⚡️ Жаңа Конституцияны 30 жыл бұрынғыдай 12 адам емес, 130 адам әзірлеп жатыр – Ерлан Қарин

🔹Мемлекеттік кеңесші «Дамушы елдердің тексерілген, уақыт сынынан өткен Конституциясын неге көшіріп ала салмаймыз?» деген сұрақтың жиі қойылғанын атап өтті.

– Біріншіден, Конституция әр елдің өз болмысына сай қалыптасады. Ал мемлекеттердің тарихы, мәдениеті, тілі, саяси жүйесі, бүгіні мен болашағы бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Сондықтан, Германияда, Францияда, Жапонияда немесе АҚШ-та жұмыс істейін нормалар Қазақстанға мүлдем келмейді. Аталған елдер де Конституцияны бір-бірінен көшіріп отырған жоқ қой. Мәдениеті, экономикасы, саяси жүйесі ұқсас мемлекеттердің өзі Конституцияны бір-бірінен көшірмейді. Ендеше мәдениеті, салты, қоғамы бөлек Қазақстан неге көшіруі керек, – деді Е. Қарин елордада Конституциялық сот ғимаратында.

🔹Оның айтуынша, өзге елдерде мәдениетіміз бен құндылықтарымызға мүлдем қайшы нормалар бар. Ал Жаңа Ата заңда оларға тосқауыл қойылып, зайырлық, неке сияқты нормалар қамтылған. Ата Заң – жай ғана мәтін емес, сол қоғамның қалыптасқан ішкі дүниетанымы, моральдық нормалар жиынтығы.

– Біз өз тағдырымызды, өз болашағымызды өзіміз анықтаймыз. «Кімбіз? Қайда барамыз?» деген сұрақтарға өзге біреу сырттан емес, өзіміз тікелей жауап береміз. Оны жаңа преамбулада жариялап отырмыз. Бұған дейін 1995 жылғы Конституцияны 12 адамнан тұратын Сарапшылық кеңес әзірлегенін айтқан едім. Сондағы 12 адамның үшеуі – шетелдік сарапшылар. Әрине, олар әлемдік құқық нормаларын жақсы білген мамандар шығар. Бірақ, біздің елдің тарихын, мәдениетін, болмысын қаншалықты жетік білетінін кесіп айта алмаймыз, – дейді Мемлекеттік кеңесші.

ℹ️ @qazaqparat_kz