Еліміз үшін аса маңызды саяси кезеңде Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын талқылау – әр азаматтың жауапкершілігін талап ететін тарихи үдеріс. Мемлекеттің басты заңы – қоғамның дамуы мен тұрақтылығының негізі. Сондықтан ұсынылып отырған өзгерістер ел болашағын айқындауда ерекше мәнге ие.
Зеренді ауданы Ардагерлер кеңесі мүшелері Конституция жобасымен мұқият танысып, оның негізгі бағыттарын қолдайтынын білдіреді. Ұсынылып отырған нормалар мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтып, заң үстемдігін күшейтуге, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Ардагерлер – ел тарихының куәгерлері ғана емес, қоғамдағы бірлік пен сабақтастықтың тірегі. Біз үшін тәуелсіздік құндылығы, тұрақтылық пен татулық – ең басты байлық. Осы тұрғыдан алғанда, алдағы референдум – әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігін көрсететін маңызды қадам.
Зеренді ауданының Ардагерлер кеңесі тұрғындарды референдумға белсенді қатысуға шақырады. Өз таңдауымыз арқылы біз мемлекетіміздің ертеңін айқындаймыз, ұрпаққа берік құқықтық негіз қалдырамыз.
Ел бірлігі нығайып, реформалар табысты жүзеге аса берсін!
З.Қазияқпарова – Зеренді ауданы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары
