Бүгінде елімізде талқыланып жатқан Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасы – мемлекет дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат. Бұл өзгерістер қоғамның әр саласына әсер етіп қана қоймай, ең алдымен отбасы институтын, ана мен баланың қорғалуын, ұрпақ тәрбиесінің сапасын нығайтуға бағытталған.
Аналар кеңесі әрқашан қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің тірегі саналатын отбасының маңызын алға қояды. Себебі тәрбиенің бастауы – шаңырақ. Ал мемлекет тарапынан отбасыға, әйелдер мен балаларға көрсетілетін қолдау деңгейі елдің өркениеттік даму өлшемі болып табылады.
Жаңа Конституция жобасында азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуы күшейтіліп, әділетті қоғам құру қағидаттары айқын көрініс тапқан. Бұл – аналар үшін ерекше маңызды. Өйткені әр ана өз баласының қауіпсіз, білімді, мәдениетті қоғамда өмір сүргенін қалайды. Конституциялық өзгерістер осы сенімді нығайтып, болашақ ұрпақтың мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Біздің міндетіміз – қоғамда келісім мен өзара құрметті сақтау, жастарға дұрыс бағыт көрсету және ел болашағына бейжай қарамау. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция – тек заңнамалық құжат емес, ол ұлттық бірлік пен жауапкершіліктің символы.
Аналар кеңесі барлық азаматтарды ел тағдырына бейжай қарамай, қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуға шақырады. Өйткені әр отбасының бақыты мен тұрақтылығы – бүкіл Қазақстан мемлекетінің беріктігінің негізі.
Г.Ибраева – Зеренді ауданы Аналар кеңесінің төрайымы
