Ата Заңдағы бірқатар саяси және институционалдық жаңашылдықтар аймақтағы және әлемдік конституциялық тәжірибеде сирек кездеседі. Түйіндеп айтқанда, басқа елдердің Конституциясын көшіру, қайталау – біздің жолымыз емес. Керісінше, келешекте Қазақстан жаңа Конституция арқылы өзге елдерге өзіндік үлгі, бағдар болмақ» – деп қорытындылады сөзін Ерлан Қарин.
